Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министр Марат Бекетаевтың ұсталғанын растады

Оның Самат Әбішпен қатысы бары айтылады


23/10/2023
14:52 13263 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Бұған дейін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша экс-министрдің ұсталғанын хабарлаған. Бірақ оның аты-жөнін жарияламаған.

 

– Ұсталған экс-әділет министрі Марат Бекетаев екенін растаймыз. Қазір ол сот шешімімен қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу жұмыстарына байланысты жариялауға жатпайды, – делінген жарияланған мәлімдемеде. 

 

Бірақ жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Марат Бекетаев елден қашып кетпек болғанда ұсталды деген ақпаратқа ешқандай жауап берген жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та Бекетаевтың Түркияның Стамбұл қаласы арқылы Ұлыбритания астанасы Лондонға ұшып кетпек болған жерінен ұсталғаны туралы ақпарат тараған. 

 

Марат Бекетаев 2016-2022 жылдары әділет министрі болып қызмет атқарған. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында премьер-министрдің кеңесші болған. Ел арасында Бекетаевтың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішпен жақын екендігі айтылады. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша күдікке іліккені жөнінде және ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргені туралы ақпарат тараған. 

 

18 қыркүйекте Қанды Қаңтар бойынша күдікті деп танылған ҰҚК бұрынғы қызметкері Руслан Искаков сотта 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК басшысының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш бұйрық берді деген. Келесі күні бас прокуратура экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты «Қаңтар кезінде қызметін асыра пайдаланды» деген күдікпен тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген.

Искаков сотта «Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасындағы әрекетін жасыру үшін ісін бір жылдан соң құпияландырып тастағанын» айтқан.

– Олар Самат Әбіштің бұйрығын орындағанымды айтуға шектеу қоюға тырысып жатыр, – деген Искаков сотта.

Самат Әбіш Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімовтің бірінші орынбасары болған. Мәсімов істі болып, өзге орынбасарларымен бірге сотталғанда Самат Әбіштің үстінен ешқандай іс қозғалмаған. Ел арасында оның Дубайда тұрып жатқаны жөнінде ақпарат тараған. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

23/10/2023 14:52
13263 0

Уведомление