Жаңаөзен оқиғасы туралы 10 факт

Биыл қайғылы оқиғаға 10 жыл толды


15/12/2021
15:53 7604 0

16 желтоқсан Тәуелсіздік алған күн ғана емес. 2011 жылғы 16 желтоқсан да Қазақстан тарихына енген еді. Ол күні Жаңаөзен мұнайшылары қаланың орталық алаңында ереуілдетіп отырған-ды. Кейін түске таман жаппай тәртіпсіздік басталып, полиция бұған жауап ретінде халыққа оқ атты.

 

Сонда нақты не болды? Оқиғаны 10 факт арқылы түсіндірейік. 

 

1. Жаңаөзен мұнайшылары наразылыққа 16 желтоқсанда ғана шыққан жоқ. 

 

Жағдай әлдеқайда ертерек, мамыр айында басталды. «Өзенмұнайгаз» мұнай компаниясының мыңдаған жұмысшысы аз жалақыға наразы болып, аштық жариялады. 

 

Сол кезден бастап халық күн сайын орталық алаңға шығып жүрді. Бірақ ұйым иелері де, әкімдік те олардың өтініштеріне жауап қатпай, талаптарын орындамады.

 

Мұнайшылар 2008 жылдан бері төмен жалақыға наразы болып, ереуілге шығып келді. 

 

 

 

2. Жаңаөзен әкімдігі 16 желтоқсанда орталық алаңда Тәуелсіздік күнін тойламақ болды.

 

Жарты жылдан астам уақыт бойы сол алаңға шығып жүрген мұнайшылар мерекелік киіз үйлерге наразы болып, алып тастауды талап етті. 

 

Десе де, мерекелік сахна қойылды. Жеті ай бойы талап қойып келген мұнайшылар мұны оларға қарсы әрекет ретінде қабылдады. 

 

 

3. Алаңға жүздеген адам жиналды. Арасында наразы мұнайшылар да, мерекеге келген қала тұрғындары да бар.  

 

Алаңдағы қақтығыс қалай басталғаны және кім бастағаны әлі күнге дейін белгісіз. Күні бойы қалада бірнеше ғимарат өртеніп, дүкендер тоналды.

 

 

 

4. Полиция оғынан ондаған адам жараланып, 17-ы қаза тапты дейді билік. 

 

 

Ресми дерекке сенсек, атыс «тұтқынға алынған әкімдік қызметкерлері мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін, сондай-ақ бұзақылар қару-жарақ иемденбесін» деп басталған.

 

 

5. 16 желтоқсанда және одан кейінгі бірнеше күн бойы Жаңаөзен мен оның маңындағы елді мекендерде интернет пен мобайл телефон байланысы істемеді. Қазақстандағы БАҚ-тың көбі оқиға туралы ештеңе жарияламады не тек ресми дерек таратты. 

 

Жаңаөзендегі жағдай туралы ашық жазған я айтқан тәуелсіз ақпарат ресурстары бұғатталды.

 

 

6. 17 желтоқсанда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзендегі жағдайды төтенше деп жариялады. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы төтенше жағдай еді. 

 

 

7. Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі айларда билік мұнайшыларға, олардың жақтастарына және ереуілге қатысты деген адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғады. 

 

2012 жылғы наурызда бүлік шығарды не қатысты деп айыпталған 37 мұнайшы мен басқа адамға қатысты сот процесі басталды. 

 

 

Көптеген айыпталушы полициядан қысым, азап көрдік деп хабарлаған еді, бірақ билік олардың айтқанын тексермеді. 

 

 

8. Маусымда 34 айыпталушы сотталып, 13 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қалғандары амнистия алды, шартты түрде сотталды не ақталып шықты. 

 

Апелляциялық сот барлық үкімді өзгеріссіз қалдырды, тек бір сотталғанның мерзімі жеті жылдан бес жылға дейін қысқартылды. 

 

 

9. Бес полицей ереуілшілерге қарсы заңсыз қару қолданғаны үшін бес жылдан жеті жылға дейін түрмеге қамалды.

 

 

10. Халықаралық ұйымдар, азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт тұрғындарды атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады дейді.



 

Фотолар: lada.kz, RFE/RL, Reuters

Поделиться

Нет комментариев.

15/12/2021 15:53
7604 0

Уведомление