Популярные тэги

Жошы ұлысын ұлықтау кімге керек? Соңғы жылдары іске асқан жобалар

Соңғы жылдары Қазақстан тарихын қайта жазуға, әсіресе, Алтын Орда кезеңін, Жошы ұлысы дәуірін тереңірек зерттеуге, насиахттауға мемлекет деңгейінде айрықша ден қойылып жүр.


26/03/2025
20:26 1310 0

Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты

 

Басшылығының айтуынша, институт мақсаты – Қазақстан тарихының үстірт зерттелген екі кезеңі – Алтын Орда кезеңі мен Қазақ хандығының тарихын тереңірек зерделеу. Орталық  мамандары Жошы ұлысының пайда болуынан бастап (1224-1225 жж.), Жошының ұрпағы – қазақтардың соңғы ханы Кенесары басқарған 1847 жылға дейінгі аралықты қамтуы тиіс.

 

Орталықтың ғылыми құрамында кәсіби тарихшылар, бірқатар шығыстанушылар, «Тарих» мамандығы бойынша магистратурада, докторантурада оқитын жас қызметкерлер бар.

 

Жақсылық Сәбитов: Ортағасырлық түркі дәуірі – адамзат тарихындағы ұлы кезең

 

 Жошы институтының директоры  Жақсылық Сәбитов

 

ҒЗИ директоры, PhD докторы Жақсылық Сәбитовтің сөзінше, алғашқы қаржыландыру 2023 жылдың ақпанында басталған. Институт ғалымдары айналысқан алғашқы ғылыми жоба –Шағатай ұлысы мен Моғолстан тарихын зерттеуге, сондай-ақ Хайду ұлысын зерттеуге арналған бағдарламалық-мақсатты жоба. Жоба аясында 10-ға жуық кітап дайындалыпты: кейбір дереккөздердің аудармалар жинағы, Шағатай ұлысының тарихына арналған кітап, Моғолстан мемлекетіне арналған кітап, көрнекті саяси қайраткерлерге, Шағатай ұлысының, Өгедей ұлысының, Хайду ұлысының және Моғолстан мемлекетінің тарихи тұлғаларына арналған энциклопедия.

 

Биылғы жоспар бойынша ғалымдар Қазақ хандығының тарихы бойынша жобаны, сондай-ақ Қазақстандағы ұлттық құрылымның тарихи жады мен саясаты жөніндегі жобаны аяқтауы тиіс. 2026 жылы орталықтағылар Алтын Орда тарихына арналған жобаға кіріспек.

 

 «Жошы хан» тарихи драмасы

 

 

«Жошы хан» спектаклі 

 

2023 жылғы маусымда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында «Жошы хан» спектаклінің премьерасы болды.

 

Драма авторы – жазушы-драматург Думан Рамазан. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Қойылымда  Жошы хан рөлін театрдың жас актері Қайыржан Садықов ойнайды. Шыңғыс хан бейнесін екі құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асылбек Қапаев пен Жанқалдыбек Төленабаевтар сомдайды.

 

Спектакльдің бірінші бөлімі хандық ішіндегі жанжалға айналу қаупі бар Үргеніш қаласын алу кезінде Шағатай мен Жошы арасындағы қарама-қайшылықтан басталады. Сюжеттің өн бойында Шыңғыс ханның ұлдарының татуласуы және жаулардың ағайындыларды араздастыруға тырысу әрекеттерінің сәтсіздігі туралы баяндалады. Қойылымның екінші бөлімінде Қазақ Ордасының негізі қаланған дәуір көрсетілген.

 

Тарихи драманың тұсаукесеріне Тоқаевтың өзі арнайы барып қатысты. Қойылымның ұнағанын, тақырыбының өте маңызды, өзекті екенін, тілі, мәтіні өте жақсы жазылғанын атап айтты. Мұнымен қоса, дәл тұсаукесер кезінде президент Қ.Қуанышбаев театрына Ұлттық мәртебе берді.

 

Драма авторы туындысын тапсырыспен жазбағанын айтыпты.

 

«Мен тапсырыспен көркем шығарма жазбаймын. Өздеріңіз білесіздер, бұдан бұрын «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» тарихи драмаларын жаздым. Олардың барлығы театр сахналарында қойылды. Енді осы хандар тақырыбын Жошы ханмен түйіндегіміз келді.

