Жүктілер мен жасөспірімдерге салынатын Pfizer екпесіне қатысты 12 сұрақ

Вирусологпен бірге жауап бердік


23/11/2021
14:16 26976 0

Биылғы қарашадан бастап аяғы ауырлар, бала емізетіндер мен жасөспірімдерге АҚШ-тың Pfizer вакцинасы салына бастады. 23 қарашаға дейін олардың 35 мыңы салдырып үлгерді дейді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 

 

Вирусолог әрі Medsupport дәрігерлер қауымдастығының еріктісі Әсел Мұсабековамен бірге бала емізіп отырғандар, аяғы ауырлар мен 12-ден асқан балалардың ата-анасын мазалаған сұрақтарға жауап бердік. 

 

Бұрын жалпы вакцинацияға қатысты сұрақтарға жауап берген едік. Оқи отырыңыз. 

 

Жүктімін. Бұрын коронавирус жұқтырып ауырдым, вакцина алмасам бола ма? 

 

Вирустан айыққан барлық адам үш айдан кейін екпе салдырғаны абзал. Аяғы ауырлар екінші не үшінші триместрде салдырса болады. 

 

Аяғы ауырлар, әсіресе күні жақындап қалғандар коронавирус жұқтырса, қатты ауырады, кейін түрлі ауруға шалдығады. Одан бөлек, тағы да жұқтыруы ғажап емес. Онда әйел бұрыннан да қатты ауруы мүмкін. 

 

Баланың амандығы ананың саулығына тікелей байланысты. Сау ана = сау бала. 

 

Жақында босандым. Мен де салдыра аламын ба? 

 

Бала туғаннан 42 күн өткенде ғана. 

 

Ал балалар ше? 

 

Бізде тек 12-ге толған жасөспірімдер салдыра алады. Өзге елдерде 12-ге толмағандарға да сала бастағанмен, әзірге бұған қатысты халықаралық нұсқаулық жоқ.

 

Сондықтан Қазақстанда тек 12-ден асқан жасөспірімдер салдыра алады. 

 

Жасөспірімдерге салудың не қажеті бар? Олардың иммунитеті мықты емес пе? 

 

12-ге толғандардың иммунитеті кішкентай балалардікіндей емес. Олардың ағзасы жұқпалы аурулардың көбіне төзімді болғанмен, кейбірі коронавирус инфекциясынан қатты ауруы мүмкін. Мысалы, стресс, диабет пен ұйқысыздыққа шалдыққандар, артық салмағы барлар. 

 

Бала өз еркімен екпе салдыра ала ма, әлде ата-анасының келісімі керек пе?

 

Ата-ананың келісімі қажет. Бала — кәмелет жасына толмаған азамат, әке-шешесінің келісімінсіз вакцина салдыра алмайды. 

 

Бала да, ата-анасы да келісім береміз десе, тіпті жақсы. 

 

Вакцина салдырар алдында ПТР немесе антидене бар-жоғын көрсететін тест жасатуым керек пе? 

 

Жоқ, міндет емес. Қазір коронавирус белгілері жоқ болса, кейінгі үш айда ауырмаған болсаңыз, тест жасатудың қажеті жоқ. 

 

Жүктілер мен жасөспірімдер вакцинацияға қалай дайындалуы керек? 

 

Әуелі Comirnatyeducation.kz сайтына кіріп, өзіңізде (жүкті болсаңыз) не балаңызда (ата-ана болсаңыз) салдыруға болмайтын жағдай бар-жоғын біліңіз. 

 

Салдырар алдында антихистамин, аллергияға қарсы дәрі ішуге болмайды. Вакцина эффектісіне кері әсер етуі мүмкін. 

 

Ата-ана баласын вакцинацияға дайындауы, бар мағлұматты беруі қажет, ешнәрседен хабары жоқ жасөспірім стреске ұшырауы мүмкін. 

 

Екпе салдырғаннан кейін не істеу керек?

 

Міндетті түрде ауруханада 30 минуттай отыра тұрыңыз. Екпеге реакция басталса, қасыңызда медқызметкер болғаны жақсы. 

 

Қазір көптеген жерден «үш күн бойы екпе салған жерге су тигізбеңіз» дегенді көріп жатырмыз. Бұл — кеңес кезінен қалған миф әрі жасөспірімнің стресіне түрткі болуы мүмкін. 

 

Бірақ вакцина салынған жерді ысқыламаңыз. Сондай-ақ демалыңыз, ұйқыңызды қандырыңыз, дұрыс тамақтаныңыз.  

 

Pfizer-дің қандай кері әсері болуы мүмкін? 

 

Вакцина салған жер қызарып, ісіп ауыруы, қызулауыңыз мүмкін. 

 

Температура 38,5 градустан асса, жасөспірімдер парацетамол мен ибупрофен ішкені жөн. Төрт күн ішінде қол ауырғанын қоймаса, қызу түспесе немесе өзде де жағымсыз әсер кетпей қойса, дереу дәрігерге көрініңіз. 

 

Pfizer салдырған жастар миокардит пен перикардитке (жүрек бұлшықетінің қабынуы) де шалдығуы мүмкін. Бірақ олар екі ай ішінде кетеді.  

 

Айта кететін жайт, коронавирус жұқтырғандар да миокардит және перикардитке шалдығуы мүмкін. Алайда бұл аурулар ауырып шыққандар арасында вакцина салдырғандарға қарағанда 100 есе жиі кездеседі, басқаша айтсақ, бір миллион ұл баланың 41-і, бір миллион қыз баланың төртеуі ғана шалдығады.  

 

Жүктілік кезінде вакцина салдырдым, антиденелер жаңа туған нәрестеме жұға ма? 

 

Әйел вакцинаны үшінші триместрде салдырған болса, оның антиденелері баланы көп дегенде жарты жыл қорғайды. 

 

Бала көтерер алдында вакцина салдырып алғаным жөн бе? 

 

Иә, салдырып үлгеріңіз. 

 

Өйткені жүкті әйел де коронавирус жұқтыруы мүмкін ғой. Сондықтан бала көтерем деп жоспарлар алдында кем дегенде екі апта бұрын вакцина салдырып алыңыз. 

 

Әйел жүктілік кезінде сау болғаны өзіне де, балаға да жақсы. 

 

Бірінші дозасын салдырғаннан кейін жүкті екенімді білдім. Екіншісін мүлдем алмай-ақ қояйын ба? 

 

Екінші не үшінші триместрде салдырсаңыз болады. 

 

Қазір кей әйел бірінші дозасын салдырғаннан кейін жүкті екенін біліп, аборт жасатады екен. Мұның еш қажеті жоқ. Қорықпай, салдыра беріңіз.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

23/11/2021 14:16
26976 0

Уведомление