Үтікпен азаптау ісі. Сот жәбірленушілердің өтінішін тағы да қанағаттандырмады

Бұл жерде бір шикілік болып тұр


17/10/2022
13:40 26839 0

Талдықорған қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде адамдарды азаптады деп айыпталған полицейлер ісінің кезекті процесі өтті. Сот отырысында жәбірленуші Сарқыт Салқанов полиция департаментінде қалай азапталғанын айтты. Оның сөзінше, кабинетте бірнеше рет талып қалған.

 

Кабинетте мені 3-4 рет талдырып тастады. Есім жоқ. Күндіз келдім бе, түнде келдім бе білмеймін. Таяқтан шаршағанымнан ұйықтап кетіп тұрдым. Миым істемей қалды ма, жоқ әлде ұйқы безім қысылып қалды ма белмеймін. Басында таяқ батқан, аяғында таяқ батпай кетті. Түнімен тепкіледі... ,  деді Салқанов

 

Ол тергеуде таныған екі адамның бірі істе жоқ екенін айтты. Осыған байланысты судьядан істі қайта тергеуге жіберуді сұрады.

 

– Тергеу кезінде Айдын Кенжебаев пен Бақытжан деген екі кісіні таныған болатынмын. Бұған дейін талай сот болыпты. Оларға қатыса алмадым. Үйқамақта отырдым. Келе алмадым. Рұқсат бермеді. Бұл жерде Айдын бар да, ана кісі жоқ. Беттестіру екеуімен бір күнде болды. Бұл жерде бір шикілік болып тұр ғой. Мені итше тепкілеген адам жоқ. Істі қайта қарау керек. Мен көрсеткен жігітті осы жерге алып келу қажет. «Мен таныған адам тергеуге неге келмеді» деп сұрасам «ол жігітті Батырбаев екеуің ғана таныдыңдар, басқа дәлел жоқ» деді. Дәлел болу үшін видео болу керек дейді. Ол күні бүкіл ДВД-ның камерасы өшіп жатты. Телефондарымызды тартып алды. Қайдағы видео дәлел. Біз бір жұтым суға зар болдық,  деді Салқанов.

 

Салқыновтың өтінішін жәбірленуші Айтов пен Теңізбаев және күдіктілердің адвокаттары да қолдады. Бірақ судья Бекмұрат Дүйсенбеков өтінішті қанағаттандырмады.

 

Бұған дейінгі сот отырысында Дәурен Айтов пен Арман Теңізбаев та істе тергеу кезінде таныған адамдардың жоқ екенін айтып, қайта тергеу өткізуді сұраған. Ол кезде де судья өтінішті қанағаттандырмаған.

 

Сотта 17 жастағы Арлан Құттыбаевты жәбірленуші емес, куәгер деп көрсеткені белгілі болды. Осыған байланысты сот залында дау шықты. Судья жиналғандарды сабырға шақырды. Прокурор істе жоқ қызметкерлердің бөлек тексеріліп жатқанын айтты. Бірақ нақты қай іс бойынша тексерілетінін айтпады. Сот процесі кезінде судья төрт жәбірленушінің қалай азапталғанын тыңдады да, сот отырысы аяқталғанын хабарлады. Келесі сотты 28 қазанға белгіледі.

Айта кетейік, Талдықорғандағы үтікпен азаптау ісінде 23 адам жәбірленуші, 5 полиция қызметкері күдікті деп танылған. 17 қазанда жетінші сот отырысы өтті.

 

Қазірге дейін сот отырысы бірнеше рет кейінге қалдырылды.

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

17/10/2022 13:40
26839 0

Уведомление