Сот Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі бойынша сотталған ҰҚК сарбазын мерзімінен бұрын босатудан бас тартты


13/02/2024
12:10 8632 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Сот оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын ұрлап әкетіп, өлтірді деп айыпталып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған Виталий Мирошниковті мерзімінен босатпады. 

 

Семей қалалық N2 соты Виталий Мирошниковтің мерзімінен бұрын босату жөніндегі арызын қарап, судья Серікбаев өтінішхатты қанағаттандырмады. 

 

Виталий Мирошников ҰҚК «Арыстан» арнайы жасағының сарбазы болған. Ол 2006 жылы жұмбақ жағдайда қаза тапқан оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынның өліміне қатысы бар деп айыпталып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған. 

 

Жақында саясаткерді екі бірдей көмекшісімен бірге өлтірді деп айыпталып, өмір бойына сотталған Рустам Ибрагимов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан ісі қайта тергеуді сұрап, хат жолдаған. Онда ол қылмыс жасағанын жоққа шығарып, сол кездегі күштік құрылым басшыларынан қысым көргенін айтқан. 

 

Қостанай облысы Жетіқара ауданындағы №39 мекемеден жазылған хат 6 ақпанда «Злобная татешка» telegram арнасында жарияланған. Адвокат Болат Омаров хатты Ибрагимовтың өзі жазғанын Азаттық радиосына растаған.

 

2006 жылы 13 ақпанда Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Көктөбе және «1бригада» ауылдарының арасындағы жолда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісі Бауыржан Байбосын және Василий Журавловтың денесі табылған. Кейіннен 25 ақпанда парламент сенаты аппаратының басшысы Ержан Өтембаев ұсталған. 

 

Өтембаев «үш адамды өлтіруге тапсырыс берді» деп айыпталып, 20 жылға бас бостандығынан. 2014 жылы үкім қайта қаралып, «қылмысқа айдап салушы» бабыман 13 жылға сотталған. 2018 жылы Өтембаев қайтыс болды. 2013 жылы бас прокуратура «Алтынбек Сәрсенбайұлыны өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев (экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы) тапсырыс берген» деп мәлімдеді. 

 

Бас прокуратура Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес – Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткенін алға тартқан. 

 

Рахат Әлиев 2015 жылы Вена қаласында түрмеде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Австрия полициясының ресми қорытындысы бойынша, ол түрмеде асылып өлген. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев қазір Австрияда тұрады. Ол елдің құқық қорғау органдары оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартқан.

 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/02/2024 12:10
8632 0

Уведомление