Жаңаөзендік мұнайшылар талаптары орындалмаса Астанаға бармақ


16/01/2024
13:30 9589 0

Фото: Азаттық радиосы

 

Жаңаөзенде ереуілге шыққан мұнайшылар талаптары орындалмаса, Астанаға баратындарын мәлімдеді. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

 

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында «МұнайСпецСнаб» мұнай сервис компаниясы қызметкерлері бес күннен бері ереуілде тұр. 15 қаңтарда ереуілшілер билікке жаңа үндеу жолдап, талаптары әлі орындалмағанын айтты.

Мұнайшылар талап орындалғанша бейбіт наразылықта тұратынын хабарлады. Олар Астанаға баруға дайын екенін жеткізді.

15 қаңтарда ереуілге 300-ден астам адам шыққаны хабарланған. Жұмысшылар ереуілі 11 қаңтарда басталды, олар алғашында мәселені келіссөз арқылы шешуге тырысқанын айтады, бірақ нәтиже болмаған. Наразылар жеті талап қойды, оның ішінде жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды сұрайды.

Өткен аптада наразылар өздеріне түрлі қысым жасалып жатқанын айтты. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты мәселелерін шешуге атсалысуға үндеді.

Билік пен компания жұмысшылар талабы мен ереуіл жөнінде әзірге пікір айтпады.

«МұнайСпецСнаб Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес кәсіпорындары – «Өзенмұнайгаз» және «ӨзенМұнайСервис» компанияларына мердігерлік қызмет көрсетеді. Бұған дейін де кәсіпорын қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, наразылыққа шыққан. Былтыр 1 қаңтарда аталған кәсіпорынның жүзден астам қызметкері Жаңаөзен көшелеріне шығып, мұнайшыларды жұмыспен қамтамасыз етуді талап етіп, қала әкімдігіне барды.

 

Поделиться

Нет комментариев.

16/01/2024 13:30
9589 0

Уведомление