Түркияда екі қазақстандық үйінді астында жатыр

Мирус Құрмашев пен Әділ Қадірбеков 6 метр үйінді астында қалып қойған


09/02/2023
11:48 21259 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Түркияда екі қазақстандық үйінді астында жатыр. Оларды құтқару үшін кран қажет. Бұл жөнінде Orda.kz басылымы хабарлады. 

 

Түркияда зілзаладан кейін жоғалып кеткен Мирус Құрмашев пен Әділ Қадірбековтың қайда екені анықталды. Бірақ оларға құтқарушылар жете алмай жатыр. Ғимарат құлап кетуі мүмкін. Олардың туыстары кран, дрон, тепловизор қажеттігін айтып, көмек сұрауда. 

 

Мирус Құрмашевтың бауыры Алмат Құрмашев үйдің шатырын көтеріп, үйіндіні аршу үшін кран болмай жатқанын хабарлады. 

 

 Әлі кран іздеп жатырмыз. Бізге 70 тоннаны көтеретін кран керек. Одан кейін FPV дроны немесе камерасы бар машина қашықтан басқарылатын машина керек. Оны қосып, ғимараттың төбесіне ұшырып, қалай жетуге болатынын көру керек. Тыңдау үшін тепловизор, дыбыс жабдықтары керек. Осыны беретін таныстарыңыз болса, алғыс айтар едік, – деді Алмат Құрмашев.

 

Ол әлеуметтік желі арқылы кран іздеп жатқандарын, әлі күнге дейін құтқарушылар келмегенін айтты. 

 

– Әлеуметтік желі арқылы кран іздеп жатқанымызға бес сағаттан асты. Біздің достарымыз үйінді астында жатыр. Өкінішке қарай, ешқандай техника берілген жоқ. Құтқарушылар да жоқ. Амал не, үмітіміз сөніп барады. Шынымды айтсам, не істеу керек екенін де білмей отырмын. Ойымызға келген нәрсенің бәрін жасап көрдік. Таңертеңгі 8-ге дейін техника мен адамдар әкеледі деп үміттенеміз. Мұнда өте суық. Қалың киініп алғанмын, сонда тоңып жатырмын. Ол жақтағылардың халін елестету тіпті қиын деді Құрмашев.

 

Алмат Құрмашевтың айтуынша, Мирус Құрмашев пен Әділ Қадірбеков 6 метр үйінді астында жатыр. Бір күн бұрын дәл осы жерден тағы бір қазақстандық Сәбина Мамадирова құтқарылған. 

 

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, оқиға орнында барлық техника бар. Құтқарушылар таңның атуын күтіп отыр. Себебі ғимарат шалыс қимыл жасаса опырылып құлауы мүмкін. 

 

Түркия мен Сирияда 6 ақпанда болған жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 мыңнан асты. Түркияда зардап шеккендер 53 мыңнан асқан. Сирияда зардап шеккендер саны туралы мәлімет жоқ.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

09/02/2023 11:48
21259 0

Уведомление