«Әуежайды басып алу» ісі: Қаңтаршылар тағылған айыппен келіспейді

Маған тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспеймін.


15/03/2023
15:09 2718 0

Алматының Наурызбай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алу» ісі бойынша сот отырысы басталды. Іс бойынша белсенді Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовпен бірге тағы үш адам – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жан-Айдар Кәрменовке айып тағылған. 

 

14 наурызда өткен сот отырысында судья Маратбек Кәкімжанов алдын ала тыңдау өткізді. Залға журналистер мен айыпталушылардың адвокаттары кіргізілді. Күдіктілердің жақтастары кіргізілмеді. Судья «бұл алдын ала тыңдау, олардың қатысуы маңызды емес. Келесі сот отырысына кіреді» деді. Сотталушылар жақтастарының алыстан келгенін алға тартты. 

 

Сотталушылардың ешқайсысы өздеріне тағылған айыппен келіспейтіндерін айтты. 

 

– Маған тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспеймін. Бұлардың барлығы жалған. Тіпті куәгерлердің де куәлігі қандай жолмен алынғанын білеміз, – деді Нұрпейісов. 

 

Нұрлан Дәлібаев тергеу кезінде іске қатысты куәгерлердің бірде-біреуімен беттестіру болмағанын айтты. 

 

– Біз жүрген жерімізде ештеңені қиратып немесе мемлекеттік ғимаратқа зиян келтірген жоқпыз. Әуежайғакіргеніміз рас, білместікпен кірдік. Себебі, Қазақстанға Ресей әскері келіп, халықты қырады деген соң бардық, арам ойымыз болған жоқ, – деді ол. 

 

 

Ермұхамет Шилібаев көзіне жас алып, жасы елуге келгенін, ешқандай бұзақылық жасамағанын айтты. 

 

– Ештеңе қиратқан да, алған да жоқпын. Керісінше, бір ғимаратты аман алып қалдым десем де болады. Келе жатқан топты тоқтатып, «мыналарға тиіспеңдер, мынау – ертең бізге қызмет ететін жер, мұны қиратпаңдар» деп, аман алып қалғаным үшін жазықты болып отырмын. Баскесер, ұры-қары болып, біреудің бірдеңесін ұрласам, өкінбейтін едім, – деді Шилібаев.

 

Әйгерім Тілеужан мен Жан-Айдар Кәрменов та тағылған айыпты мойындамайтындарын, келіспейтіндерін жеткізді.

 

Сотқа Әйгерім Тілеужанды қолдап келген саясаткер, құқық қорғаушы Зәуреш Батталова белсендінің қылмыс жасағанына сенбейтінін айтты. Оның сөзінше, билікке таластың жауапкершілігін қарапайымның мойнына артып отыр. 

 

– Мен Әйгерімдей жұдырықтай қыздың қылмыс жасағанына ешқашан сенбеймін. Билікке таластың жауапкершілігін қарапайым халықтың мойнына артқалы отыр. Бұл дұрыс емес. Сот ашық түрде өтуі керек. Сарапшылар қатысып, Әйгерімге тағылған жаланың барлығын нақты анықтап, онымен бірге сотталып жатқан жастардың барлығы бостандыққа шығуы керек, – деді Батталова. 

 

Батталова Қаңтар ақиқаты ашылмағанын, бүлікті кімдердің ұйымдастырып, адамдардың өліміне кімдердің жауапты екенін билік аяғына дейін анықтаған жоқ деді. 

 

– Өкінішке орай, Қаңтар оқиғасы бүгінге дейін ашылған жоқ. Нақты осыны кім ұйымдастырды, Қаңтарда қайтыс болған адамдардың қандай себеппен қайтыс болғанын, оған кім жауапты екенін анықтауда билік соңына дейін жеткізген жоқ. Халықаралық сарапшыларды қатыстырып, қоғам тарапынан комиссия құрмауын, барлығын бірден жылы жауып қойғысы келген іс-әрекет деп ойлаймын. Бұл халықты қорқыту үшін жасалып отырған сот, – деді ол.

 

 

Алдын ала тыңдау кезінде қамауда отырған төрт айыпталушының адвокаттары олардың бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа жіберуді, қатысушылардың барлығы қазақтілді болғандықтан процесті қазақ тілінде өткізуді және сотты алқа билердің қатысуымен өткізуді сұрады. Прокурорлар оған қарсы шықты. 

Судья Мұратбек Кәкімжанов екі сағат үзілістен кейін, айыпталушылар мен олардың адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады. Негізгі сот отырысын 30 наурыз күніне белгіледі.

«Әуежайды басып алу» ісі бойынша бес адам күдікді деп танылған. Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жан-Айдар Кәрменов және Қалас Нұрпейісов былтырдан бері қамауда отыр. Әйгерім Тілеужан үйқамақта. 

Биыл 5 қаңтарда өткен парламенттегі жиында бас прокурор Берік Асылов «Діни экстремистік ұйымның екі мүшесі Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов Алматы әуежайын басып алған» деп мәлімдеді. Сотталушылардың адвокаттары бас прокурор осы сөзі арқылы күдіктілердің конституциялық құқығы – кінәсіздік презумциясын бұзғанын айтты. Бір топ белсенді Алматыда бас прокурордың қызметінен кетуін талап етіп, өтініш, арыз жазды. 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

15/03/2023 15:09
2718 0

Уведомление