 

...Алдымен қазақ халқының тәуелсіздігі үшін алып империямен жан аямай алысып, сол қасиетті жолда ғазиз басын құрбан еткен ұлы Кенесары бабам туралы жаздым. Ұлы ханның асыл сүйегін іздедім. Рухын жоқтадым. Сол асқақ рухтың қайта оралуын аңсадым. Қазақ ұлтының асқақ рухы Кенесарымен бірге құрдымға кеткендей, жоғалғандай, өшкендей көрінетін. Үш ғасыр талмай жырлаған өтірік «достықты» бытшыт қылғым келді. Қазақтың Ресейге өз еркімен қосылмағанын дәлелдегім келді. «Ұлы» халықтың қазаққа жасаған жауыздығын, озбырлығын, зұлымдығын, қиянат-қысастығын барынша ашып көрсеткім келді», – дейді ол сұхбаттарының бірінде.

 

«Жошы хан» тарихи романы

 

Тоқаевтың пәрменінен кейін Жошы туралы көркем шығарма да жазылды. Жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы жұртқа өткен жылдың сәуірінде таныстырылды. Шығармаға «қазақ және әлем әдебиетіндегі Жошы хан жайлы жазылған тұңғыш роман» деген айдар тағылды.

 

«Төрт жылға созылған ізденістің, бес ай бойы жазу үстелінде тапжылмай отырған табанды еңбектің нәтижесі – міне, алдарыңызда! «Фолиант» баспасынан «Жошы хан» тарихи романым жарық көрді. Қаһарлы Шыңғыс дәуірін, Жошы ұлысының құрылуы барысындағы қым-қиғаш оқиғалар мен қанды жорықтарды төгілте суреттеуге тырыстым. Жаңа ұрпаққа жаңа, шынайы тарих керек! Өзгелер сызып берген шеңберді қирататын шақ келді» деп жазды автор.

 

Романды жазу барысында автор Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-таурих» бес томдығы мен Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан және оның заманы» атты деректі тарихи хикаялар томдығындағы деректерге сүйенген.

 

Жошы ұлысының тарихы Ұларбек Дәлейұлын қатты шабыттандырса керек, жазушы екі айдан кейін балаларға арналған «Жошы хан кім?» атты кітабын шығарды.

 

Ағылшын тіліндегі сериал

 

Бірер апта бұрын түркиялық Karga Seven Pictures киностудиясы Жошы ханның өміріне арналған алты сериядан тұратын ағылшын тіліндегі гибридті деректі-драмалық телехикая түсірілімін бастады. Тапсырыс беруші –  Dara президенттік бастамалар қоры.

 

Karga Seven Pictures – 90-нан астам елде Netflix-тің үздік 10 телехикаясы қатарына енген  Rise of Empires: Ottoman және Testament: The Story of Moses хикаялары сияқты ірі тарихи деректі драмаларды түсірген белгілі компания. Ақпанда компаниясының тең құрылтайшылары Эмре Сахин мен Фикрет Маноглу қазақстандық шенеуніктермен кездесіп, сериалдың 6 эпизодының сценарийлері мен басты рөлдерге актерлік құрамын бекіткен.

 

Dara президенттік бастамалар қорының дерегінше, 4 000-нан астам өтінімнің ішінен 350 актер іріктелген. Олардың арасында 250 қазақстандық және Швеция, Бельгия, Англия, Германия, АҚШ, Моңғолия елдерінен 100 әртіс бар.

 

Бастапқыда Қазақстанда сериал түсірілімінің тек 40%-ы өтеді деп жоспарланған. Алайда сериалды түсірушілер локацияларды жан-жақты зерттеген соң, түсірілімді толығымен елімізге көшіруді ұйғарған көрінеді.

 

Жошы хан ұлысының 800 жылдығына орайластырылған сериалдың сценариін дайындауға Джастин Поллард («Викингтер»), Клэр Мурсом («Заң­нан тыс патша») сияқты танымал сценаристер, сондай-ақ қазақстандық және халықаралық тарихшылар мен сарапшылар қатысқан.

 

Деректі драма халықаралық аудиторияның Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді дейді жоба авторлары. Десе де, қазақстандық өнер қайраткерлері шетелдік компания Қазақстан тарихын ұшпаққа шығара аларына сеніңкіремейді.

 

«Осы фильмді түсіруге қазақтан бір жазушы табылмағанына, қазақтан бір тарихшы ғалым немесе режиссер, сценарийст шықпағанына қапалымын. Өз режиссерлерімізді ысырып тастап, сырттан келген біреуге ұстата салу тағы да өз азаматтарымызды кемсіту деп санаймын», -  дейді белгілі режиссер Талғат Теменов.

 

«Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» фильмі

 

 

Фильімнен үзінді

 

20 наурыздан бастап ел кинотеатрларында «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың әміршісі» атты фильм прокатқа шығады.

