Тоқаев Жаңаөзенде жұмыссыздық мәселесі күшейген тұста жиын өткізді

«Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы жағдай бұдан да қиындай түсуі мүмкін»


19/04/2023
12:27 18936 0

Фото: Ақорда

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері облыс және аудан басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады.

 

19 сәуірде Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Оған үкімет мүшелері, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстар мен аудандардың әкімідер және жергілікті мәслихаттар хатшылары шақырылған.

Жиында сөйлеген премьер-министр Әлихан Смайылов биыл бірінші тоқсанда елде ЖІӨ-нің нақты өсуі 4,9 пайыз болғанын хабарлады.

Ол кейінгі төрт аптада елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттаған жоқ, наурызда «инфляция төмендеді» деп мәлімдеді.

12 сәуірден бастап бөлшек саудада жанармай бағасы өскен. Энергетика министрі АИ-92 маркалы бензиннің литрі 205 теңге, бір литр дизель отыны 295 теңгеден аспасын деген бұйрық шығарған.

Астанадағы жиын Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесі бойынша наразылық күшейіп тұрған шақта өтіп жатыр. Өткен аптада Жаңаөзеннен Астанаға арнайы келіп, тұрақты жұмыс тауып беруді талап еткен жұмысшыларды билік күш көрсетіп ұстап, пойызбен үйіне қайтарған. Наразы мұнайшылар мен «ҚазМұнайГаз», энергетика, еңбек министрліктері және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өкілдері арасындағы келіссөз әлі біткен жоқ.

Бүгін өткен жиында Әлихан Смайылов Жаңаөзенде биыл жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталатын мәлімдеді. 

– Биыл Жаңаөзен қаласында жалпы қуаты 900 млн текше метр жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталады, – деді Смайылов.

Жиында сөйлеген вице-премьер Алтай Көлгінов елде мұнай-газ өндіретін кәсіпорындарға қызмет көрсететін компаниялармен еңбек келісімшарттарын 1 жылдан 3 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Ол батыс өңірлерде еңбек мәселесі бойынша шиеленісті жағдай барын, «кейбір кәсіпорындарда қауіп сақталып отырғанын» айтты. Бірақ олардың атын атамады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «биыл 39 мың жұмыс орны, соның ішінде 32,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлап отырмыз» деп мәлімдеді. Ноғаев жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін облыс бюджетінен 1,4 млрд теңге бөлінгенін айтты.

Бұдан бөлек, Нұрлан Ноғаевтың Маңғыстауда «жастар көбінесе мұнайшы болғысы келеді» деді. 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай таусылғанда жағдай бұдан ары қиындайтынын, сондықтан, жастардың басқа мамандық игеруіне жағдай жасау керектігін айтты. 

 

– Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы жағдай бұдан да қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа мамандықтарды игеруіне жағдай жасауымыз керек. Мысалы, ақпараттық технология саласына,  деді Тоқаев.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

19/04/2023 12:27
18936 0

Уведомление