«Сот емес, кино»: «Әуежайды басып алу ісі» бойынша апелляциялық сот офлайн өтпейтін болды

Даумен басталып, айыппұл, қамауға ұласқан сот жалғасуда


27/09/2023
12:15 6166 0

 

Даумен басталған «Әуежайды басып алу» ісі бойынша апелляциялық сот жалғасуда. 26 қыркүйекте өткен процеске қатысу үшін сотталушылардың туыстары мен жақтастары Алматы қалалық сотының алдына тағы жиналды. Олардың кейбірі үстілеріне «Митингке келген жоқпын, сотқа келдім» деген жазуы бар футболка киіп келді. Бірақ сот тағы да онлайн өтті. Жұмыс күні болса да қалалық сот есігі жабық болды. Ғимаратты полиция қоршап тұрды. 

 

Сот ғимаратының алдына 30-ға жуық адам жиналды. «Митингке келген жоқпын, сотқа келдім» деген футболка киген белсенді Майра Ғабдуллина билікті сынап сөз сөйледі. 

 

– Бұл биліктің заңсыз әрекеттері. Футболка киюге болмайды, митингке баруға болмайды. Бүгін де мені ұстап, қамап, айыппұл салуы мүмкін. Сондықтан мен «Сотқа келдім, митингке келген жоқпын» деп жазып алдым. Мен Айгерім Тілеужанның сотына келдім. Шіріген билік халықтан, заңсыз сотталып жатқан қоғамдық белсенділерден қорыққандықтан осылай істеп жатыр. Ешқандай әділдік, ешқандай «Жаңа Қазақстан» жоқ, – деді Майра Ғабдуллина. 

 

 

Бұған дейін әкімшілік сот белсендіге «Әуежайды басып алу» ісі бойынша 19 қыркүйекте өткен апелляциялық сотқа қатысқаны үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл салған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспеген. 

 

Қалалық сот алдына жиналған белсенділерді полиция мен ішкі саясат қызметкерлері сырттай бақылап тұрды. Жиналғандар сотқа далада тұрып телефон, ноутбукпен онлайн режимде қатысты. Бірақ байланыс нашар болғандықтан көбісін ZOOM жүйесінен шығарып жіберді. 

 

Сотқа барған Masa Media тілшісі де процеске онлайн қосылды. Сот отырысында алдын ала тыңдау болды. Істі сот алқасының судьялары Ержан Даулиев, Нұржан Қарабаев және Людмила Бектемірова қарауда. 

 

 

Сотталушылар мен олардың қорғаушылары байланыстың нашарлығына шағымданды. Жан-Айдар Карменов «карантин уақыты емес, процесті офлайн өткізуге де болады. Біз сот залында тәртіпсіздік жасайтын басбұзар емеспіз ғой» деп мәлімдеді. 

 

Айгерім Тілеужан сотқа сенімсіздік білдіретінін, осы уақытқа дейін іспен танысуға мүмкіндік берілмегенін айтып, процесті офлайн өткізуге байланысты өтінішін қабылдамағанын мәлімдеді. 

 

Нұрлан Дәлібаев сотты офлайн өткізуді талап етіп, аштық жариялағанын айтты. Бұған дейін Айгерім Тілеужан дәл осындай талаппен аштық жариялаған.

 

Сот алқасының төрағасы Ержан Даулиев процеске қатысушылардан «сот құрамына сенесіздер ме?» деп сұрады. Айыптаушы тарап өкілдері сенетіндерін айтты. Сотталушылар мен олардың қорғаушылары бір ауыздан сенбейтіндерін жеткізді. Барлығы ісі офлайн режимде қарауды сұрады. 

 

Айгерім Тілеужан мен оның адвокаты Айнара Айдарханова бүкіл соттың құрамына сенімсіздік білдірді. Осыдан кейін сот алқасы кеңесу бөлмесіне кетті. 

Сот алқасы сотталушылар мен олардың адвокаттарының өтінішхаттарын қанағатсыз қалдырды. Судья Ержан Даулиев процесс осы құрамда және офлайн режимде жалғасатынын мәлімдеді. Ол оны «қалалық сот құрамына толықтай сенімсіздік білдіруге болмайтынымен және онлайн режимде байланыс нашар болса сотталушылардың уәждерін қайталап айтуға мүмкіндіктері барымен» түсіндірді. Ал Айгерім Тілеужан мен Жан-Айдар Карменовтің «іспен танысуға мүмкіндік бермегені туралы шағымы сотқа келіп түскен жоқ» деді. 

 

 

Адвокаттар «соттың техникалық ұйымдастырушылары» ZOOM жүйесінің дыбысын өшіруіне қарсылық білдірді. Қорғаушы Айнара Айдарханова «Дыбысты неге өшіріп тастайсыздар? Осы себепті біз процесті офлайн өткізуді сұрап отырмыз. Мүмкін сіздер тағы микрофонды скотчтап тастайсыздар» деді. 

Сотталушы Жан-Айдар Карменов «Бұл сот емес, сіздер қойып отырған кино» деді. 

 

Процесс сотталушылар онлайн байланыстан ажыратылғаннан кейін аяқталды. Судья олар отырған тергеу изоляторы стратегиялық нысан болғандықтан байланыс үзілді деп түсіндірді. Оның сөзінше, сотталушылар 18:00-ге дейін ғана байланысқа шыға алады. Келесі сот отырысы 3 қазанға қалдырылды. 

 

19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде «Әуежайды басып алу ісі бойынша» сотталғандардың апелляциялық соты даумен басталған. Процеске қатысу үшін Алматы қалалық сотына келген адамдар саны көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген. 

 

«Әуежайды басып алу ісі» бойынша айыпталған белсенді, журналист Айгерім Тілеужан 4 жылға, тарих пәнінің мұғалімі, белсенді Қалас Нұрпейісов, Жан-Айдар Карменов, Нұрлан Дәлібаев және Ермұхамет Шилібаев 8 жылға сотталған. Олар бірінші сатыдағы сот шығарған шешіммен де, тағылған айыппен де келіспеген. Айгерім Тілеужан «істің саяси тапсырыс» екенін мәлімдеген. 

Поделиться

Нет комментариев.

27/09/2023 12:15
6166 0

Уведомление