Тәуелсіз бақылаушылар қорытындысы: «Заңсыздықтар дауыс санау кезінде болды»

Тәуелсіз бақылаушылар ұйымының есебімен Алматы қаласы бойынша сайлаушылардың 18 пайыз ғана сайлауға келді


24/11/2022
15:26 24682 0

23 қарашада «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің өкілдері Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, сайлауда болған заңсыздықтар жөнінде айтты. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

Ұйым жетекшісі Арайлым Назарова сайлау кезінде болған заңбұзушылық бойынша 11 істі сотқа дайындап жатқанын айтты. Істердің басым көпшілігі "хаттаманы бермеумен" байланысты. Заң бойынша, сайлау комиссиясы хаттаманы тәуелсіз бақылаушыларға беруі тиіс.

– Тәуелсіз бақылаушылар ұйымының есебімен Алматы қаласы бойынша сайлаушылардың 18 пайыз ғана сайлауға келді. Ал қолымызға түскен хаттамада 27 пайызды көрсетіп отыр. Қолымыздағы хаттама бойынша Қарақат Әбден 2,41 пайыз, Нұрлан Әуесбаев 2,75 пайыз, Жигули Дайрабаев 3,69 пайыз, Мейрам Қажыкен 1,2 пайыз, Тоқаев 69,53 пайыз, Салтанат Тұрсынбекова 2, 19 пайыз, бәріне қарсымыз дегендер 9,32 пайыз, бүлдірілген бюллетендер саны 8,85 пайыз. Көріп отырғандарыңыздай "барлығына қарсы" мен бүлдірілген бюллетендер санын қосқанда 18 пайыз. Тоқаевтан басқа бес кандидаттың бірігіп жинаған дауысынан да көп, - дейді Арайлым Назарова.

Президентті сайлау кезінде «тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігі 98 бақылаушы дайындаған. Оның 87-сі сайлау учаскесіне кірген. Алматыда 60 сайлау учаскесін қамтамасыз еткен.

Биылға кезектен тыс өткен президент сайлауына мемлекет қазынасына 20 миллиард теңге бөлінді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметіне қарағанда, Қазақстандағы 11 миллион 953 мың 463 сайлаушының 8 миллион 300 мыңы немесе 69,4 пайызы дауыс беруге келген. Сайлауды Қазақстан президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенімді өкілі, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 641 өкілі, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса, қоғамдық бірлестіктердің 30 мыңнан аса байқаушылары бақылаған.

ОСК мәліметінше, сайлауда президент Қасым-Жомарт Тоқаев 81,3 пайыз дауыс жинаған.

Халықаралық ұйымдар атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) мәлімдеме жариялап, "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті", "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді" деп сынаған. АҚШ пен Еуроодақ ЕҚЫҰ бақылаушыларының пікірімен келісетінін мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл сынмен келіспейтіндігін мәлімдеп, ЕҚЫҰ құжатын "объективті емес" деп санайтынын айтқан.

Сайлау күні тәуелсіз бақылаушылар учаскелерде түрлі заңсыздықтар болғанын (бақылаушыны учаскеге кіргізбеу, учаскеде жүруіне, сурет-видео түсіруге тыйым салу және тағы басқа) айтқан.

Поделиться

Нет комментариев.

24/11/2022 15:26
24682 0

Уведомление