Тараздағы әруақтар соты: Куәлар азапталғанын айтады, судья назар аудармайды
Бұлар журналистер, халық білмесін деп кейінге қалдырып қойды
Таразда Қанды Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 9 адамның соты жалғасуда (күдіктілердің бесеуі оққа ұшып, қаза тапқандар). 18 қаңтарда өтуі тиіс сот отырысын судья Бағдат Төребекұлы кейінге қалдырды. Ол процестің кейінге қалуын тергеу изоляторында отырған өзге үш күдіктіні алып келетін конвойдың Қырғызстанға іс-сапармен кетуімен түсіндірді. Сотталушылардың туыстары бұны сотқа журналистердің келуімен байланыстырды. Олар Таразда бір ғана конвой жеткіліксіз дегенге сенбейді.
Қаңтарда оққа ұшып, қаза тауып, кейіннен үстінен ҚР ҚК 272 бабының 2 тармағы бойынша іс қозғалған Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков судьяның сотты кейінге қалдыруын былай деп түсіндіреді:
– Сот «біздің конвойлар Қырғызстанға этаппен адамдарды алып кетті. Сол себепті біздің балалармен бірге сотталып жатқан үш адамды алып келе алмайды» деп, істі кейінге қалдырды. Мейлі, он конвой кетсін. Бірақ, Таразда 10-ақ конвой емес шығар. Конвойлар көп. Мен ойлаймын, бұлар журналистердің келе жатқанын білді. Қазір істі зерделеу жүріп жатыр. Оны біз ашық талқылап жатырмыз. Соны бұлар журналистер, халық білмесін деп кейінге қалдырып қойды – деді Шыңғысбеков.
Оның сөзінше, істе шикіліктер өте көп. Куә болып келіп жатқан адамдар сот залында куәлік беру кезінде азапталғанын ашық айтқан. Бірақ судья олардың мәлімдемесі мен өтініш-арызына назар аудармаған.
– Куәгер болып келіп жатқан балалардың барлығы Қаңтарда алаңда машинаның үстіне шығып, ту ұстап жүргендер. Оларды біз видеодан көрдік. Әлібек Жандос деген куәгер сотқа арыз жазып алып келіп, «судья мырза, мені Қаңтар кезінде азаптады, осыдан кейін мен амал жоқ айттым. Мені адвокатымның көзінше тергеушілер тепкілеп жатқанда ол ешнәрсе істеген жоқ» деді. Тұрысбек деген куәгер менің баламды көрмегенін айтты. Ол да құжаттарға қолды азаптау кезінде қойғанын мәлімдеді. Үшінші куә болып Мырзалиев деген бала келді. Ол аяғында әлі күнге дейін оқ барын, азаптаған соң еріксіз куә болғанын ашық айтты. Судья үндеген жоқ. Сұрақ та қоймады. Басын изеп отырды, – деді ол.
Бақытжан Шыңғысбеков Кәуетов есімді куәнің соттан шыққан соң Кеңес Ернияз деген тергеушінің машинасына мініп кеткенін көрген. Ол кейбір куәгерлерді тергеушілер арнайы дайындаған деп күдіктенеді.
– Кәуетов деген куәгер бар. Біз ол соттан шығып, жолдың арғы жағына өтіп, Қаңтар оқиғасы бойынша Таразға Шу қаласынан арнайы келген Кеңес Ернияз деген тергеушінің машинасына мінгенін көрдік. Екеуі бірге кетті. Біз оларды суретке де түсіріп алдық. Яғни, ол Кеңес Ернияздың арнайы дайындаған куәсі деп нақты айта аламыз. Оған көзіміз жетті, – деді Шыңғысбеков.
Ресми дерек бойынша, Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам қаза тапқан. Оның ішінде Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың туыстары тағылған айыппен келіспейді. Жақындарын жазықсыз атып өлтіріп, алаңға жақын жерге әкеліп тастаған деп есептейді.
Қанды Қаңтар кезінде Қазақстан бойынша 238 адам қаза тапқан. 10 мыңнан астам адам ұсталып, оның 70 пайызы азапталған. Қазір «адам өлімі» және «азаптау» бойынша істердің басым көпшілігі тоқтатылған.
Нет комментариев.