 

Журналист және продюсер Майя Бекбаеваның фильмі ҚР Президенті Телерадиокешенінің қолдауымен түсірілген. Автордың сөзінше, бұл – көркем фильм емес, деректі-көркем жоба, көркем сахналарды қамтитын журналистік авторлық жоба. Сценариі жарты жыл жазылып, бір ай дайындық жұмыстары жүргізіліп, түсірілім шамамен бір айда аяқталған.

 

Фильм режиссері – Архат Ордабай. Жошы хан рөлін – Шыңғыс Бейбітұлы, Шыңғыс ханды Болат Ұзақов сомдаған.

 

Фильм жұрт күткендей қазақ тілінде емес, орыс тілінде түсірілген. Қазақ тілі касса жинамайды деген қасаң түсініктің кері, шамасы. Алайда автор бұл шешім насихат шекарасын кеңейту ниетінен туғанын айтып ақталыпты.

 

«Орыс тілін таңдаған себебіміз, фильм платформалар мен Интернетте таралады. Біз картинаның кең орыстілді аудиторияны, соның ішінде ТМД елдерін қамтуына мүдделіміз. Сондай-ақ, бұл қазақ тілін білмейтін Қазақстанда тұратын орыс тілді аудиториямызға қажет. Олар біздің тарихымызды білуі маңызды», – депті Бекбаева бір сұхбатында.

 

Айтпақшы, журналист былтыр «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» атты кітап-альбомының тұсаукесерін өткізген. Туынды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Онда Жошы ханның мәдени және саяси мұрасы, сондай-ақ, қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы баяндалған. 

 

Кітап тұсаукесерінен кейін көп уақыт өтпей «Жібек жолы» арнасынан Майя Бекбаеваның «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың тарихы» атты деректі фильмі көрсетілді. Журналистің бұл тақырыпты індете зерттеп, қал-қадері жеткен барлық тәсілмен насихаттауының астарында ұлт ұпайын түгендеуден басқа қандай мүдде жатқаны өзіне ғана аян.

 

Деректі фильмер

 

Qazaqstan мен «Хабар» арналары да өткен жылы мемлекеттік тапсырыспен түсірілген Жошы жайлы деректі фильмдерін жарыса жариялады. Ұлттық арна эфирінен көрсетілген «Ақсақ құлан – Жошы хан» фильмнің авторы – Дархан Әбдік. Сценариін бастан-аяқ өзі жазып, өзі продюсерлік еткен. Режиссері – Алмас Әбдік. Бүгінгі күнге дейін анықталған тарихи деректердің бәрін жіпке тізген 43 минуттық деректі фильмде Жошы ұлысы мен Алашорда тарихы сабақтастырылған.

 

Абайдың» қонағы - Дархан Төленұлы Әбдік

 

«Ақсақ құлан – Жошы хан» фильмнің авторы – Дархан Әбдік

 

«Жошы әулеті қазақ халқымен күрделі жағдайларда ұзақ бітісіп қайнасты. Ажырамас бірлікке айналды. Өмірін Алаш жолында құрбан еткен Әлихан Бөкейхановтың тағдыры соның дәлелі», - деп түйіндейді автор.

 

«Хабар» арнасы түсірген «Жошы ұлысы» деректі фильмінде де құлақ үйренген тарихи дерек-дәйектің бәрі баяндалған. Ерекшелігі – оны таришысы, филологы мен өнертанушысы бар – ғалымдардың аузына салып берген. Сондай-ақ, «Ақсақ құлан» күйінің тарихына кеңірек тоқталған.

 

Музейдегі көрме

 

Алтын Орда кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» атты көрме ашылды ...

 

«Алтын Орда кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» атты көрме 

 

2025 жылдың ақпанында ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Алтын Орда кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» атты көрме ашылды.  Көрмеде  Орталық музейдің, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының, сондай-ақ «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының коллекцияларынан 300-ге жуық бірегей экспонат, Алтын Орда, Хорезм, Самарқан, Иран және басқа да өңірлерге тиесілі күміс дирхемдер мен мыс теңгелер ұсынылды.

 

Ұйымдастырушыларға көрмеге адам жинаумен шектелмеу міндеттелсе керек, ортағасырлық қала мәдениетін зерттеуші ғалымдар, реставраторлар, сәулетшілер және басқа да мамандардың басын қосып дөңгелек үстел де өткізіпті. Тақырыбы – «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұралары: қорғау, қайта қалпына келтіру және зерттеу мәселелері». Бөлінген ақша игерілгені, баяндамашылар қағазға қатталғанды мүдірмей оқығаны ғана белгілі. Жиында қандай жаңалық айтылып, нендей шешім ұсынылғаны жайлы дерек жоқ.

