Жақыным жоғалып кетті. Қайтпек керек?
masa нұсқаулығы
Туысымыз не досымыз жоғалғанда не істерімізді білмей абдырап қаламыз: қайдан іздеу керек, кімге жүгіну керек деп ойланамыз.
masa.media осындай жағдайға тап болғанда не істеу керегін хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздейтін еріктілер қозғалысы Lider.kz негізін қалағандардың бірі Ирина Мордасова және Ішкі істер министрлігімен бірге айтып береді.
ДЕРЕУ ІЗДЕҢІЗ
Іздеуге қаншалық дереу кіріссеңіз, соншалық жақсы. Жақыныңыз жұмыстан кешігіп жатыр ма, не дүкенге шығып кетіп, үйге оралмай жатыр ма, оған қоңырау шалыңыз. Тұтқаны алмаса, оның достарына, әріптестері мен достарына хабарласыңыз. Кішкентай бала жоғалса не кешігіп жатса, мұғаліміне, достары мен олардың ата-анасына телефон соғыңыз.
МАҢЫЗДЫ: «Кешігіп жатқан шығар, қазір келеді ғой» деп қамықпай отырмау керек. Дереу әрекет етіңіз.
ПОЛИЦИЯҒА ХАБАРЛАҢЫЗ
Жақыныңыздан ешқандай хабар жоқ, оның достары, таныстары мен көршілеріңіз еш нәрсе білмесе, полицияға дереу хабарлаңыз. Ол үшін 102 нөміріне қоңырау шалыңыз не кез келген полиция бөлімшесіне барыңыз. Арыз жазу үшін жоғалғанынан үш күн өтуі керек деген шектеу жоқ.
Полицейлерге жоғалған адамға қатысты барлық мәліметті беруге тырысыңыз: жеке мәліметтерінен басқа (аты-жөні, туған жылы мен күні, түр-әлпеті, киімі), оның неге қызығатынын (компьютер клубы, футбол және тағысын-тағы), қай жерге барғанды жақсы көретінін, жоқ болып кететін әдеті, қандай да бір ауруы бар ма, жоқ па — бәрін айту керек. Ең кейін түсірілген суретін беріңіз. 5-10 жыл бұрын түсірілген фотоның адамды іздеп табуға көмектесуі екіталай.
МАҢЫЗДЫ: Полицияға арыз берерде, жоғалған адамға қатысты ешбір мәліметті жасырмаңыз. Басында бір нәрсе айтуды ұмытып кетуіңіз мүмкін, есіңізге түсірген бойда іске жауапты полицейге хабар беріңіз.
ЕРІКТІЛЕРГЕ ЖҮГІНІҢІЗ
Еріктілерге жүгінсеңіз болады. Бірақ, Ирина Мордасованың айтуынша, Lider.kz еріктілері полициямен тікелей байланысып отырады. Арыз түсті ме, оны полицейлер дереу Lider.kz координаторына жібереді екен.
Алайда сіз полиция құжаттарды толтырып, базаға енгізеді дегенше, еріктілерге өзіңіз хабарлассаңыз болады. Ұйымның әр қалада филиалы бар. Солардың кез келгеніне әлеуметтік желілер не сонда көрсетіліп тұрған телефон нөмірі арқылы хабарласаңыз. Instagram-да Lider.kz деп іздесеңіз болады.
Оларға полицияда берілген, ісіңіздің нөмірі жазылып тұрған талонды көрсетіңіз. Сіз осылайша жақыныңыз шынымен де хабар-ошарсыз кеткенін дәлелдей аласыз.
— Кейде бізге алимент төлемей, жасырынып жүрген жұбайын іздеп жүрген әйелдер де хабарласады. Ал біз шынымен де жоғалып кеткен адамдарды іздейміз. Адам шынымен хабар-ошарсыз кеткенін полицияға берілген арыз дәлелдейді, — дейді Ирина.
ӨЗІҢІЗ ІЗДЕҢІЗ
Полиция мен еріктілерден хабар күтпей, жоғалған адамды танитын туыстарыңызды, достарыңыз бен таныстарыңызды іздеуге қатысуын өтініңіз: еріктілерге қосылсын, әлеуметтік желілерде өз парақшасынан хабар берсін, аурухана не моргтарды тексеріп шықсын. Негізі, полиция өз базасы арқылы аурухана мен моргтарды тексеріп шыға алады, десе де өзіңіз аралап не хабараласып шыққаныңыз артық етпес.
Сонымен бірге жергілікті БАҚ-қа не жазылушысы көп блогерлерге жаңалық/пост жазғызсаңыз болады.
Бірақ өз бетіңізбен әрекет етер алдында полицейлер, еріктілермен бір ақылдасып алған жөн. Әрекетіңіз олардың қызметіне кедергі келтірмесін.
Бұл кезде бар ресурсты пайдаланған маңызды.
МҰНДАЙ КЕЗДЕ НЕ ІСТЕМЕГЕН ЖӨН?
- Еріктілер мен полициянікінен бөлек хабарлама жазам десеңіз, жеке телефон нөміріңізді жария етпеңіз. Әйтпесе біреулер «балаңыз/жұбайыңыз/досыңыз/туысыңыз қайда екенін білемін» деп, оның мекенжайын айту үшін сізден ақша талап етуі мүмкін. Хабараламада полиция не жауапты еріктінің нөмірін көрсетіңіз.
- «Полиция түк бітірмейді, оларға барудың қажеті жоқ» деп, өз бетіңізбен іздемеңіз. Біріншіден, полициясыз еріктілер көмегіне жүгіне алмайсыз, екіншіден, іздестіруде олардың мүмкіндігі көп: медицина мекемелерімен, еріктілермен тікелей байланысы мен арнайы иттері бар.
- Балгер, көріпкелге барамын деп алаяқтарға ұрынып қалмаңыз. Адам жақынын табамын деп қолынан келгенін жасап бағады, тауып берем дегенге ақша бере салады. Сақ болыңыз.
Нет комментариев.