Жазушылар одағының төрағасы болып Мереке Құлкенов сайланды

Су жаңа төраға «жазушылар оппозиция болмау» керек деді


12/05/2023
20:35 18741 0

 

Жазушылар одағының төрағасы болып Мереке Құлкенов сайланды. Жаңа төраға қызметке кіріспей жатып: «Жазушы оппозиция болмау керек. Оппозиция деген – президентке қарсы шығу деген сөз» деп мәлімдеді. 

 

Залға жиналған 538 ақын-жазушы оның бұл сөзіне ешқандай реакция білдірген жоқ. 

 

Бұдан бөлек, Мереке Құлкенов Тоқаевты мақтап, «мемлекет басшысы жазушыларға жақсы көңіл бөліп жатыр, жағдайымыз жақсы болады» деді

 

 

Жазушылар одағын 2018 жылдан бері басқарған ақын Ұлықбек Есдәулет жиналғандар алдында 25 минут баяндама жасады. Ол сөз соңында одақ басшылығынан бас тартатынын айтты. 

 

– Мен бүгінгі құрылтайда өзімнің аты-жөнімді кандидаттар тізімінен алып тастаймын, – деді ол.

 

Жиында сөз алған прозашы Талғат Айтбайұлы елде идеология жоғын айтып, Жаңаөзен, Қанды Қаңтар оқиғалары кезінде ақын-жазушылардың үнсіз қалғанын айтты. 

 

– Жаңаөзен қасіреті болды, ақын-жазушылар үнсіз қалды. Қаңтар қасіреті болды, ақын-жазушылар үнсіз қалды. Қазір бұл қасірет жалғасып жатыр. Қытаймен арадағы шекараны ашамыз, 180 күнге визасыз жібереміз дейді. Айналайындар, 180 күн деген – жарты жыл ғой. Бұл не сонда? Ақын-жазушылар қайда қарап отыр. Неге үндемейміз біз? Біз бүгінгі құрылтайда сондай нәрсені айтуымыз керек еді ғой. Төраға сайлана жатар, жаңа құрам сайлана жатар. Бірақ соларға құлақ қағыс. Мына Жазушылар одағы – қасиетті шаңырақ. Ол елдің сөз айтатын жер,  деді Айтбайұлы. 

 

 

Қазақстан Жазушылар одағы 1926 жылы маусымда «Қазақстанның пролетариат жазушылары ассоциациясының бюросы» болып құрылған. Бұл кезеңде Мағжан Жұмабаев бастаған ақын-жазушылар көркем әдебиеттен таптық принципті талап еткен большевиктік идеологияға қарсылық ретінде «Алқа» ұйымын дамыта бастаған еді. Кейін алашшыл «Алқа» жұмысы тоқтап, большевиктер бағытындағы жазушылар ұйымы күшейді.

1932 жылы 28 cәуірдегі Бүкілодақтық коммунистік партиясының орталық комитетінің «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысы негізінде Қазақстан Жазушылар одағы болып өзгерді. Қазақстан совет жазушыларының тұңғыш съезі 1934 жылы 12-18 маусым аралығында өтті.

Қоғамда Совет Одағынан қалған институттың қажет-қажет емесі туралы мәселе жиі көтеріледі.

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/05/2023 20:35
18741 0

Уведомление