 

Оқулықтар қайта жазылады

 

Өткен жылдың қаңтарында сенатор Дархан Қыдырәлі Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, Қазақстан тарихы туралы мектеп оқулықтарын қайта жазуды ұсынды. Оның пікірінше, жаңа оқулықтарда «Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс».

 

Депутаттың сауалына берген жауабында премьер-министр Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік, отандық архивтер мен кітапханаларда жаңадан анықталған дереккөздерді пайдалана отырып, «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жеті томдық академиялық басылым әзірлеп жатқанын айтты.

 

Оның сөзінше, академиялық басылымның негізінде «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқулықтар әзірленеді. Оның аясында оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабына сай оқытылады дейді премьер.

 

Бұдан бөлек, үкімет басшысы Жошы ұлысының 800 жылдығын өткізу жөніндегі 30 іс-шарадан тұратын жалпы республикалық жоспар бекітілгенін атап өтті. Атап айтқанда, қалаларда Жошы ескерткішін орнату, Жошының өмірі, оның ұрпақтарының Жошы ұлысында билік құрған кезеңі туралы шағын кітаптар, комикстер шығару, ғылымипрактикалық конференциялар, семинарлар, конгресс, «Алтын Орда» энциклопедиясының таныстырылымын өткізу, экспедициялар ұйымдастыру қарастырылған.

 

Сұхбаттар

 

 

Еркін Әбілдің Qalam YouTube-арнасына берген сұхбатынан үзінді 

 

Желіде Алтын Орда кезеңі, Жошы ұлысының тарихы жайлы сұхбаттарды да аз емес. Соның бірі – Мәжіліс депутаты, тарих ғылымының докторы, профессор Еркін Әбілдің Qalam YouTube-арнасына берген сұхбаты.

 

Тарихшының пікірінше, Қазақ хандығын Жошы ұлысының тарихи кезеңдерінің бірі деп есептеуге болады.

 

«Жошы ұлысының қазақ тарихындағы орны ерекше. Мұны біз кеңес заманында айта алмай жүрдік. Бүгінгі таңда сол кезеңге нақты әрі шынайы баға беруге мүмкіндік пайда болып отыр. Жошы ұлысының құрамында қазақтар ұлт ретінде қалыптасып, өз алдында алып мемлекетке айналды.

 

Қазақ хандығының негізі XV ғасырда қаланды. Қазақ хандығын Жошы ұлысының тарихи кезеңдерінің бірі деп есептеуге болады. Демек Жошы ұлысының тарихы XIII ғасырда басталып, XIX ғасырда қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлымен аяқталады деген сөз», – дейді Е.Әбіл.

 

Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты:

 

– Біз Ресей империясының отары болған кезеңде тарихымыздан мүлдем айрылған халықпыз. Озбыр шовинисттердің бірі, тіпті, бірінші халықтық орыс революциясының дүмпуімен дүниеге келген Мемлекеттік дума мінберінен қазақтарды Шыңғысханның ұрпағы ретінде, Америкада үндістерді жойғандай тәсілмен қырып салуға шақырған болатын. Сондай көзқарастың сарқынымен үлкен көршіміздің саясатшылары әлі күнгі «қазаққа жер-суды біз сыйға бергенбіз» деп көкиді. Басқыншы империя көп жылдар бойы сіңірген құлдық сана салдарынан, ең арғысы, тәуелсіздігіміздің іргетасы монархия құлағаннан кейін өткен Екінші Жалпықазақ съезі автономия құрып, «Алаш-Орда»  үкіметін сайлаған 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда қаланғанын басқа түгіл өзіміз мойындай алмай келеміз.

 

Көрші ел көсемдерінің елдігімізді жоққа шығаруға білек сыбана кіріскеніне орай, әрең дегенде, «Қазақ хандығының» 550 жылдығын тойладық. Бұған да тәубе дедік, іс жүзінде бұл жәй ғана Қазақ хандығы емес, Ұлығ Ұлыстың – Алтын Орданың (Жошы ұлысының) – туған жерінде өз тарихи этностық атауымен шаңырақ көтерген Қазақ мемлекеттілігінің, Қазақ Ордасының мерейлі датасы болатын. Жошы ұлысына терең үңілудің астарында осындай ұлы отаншылдық, тарихыңның ұлылығын сезіну, шынайы тарихты аңсау сезімі жатыр. Алдағы уақыттарда қазақ мемлекетінің түп атасы болып табылатын түркі қағанаттарына үңілу де кезек тосып тұр. Жасаған Иеміз бізге құлдық психологиядан мәңгі арылып, әділетті, шыншыл тарихымызды қалпына келтіріп алуымызға жол ашуды, халқымыздың ұлылығын мақтанышпен ұлықтауды нәсіп етсін! 

