Украина Бахмут түбіндегі Клещеевка ауылын азат етті
Бұл Украинаның Бахмутты әрі қарай қоршауына жол ашады
Фото: Ашық дереккөзден
17 қыркүйекте Украина әскері Донецк облысындағы Клещеевка ауылын басқыншылардан азат еткенін хабарлады. Бұл ауыл Ресей басып алған Бахмут қаласының оңтүстігінде орналасқан. Клещеевка үшін соғыс бірнеше айға созылған, қазір ауылдың сау тамтығы қалмаған.
Клещеевканың Украина бақылауына өткені туралы ақпаратты Украина әсерінің Шығыс тобының баспасөз хатшысы Илья Евлаш «Украинская правда» басылымына берген сұхбатында растаған. Украина президентінің кеңесшісі Андрей Ермак Клещеевкадағы шіркеу жанында суретке түскен Украина әскерлерінің фотосын жариялады. Владимир Зеленский кешкі жолдауында Клещеевка туралы айтты.
Бұған дейін Украина Бахмут түбіндегі тағы бір ауыл Андреевканы да басқыншылардан азат еткен. Биыл көктемде Бахмуттың бірнеше айға созылған соғыстан кейін Ресей басып алған.
Ресейшіл кейбір телеграм-арналар өткен аптаның сәрсенбісінде Ресей әскері Андреевка мен оған іргелес Клещеевканы тастап кеткенін хабарлаған. Бұл арналардың жазуынша, толық талқандалған бұл екі ауылды да қазір ешкім бақыламайды. Екі селоның алынғаны украин әскерінің Бахмутты әрі қарай қоршауына жол ашады, бірақ одан өзге қалаға баратын бірнеше жол бар.
Нет комментариев.