«Үтікпен азаптау ісі»: Прокурор күдіктілердің барлығын «кінәлі» деп тануды сұрады

3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады


03/02/2023
14:35 2779 0

3 ақпанда Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды «азаптады» деп айыпталған бес полицейдің сотында жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы соттан күдіктілерді кінәлі деп танып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады.

 

Прокурор Ажар Нұрланова судья Бекмұрат Дүйсенбековтен сотталушы Айдын Кенжебаевты кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

 

– Кенжебаев Айдын Еркінұлын ҚР ҚК 146 бабының 2 бөлігінің 1,2,3,4 тармақтары бойынша кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімінде құқық қорғау жүйесі мен мемлекеттік қызмет лауазымдарын атқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, – деді ол сот залында. 

 

Мемлекеттік айыптаушы күдіктілер Сапармұрат Тоқташ пен Жанбақыт Нұртазаны кінәлі деп танып, 4 жылға, Алмас Боқанов пен Ермек Жұмашевты 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

 

Бұған қоса, прокурор Ажар Нұрланова сотталушылардың барлығын лауазымды шендерінен, 3 жыл мерзімінде мемлекеттік және құқық қорғау жүйесінде қызмет атқару құқығынан айыруды, жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу жазасын тағайындау қажеттігін айтты. 

 

Айыпталушылардың адвокаттары прокурордың өтініш-талабына қарсы уәж келтірмеді. Олар бүгін жарыссөзге дайын емес екендерін айтып, судьядан сотты кейінге қалдыруды өтінді. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды. 

 

Жәбірленуші Елнұр Тұрахметов судьядан сотталушыларға шартты жаза беруін сұрап, олардың осы уақытқа дейін көмектескенін айтты. Бірақ қандай көмек бергендерін нақтыламады.

 

– Бес сотталушыға шартты жаза беруіңізді сұраймын. Өйткені осындай жағдай болған кезде ІІМ бізге де кешірім берді. Сондықтан бұларға да кешірім берулеріңізді талап етемін. Біз де кешірім беріп отырмыз. Менен басқа жәбірленушілердің барлығы осылай сұрайды деген үміттемін. Бұл кісілер біздің қойған талаптарымыздың барлығын орындап, көмектесті, – деді ол. 

 

Тұрахметов сөйлеп болғанда сотталушылар мен олардың адвокаттары қол шапалақтады. Сотқа қатысқан тағы бір жәбірленуші Арман Теңізбаев та судьяға дәл осындай өтініш айтты. 

 

Процеске онлайн қатысқан жәбірленуші Дәурен Аитов моральдық-материалдық шығын мәселесі айтылмағанын айтты. Оған судья «ол бойынша алдағы уақытта өтініш-талап білдіруге болады» деді. 

 

Бұған дейінгі сот отырысында сотталушылардың барлығы процесуалдық келісімге келетіндерін мәлімдеген. Бірақ бүгінгі процесте прокурорлар ол өтініштің қабылданбағанын айтты. Олар тиісті қаулыны сотқа жібердік деді. Келесі сот отырысы 6 қаңтарда өтеді. 

 

Талдықорғандағы «азаптау» ісі бойынша 23 адам жәбірленуші, 5 полицей күдікті деп танылған. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

03/02/2023 14:35
2779 0

Уведомление