 

Сайпулла Сапанов, тарих ғылымдарының докторы, Х. Б. Табылдиев атындағы «Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ҒЗИ директоры

 

– Жошы ұлысын ұлықтауға негіз болған факторлар қатарында  Ұлттық тарих және тарихи тұлға методологиясының қалыптасуын атап өту керек.  Бұл Жошы ұлысының құрылуы тарихы,  Жошы ұлысының мұрагері – Қазақ хандығы, Алтын Орданың мәдени орталығы болған Сарайшық каласына байланысты жаңа зерттеулерге тікелей байланысты.

 

XIII ғасырдың бірінші жартысындағы Шыңғыс хан империясы мен Жошы ұлысының құрылуы әлем тарихындағы ең көп талқыланатын мәселелердің бірі болып отыр. Осынау аумағы мен салдары бойынша аса зор мемлекеттің генезисі, өмір сүруі және ыдырауы бойынша кәсіби дайындалған жұмыстар әлі де кемшін. Ұлы мемлекетті құрған халықтар оған этникалық емес, саяси және бір жағынан, бір-бірін алмастырған ордаға жансыз саяси атау берді. Шыңғыс хан құрған империяның халқы толығымен моңғол тектес болды деген әбден жауыр болған ұғым бар.

 

КСРО тарихында азиялық халықтардың Алтын Орда, яғни Ұлық Ұлыс тарихымен ешқандай байланысын болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрі жасалды. Сондықтан болар, осы күнге дейін Ұлық Ұлыс тарихы кеңінен зерттелмегендіктен Шыңғыс ханың дүниеге келгені және шыққан тегі туралы әңгіме көп. Біреулер оның тегін қырғыздарға жатқызса, басқалары оны қазақ не болмаса бурят, не якутқа телиді.

 

Жошы ұлысы тарихы ұзақ жылдар бойына өз алдына жеке ғылыми тақырып ретінде зерттелмей келді. Бұрынғы 1944-1948 жылдары қабылданған қаулылардың шеңберінде жағымсыз сипатында, жарқын келешекке барар жолдағы үлкен кедергі құбыжық ретінде ұсынылып келді.

 

ХVII-ХІХ ғасырлардағы қазақ тарихы, алдымен, мемлекетімізді өзіне қосып алуға жанталасқан империялардың мақсат-мүддесіне сай зерттеліп, хаттала бастады. Осы кезеңнен бастап, Қазақ хандығы «Қырғыз-қайсақ даласы немесе ордасы», «жабайы көшпелілер елі» аталып, қазақ халқы атауы «қырғыз-қайсақ», қазақ жүздері «қазақ ордалары» тұрғысында өзгертіліп жазылды. Көршілес елдердің қазақ тарихын өз мүддесі үшін зерттеуге деген «құлшынысы» XVIII ғасырда ерекше көзге түседі.

 

Академик Б. Аяған, оның басты себебі I Петр тұсында қарқынды түрде басталған Азияны отарлау саясатында жатыр деп атап көрсетеді. Ресей иимпериясы XVIII ғасыр басында Қазақ хандығына жетіп, оны Азияға өтер көпір ретінде пайдалануды көксеген орыс саясаткерлері империяға іргелес халықтарды зерттеуді, оның нәтижелерін отарлау мақсатында пайдалануды мықтап қолға алды. Ғалымның пікірінше: «Шыңғыс ханның ұрпақтары қазіргі кезде тек қазақ халқының кұрамында сақталған. Кеңес кезеңінде көптеген сынақтар мен қудалауға ұшырағанына қарамастан, олар өздерін және өз тарихын сақтап қала білді. Мысалы, Шыңғыс тұқымдары Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының негізін қалады, Қасым, Ақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Жәңгір мен Абылай оның шекараларын нығайтып, кеңейтті».

 

Тарихи зерттеулердің нәтижесін әр түрлі насихат арналары арқылы өскелең ұрпақтың құлағына сіңіруге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Тарихи әділеттікті қалпына келтіріп, жердің, мемлекеттің иесі кім екенін шегелейтін кез келді.

Поделиться

Нет комментариев.

26/03/2025 20:26
1310 0

Уведомление