Судья сотқа Тоқаевты шақырудан бас тартты

Астанада «Алаш Орда» партиясын құру бастамашыл тобының соты өтіп жатыр


02/03/2023
13:56 20673 0

 

2 наурызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында «Алаш Орда» партиясын құру бастама топ өкілдерінің әділет министрлігі үстінен түсірген шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады.

 

Сотқа бастама топтың заңгері Әлібек Алмабаев және әділет министрлігінің өкілі Сұлтан Байдүйсен қатысқан. Істі судья Қайрат Смағұлов қарап жатыр. Бейсенбі күні сот бастама тобының президент Қасым-Жомарт Тоқаевты мүдделі тұлға ретінде іске тарту туралы өтінішін қабылдамады.

 

Ақпан айының басында тіркелмеген «Алашорда» партиясы саяси ұйымды тіркету туралы әділет министрлігіне оныншы рет өтініш түсіріп, өтініштері кері қайтарылған еді. Бастама топ өкілдері бұл шешіммен келіспейді.

Бастама топ өкілдеріне берген жауабында әділет министрлігі өкілдері «Саяси партиялар туралы» заңның 8-бабы 3-тармағына сүйене отырып «заңбұзушылықтар барын" алға тартқан. Атап айтқанда, бастама өкілдері ұсынған тізімде "әскери қызметкерлер мен басқа партияға мүше азаматтар» барын айтқан.

2 наурыз күнгі сот тыңдауы кезінде заңгер Әлібек Алмабаев министрлік өкілінен «тізімде сондай қанша адам бар?» деп сұрап еді, министрлік қызметкері «оны нақтылау қажет» деп жауап берді.

Сот тыңдауы кезінде Әлібек Алмабаев іске «мүдделі тұлға ретінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев, бас прокурор Берік Асылов және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасын да» тарту туралы өтініш берді. Алайда судья өтінішті бірден кері қайтарды.

– Соттың ойынша, көрсетілген үш тұлға президент, бас прокурор және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы «мүдделі тұлға» болып танылмайды, себебі құқықтары мен бостандықтары заңды мүдделері қозғалып жатқан жоқ, – деді судья.

Ал Әлібек Алмабаев бұл шешіммен келіспесе де, қарсылық білдірмейтінін айтты. Ол соттан кейін шешіммен келіспеуінің себебін түсіндірді.

– Арыз бірінші кеңсеге түседі. Одан кейін судьяға бөлінеді. Судья оны не қабылдайды, не қабылдамайды. Егер менің талабымда белгілі бір мүдделі тұғалардың мүддесіне нұқсан келіп, олармен мүдделілік танып қойсам, әдетте ондай талап-арыз өндіріске қабылданбауы тиіс. Біздің жағдайда судья өндіріске қабылдап алып, сот заында хаттамалық шешім шығарып, оларды мүдделі тұлғалар қатарынан алып тастады. Бұл дегеніңіз процедуралық заңбұзшылық, – деді заңгер.

Бастама топ өкілдерінің ақпаратына қарағанда, «Алаш Орда» партиясын құру бастама тобы 2021 жылы күзде құрылған. Олар осы уақытқа дейін саяси ұйымды тіркету үшін он рет өтініш беріп, құжаттары он рет кері қайтқан.

Бұған дейін әділет министрлігі бұларға «ұсынылған тізімде кәмелетке толмағандар, қайтыс болып кеткендер барын айтып» өтініштерін қабылдамай келген. «Партия» өкілдері мұндай шешімдердің «саяси астары бар» деп санайды. Билік мұны жоққа шығарады.

Қазір бастама тобының республика бойынша мыңнан астам мүшесі бар.

Қазір Қазақстанда «Алаш Орда» сияқты партияларын тіркете алмай жүрген бастама топтар бар. Олардың кейбірі партияны тіркеу бойынша оннан астам талпыныс жасап, тіркете алмаған.

Қазақстан билігі «саяси партия құру шарттары жеңілдеді» деп жиі айтқанмен сарапшылар іс жүзінде «саяси партия құрудағы кедергі-тосқауылдар сол күйі қалғанын» айтады.

«Алаш Орда» партиясын құру бастама тобының ісі бойынша сот 24 наурызда өтеді.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

02/03/2023 13:56
20673 0

Уведомление