Сұйытылған газ бағасы қымбаттайды

Қаңтар оқиғасы газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылықтан басталған болатын


20/04/2023
11:10 18839 0

Фото: Lada.kz

 

Алдағы үш айда сұйытылған газ бағасы қымбаттайды. Бұл жөнінде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. 

 

– Қазір [сұйылтылған газ] бағасы әр аймақта әртүрлі. Бастапқыда аса қатты қымбаттамайды деп ойлаймын – 5-10 теңге, одан артық емес. Бірақ кейін өзіндік құнын ақтайтындай бағаға шығамыз, – деді Сәтқалиев.

Оның айтуынша, үкімет бәсекелестікті қорғау агенттігімен және депутаттармен бірлесе отырып, бірнеше жыл ішінде сұйылтылған газ бағасын кезең-кезеңмен нарық бағасына «сәйкестендіреді».

– Бәрі бағаға келіп тіреледі. Өзіндік құны литріне 70 теңге болса, қазір 50 теңгеден сатылып жатыр. Компаниялар шығынмен жұмыс істеп отыр. Салыстырып айтсақ, Ресейдегі газ бағасы 2 есе жоғары – 120 теңге. Тәжікстанда 177 теңге. Оларда баға шынымен нарық заңы бойынша қалыптасқан. Әлемдегі тәжірибеге қарасақ, газды артығымен өндіретін елдерде сұйылтылған газды көлік жанармайы ретінде пайдалануды ынталандыру үшін бензин бағасының 70 пайызы мөлшерінде баға белгілейді. Мұндайды ақылға қонымды экономикалық тетік деп қарауға болады, – деді Сәтқалиев.

Бұған дейін елде АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин мен дизель қымбаттаған еді. 19 сәуірде үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанармай бағасы туралы айтып, амалсыздан тарифті көтеруге тура келгенін меңзеген.

2022 жылы қаңтарда Жаңаөзен халқы сұйытылған газдың қымбаттауына қарсы наразылыққа шыққан. Кейіннен оны Қазақстанның басқа аймақтары да қолдаған. Әлеуметтік талаптардан басталған бейбіт митинг артынан саяси талаптар қойылған шеруге ұласып, ол тәртіпсіздікпен жалғасқан. Ресми дерек бойынша, Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Тәуелсіз құқық қорғау ұйымдары он мыңнан астам адам ұсталып, оның жетпіс пайызы азапталғанын айтқан. Қаңтар оқиғасына әлі күнге дейін саяси-құқықтық баға берілген жоқ. 

Поделиться

Нет комментариев.

20/04/2023 11:10
18839 0

Уведомление