Таразда апелляциялық сот «аруақтарды» процеске кіргізбек болған

«Бұлар шынымен де аруақтарды соттайын деді ме?»


10/08/2023
13:50 6008 0

 

Таразда Қаңтар оқиғасында оққа ұшып, қаза тапқан Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева Masa Media тілшісіне ұлының оқтан емес, азапталып көз жұмғанын дәлелдейтін фотолар ұсынды. Оның сөзінше, суреттер іс материалдарында тіркелген. Бірақ оған ешкім назар аудармаған. Ол апелляциялық сот шешімімен келіспейді. 8 тамызда Жамбыл облыстық апелляциялық соты бірінші сатылы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырған. 

 

– Ұлым 2022 жылы 7 қаңтарда зорлық-зомбылықпен өлтірілді. Іс бір жыл сегіз ай қаралды. Қалалық және апелляциялық сот өтті. Екі сотқа да көңілім толмайды. Біз келтірген уәждерді қабылдамай, тергеу кезінде мемлекеттік айыптаушылар қандай қателіктер жіберсе, соны апелляциялық сот бізге қайтадан оқып берді. Апелляциялық сот қаза тапқан Нұрсұлтан Қуатбаевты ғана ақтады. Бірақ ол балаға куә болған адам, біздің де балаларымызға куә болған. Біз соны түсінбедік,  деді Закаряева. 

 

 

Нигора Закаряева сөзінше, апелляциялық сот марқұмдардың үкімін СИ-13 түрмесінде оқыған және сотқа қайтыс болған адамдар шақырылған.

 

– Сот үкімді СИ-13 түрмесінде оқыды. Біз барсақ, сотқа Ержан Байжанов кіру керек деді. Қағазда солай жазылған. Біз Ержан Байжановтың қайтыс болғанына бір жыл сегіз ай болды, марқұмдар сотқа қалай қатысады десек, «біз білмейміз, сіздердің аты-жөндеріңіз қағазда жоқ» деді. Сонда марқұмдар сотқа қатысуы керек екен. Үш судья үкімді солардың алдында оқуы қажет екен. Сонда бұлар шынымен де аруақтарды соттайын деді ме?, – деді ол. 

 

 

Алдағы уақытта марқұмдардың туыстары Астанаға барып, Жоғары сотқа кассациялық шағым түсірмек. 

 

7 ақпанда Тараз қалалық N2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы қаңтарда оққа ұшқан – Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевты кінәлі деп танып, қайтыс болуларына байланысты жазадан босатқан. Ел арасында бұл іс «аруақтар соты» деп аталып кеткен. Жалпы, Қазақстан бойынша Қаңтар оқиғасына қатысты 12 марқұм сотталған. 

 

8 тамызда Жамбыл облыстық апелляциялық соты Нұрсұлтан Қуатбаевты ақтап, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырған. 

Поделиться

Нет комментариев.

10/08/2023 13:50
6008 0

Уведомление