«Әуежайды басып алу ісі»: Даумен басталған сот айыппұл мен қамауға ұласты

«Билік сотқа белсенділердің қатысқанын қаламайды»


25/09/2023
12:39 14454 0

 

25 қыркүйекте белсенді Аружан Дүйсебаева әлеуметтік желіде өзінің үстінен ҚР Әкімшілік кодексінің 488-бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, іс «әуежайды басып алу» ісі бойынша өткен апелляциялық сотқа қатысып, сол жерден ақпарат таратқаны үшін қозғалған. 

 

– Менің үстімнен 488-баптың 11-тармағы, яғни, «әкімшілік құқық бұзушылықты қайталау» бойынша іс қозғалған. Бұл сөз бостандығын шектеу деп ойлаймын. Мен «әуежай сотына» ақпарат таратуға барғанмын. Бірақ ол жерде ешқандай плакат ұстаған жоқпын, ұран айтқан жоқпын. Ол жерде тек ғана видео түсірдім де, әлеуметтік желіге жарияладым. Бұл жерде мені 15-20 тәулікке қамауы мүмкін немесе 50 АЕК айыппұл салуы мүмкін. Бұның барлығына дайынмын. Тоқаев билігі жастардан қорқып отыр. Өз басым бұны саяси қудалау деп есептеймін, – дейді Аружан Дүйсебаева. 

 

Бұған дейін, 22 қыркүйекте белсенді Абзал Достияров дәл осы «әуежайды басып алу» ісі бойынша өткен апелляциялық сотқа қатысып, сол жерден ақпарат таратқаны үшін 15 тәулікке қамалған. Соттан кейін адвокат Жанар Балғабаева журналистерге судьяның іске тіркелген дәлелдерді назарға алмағанын, билік «әуежай сотына» белсенділердің қатысқанын қаламайтынын айтқан. 

 

– Билік осылайша белсенділерді қорқытқысы келеді. Олар келесі аптада өтетін Тілеужан мен өзге төрт сотталушының процесіне белсенділердің қатысқанын қаламайды, – деген Жанар Балғабаева. 

 

Абзал Достияровтан бөлек, осы күні Алматы соты белсенді Марат Тұрымбетов пен Майра Ғабдуллинаға 30 АЕК (1 айлық есептік көрсеткіш – 3450 теңге) көлемінде айыппұл салған. Екеуіне де «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша айып тағылған. Олар да «әуежайды басып алу» іс бойынша өткен апелляциялық сотқа қатысқан. 

 

19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде «Әуежайды басып алу ісі бойынша» сотталғандардың апелляциялық соты даумен басталған. Процеске қатысу үшін Алматы қалалық сотына келген адамдар саны көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген. 

 

«Әуежайды басып алу ісі» бойынша айыпталған белсенді, журналист Айгерім Тілеужан 4 жылға, тарих пәнінің мұғалімі, белсенді Қалас Нұрпейісов және өзге үш адам 8 жылға сотталған. Олар бірінші сатыдағы сот шығарған шешіммен де, тағылған айыппен де келіспеген. Айгерім Тілеужан «істің саяси тапсырыс» екенін мәлімдеген. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

25/09/2023 12:39
14454 0

Уведомление