Қытай билігі Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылмандардың құқығын бұзуды жалғастырып жатыр

«БҰҰ-ға мүше елдер адамзатқа қарсы қылмысқа көз жұмбауы тиіс»


31/08/2023
16:02 14878 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Қытай билігі Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылмандардың құқығын бұзуды жалғастырып жатыр. Бұл жөнінде Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы мәлімдеді. 

 

– Былтырдан бері қытай шенеуніктері ұйғырлар мен басқа да түркітілдес мұсылмандарды басып-жаншу саясатын жалғастырып келеді. БҰҰ-ға мүше елдер адамзатқа қарсы қылмысқа көз жұмбауы тиіс, – деді ұйымның Азия бойынша директорының орынбасары Майя Ванг.

Халықаралық ұйымдардың дерегінше, Қытай билігі 2017 жылдан бері Шыңжаңда тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарға қысым жасап келеді. Пекин Шыңжаң халқын жаппай лагерьге қамап, күштеп жұмысқа жегіп, әйелдерді стерилизация жасап жатқаны айтылған.

HRW «Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Шыңжаңда антитеррористік саясатты жалғастыру жайлы айтқан мәлімдемесі аймақта әлі де адамзатқа қарсы саясатты жалғастырып жатқанын көрсетеді»  деп мәлімдеді.

Си Цзиньпин 26 тамызда Шыңжаңға сапары кезінде «терроризм мен сепаратизмге қарсы күресті әлеуметтік даму жұмыстарымен және заңның үстемдігімен біріктіру керек» деп мәлімдеген. Ол Шыңжаң шенеуніктеріне «исламды қытайландыру саясатын әріқарай жалғастыруды» және «заңсыз діни әрекеттерді бақылауда ұстауды» тапсырған.

2017 жылы Шыңжаңда тұратын қазақтардың жағдайы күрт қиындап, олар Қытай билігінің қысымы жайлы айта бастады. Шыңжаңда туысымыз қамалды деген қазақтардың сөзінен кейін бұл мәселеге халықаралық ұйымдардың назары ауды.

АҚШ мемлекеттік департаменті Шыңжаңда екі миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандар қамауға алынғанын мәлімдеген.

 

Поделиться

Нет комментариев.

31/08/2023 16:02
14878 0

Уведомление