Көшеде полицей тоқтатса, не істеуім керек?
Полиция сізді қандай жағдай тоқтата алады, оған қалай жауап беру қажет, тұтқындаса не істеу керек
Сізді көшеде полицей тоқтатса, не істеуіңіз керек және сіздің құқықтарыңыз қандай — біле жүріңіз.
Ең бастысы, қорықпаңыз, абдырамаңыз. Полицеймен сөйлескенде барынша сыпайы жауап беріп, сыпайы сұрақ қойыңыз.
Алдымен одан толық аты-жөнін, лауазымын атауын, қызметтік куәлігін ашып көрсетуін өтініңіз. Осы кезде ол туралы мәліметті жазып алсаңыз артық етпейді. Себебі олар полицей билігін асыра пайдаланғанда оның үстінен арызданғанда керек болады. Содан кейін одан сізді неге тоқтатқанын сұраңыз.
Полицей сізден жеке куәліңізді сұрауы мүмкін. Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заң бойынша, сізде жеке куәлік болуы керек, алайда ол жерде оны үнемі ұстап жүру керек екеніңіз жайлы еш нәрсе жазылмаған. Егер құжатыңыз қолыңызда болмаса немесе оны көрсетуге себеп жоқ десеңіз, сыпайы түрде бас тартыңыз. Полицей жеке куәлікті көрсетуді тек сіз құқық бұзғанда ғана қатаң талап ете алады. Мысалы, маскасыз жүргенде.
Полицейге құжатыңызды көрсететін болсаңыз, оны ұстап, яғни оған бермей көрсетіңіз.
ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ СІЗДІ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ТҰТҚЫНДАЙ АЛАДЫ?
Сіз әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағанда және соттың санкциясы бар жағдайда ғана. Егер ол сізді соттың санкциясысыз тұтқынға алса, 72 сағаттан артық ұстауға құқы жоқ.
Сізді полиция бөлімшесіне апарса немесе үстіңізден құқық бұзушылық жайлы хаттама толтырса, сіз адвокат көмегіне жүгіне аласыз және онсыз еш нәрсе айтпауға құқыңыз бар. Егер адвокатыңыз жоқ болса, полиция қызметкері сізге адвокат табуға және оның қызметі тегін болуы міндетті.
Егер кәмілетке толмаған болсаңыз және сізді полицей кез келген себеппен полиция бөлімшесіне жеткізетін болса, ол ата-анаңызға хабар беруі тиіс.
ПОЛИЦЕЙ СІЗДІҢ ЖЕКЕ ЗАТТАРЫҢЫЗДЫ ТЕКСЕРЕ АЛА МА?
Сіз әкімшілік құқық бұзсаңыз, иә. ҚР заңы бойынша, сіз әкімшілік құқық бұзған жағдайда полицей сіздің жеке заттарыңызды құқық бұзушылық жасау құралын (мысалы, пышақ) іздегенде ғана тексере алады.
ПОЛИЦЕЙ СІЗДІҢ САУСАҚ ІЗДЕРІЗДІ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА АЛАДЫ?
Cіз бір нәрседен күдікті немесе айыпты болғанда.
ПОЛИЦЕЙДІҢ ӘРЕКЕТІНЕ ШАҒЫМДАНА АЛАСЫЗ БА?
Иә. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 23-бабы бойынша, үстіңізден хаттама толтырған полицейдің әрекетін заңсыз деп есептесеңіз, оған шағым жасай аласыз. Шағымды оқиға өткеннен кейін үш ай ішінде беруіңіз керек. Оны прокуратура, полиция немесе ішкі істер министрлігіне жолдайсыз. Онда өзіңіз жайлы толық ақпаратты (аты-жөніңіз, тұратын жеріңіз), сізді ұстаған полиция қызметкерінің аты, лауазымы, оқиғаның мән-жайын, орны мен уақытын атап көрсетіңіз. Шағымды сіз қазақ, орыс немесе өзіңіздің туған тіліңізде толтыра аласыз.
Одан басқа, полиция әрекетіне 102, 1402 сенім нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы арыздансаңыз болады.
Тексеріс полиция қызметкерінің әрекеті заңсыз десе, сіз одан сот арқылы өтемақы талап ете аласыз.
ПОЛИЦИЯ ӘРЕКЕТІН ВИДЕОҒА НЕМЕСЕ СУРЕТКЕ ТҮСІРУГЕ БОЛА МА?
ҚР заңында полицейдің қызметін видеоға немесе суретке түсіру, диктофонға жазып алу туралы еш нәрсе жазылмаған, яғни заң тыйым салмайды. Алайда мемлекеттік құпия боп есептелетін мәліметтер: бала асырап алу, жеке басы, отбасы құпиясы, коммерциялық мәлiметтері бар істер жабық жүргізілетіндіктен, мұндайда түсірілім жасай алмайсыз. Тәртіп сақшысын түсірген кезде оның қызметіне кедергі келтірмеуіңіз керек.
Видеолар мен суреттерді жариялағанда мұқият болғаныңыз абзал. Қазақстанда адамның бейнесі тек оның рұқсаты бар кезде ғана жариялануы керек. Кейбір тәртіп сақшылары мұны пайдаланып, видео немесе суретті жариялаған адамның үстінен арыз жазуы мүмкін.
Иллюстрация: Лейла Тапалова
Нет комментариев.