Үтік басып азаптау ісі: Жәбірленушілер сот залынан шығып кетті
Мен сотқа сенбеймін. Себебі күдіктілер қатарында бес ақ адам отыр. Қалғандары қайда? Қазір онда кем дегенде елу адам отыруы тиіс
Талдықорғанда Қаңтарда ұсталғандарды азаптады деген бес полицейдің ісі жалғасуда. 7 қарашада өткен процесте жәбірленуші тараптың сот құрамына сенімсіздік білдіру және істі қайта тергеуге жіберу туралы өтініші қанағаттандырылмады. Осыдан кейін олар сот залынан шығып кетті.
Жәбірленушілер мен адвокат Шынтаеваның судья Бекұмарт Дүйсенбеков пен прокурорларға сенімсіздік білдіру туралы өтінішін судья Абдулла Үмбетай қарады. Ол өтініш хаттағы уәждер Қылмыстық процестік кодекстің 87 және 88 баптарында көрсетілмегенін алға тартып, өтінішті қанағаттандырмады.
– Істі қарап отырған судьяға (Дүйсенбековқа – ред) мүмкіндік беріңіздер. Үш ай болды, біз әлі істің басында жүрміз. Жәбірленушілердің 11-і ғана сұралды. Барлығы сұралсын. Куәлер, сотталушылар сұралсын. Сот сайын өтініш хат бермей, барлығын жинап, бір күнде беріңіздер. Іс сотқа түсті, енді сот қандай да бір шешім шығаруы тиіс. Бір берген өтініштеріңізді қайта-қайта бере бермеңіздер. Уақыт созылып жатыр, – деді Үмбетай сот актісін оқып болған соң.
Бірақ судьяның бұл сөзіне жәбірленушілер қарсы шықты. Олар осы уақытқа дейін бірнеше рет өтініш хат жазғандарын, бірақ оның ешқайсысы қабылданбағанын айтты. Олар істі қайта тергеуге жібермесе, сотқа қатыспайтындарын алға тартып, залдан шығып кетті.
Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Сарқыт Салқанов істе шикіліктер көп екенін айтты. Оның сөзінше, істі қайта тергеуге жіберіп, судья мен прокурорларды ауыстыру қажет.
– Сотта мен таныған үш адамның біреуі ғана отыр. Екеуі жоқ. Біз соттан судья мен прокурорларды ауыстыруды сұрағанбыз. Прокурорлар бізді қорғағанның орнына сотталушыларды қорғап жатыр. Істе шикілік көп. Біз халық болып талабымызды айтуға шықтық. Өзімізге тиісті жазамызды алдық. Енді бізді ұрып-соққан полиция да жазасын алуы тиіс. Соттан шығып кеттік. Мынандай әділетсіз сотқа қатыспаймын, – деді Салқанов.
Іс бойынша жәбірленуші деп танылған 24 адамның бірі Александр Патюшин сотқа сенбейтінін айтты. Ол күдіктілер қатарында бес емес, кем дегенде елу адам отыруы тиіс дейді.
– Заң алдында барлығы тең. Біз өзімізге тиісті жазамызды алдық. Бұлар да ( азаптаған полиция қызметкерлері – ред) жазасын алсын. Мен сотқа сенбеймін. Себебі күдіктілер қатарында бес ақ адам отыр. Қалғандары қайда? Қазір онда кем дегенде елу адам отыруы тиіс. Мен таныған үш адамның біреуі ғана отыр. Қалған екеуі жоқ. Олар қайда? Заң қайда? – деді Патюшин.
Түскі үзілістен кейін сот жалғасуы тиіс болған. Бірақ жәбірленушілер процеске келген жоқ. Судья Бекмұрат Дүйсенбеков істі қарашаның 11-іне қалдырды.
Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптау бойынша бес полиция қызметкері күдікті деп танылған. Қазір олардың біреуі тергеу изоляторында, қалған төртеуі үйқамақта отыр.
Нет комментариев.