Әскер қолынан қаза тапқан Қырықбаевтың ісі: Сот жәбірленушілердің өтінішін қанағаттандырмады

Бастапқыда Ерназар Қырықбаевтың қазасына байланысты іс ҚР ҚК 99 бабы (адам өлтіру) бойынша қозғалған. Кейіннен ол 451 бапқа (қызметін асыра пайдалану) ауыстырылған


20/10/2022
18:44 5469 0

Алматы горнизоны әскери сотында Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевтың өліміне қатысты сот процесі өтті. Күдікті Марк Злуняевтің өтініші бойынша отырысқа БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Судья Абдуллин журналистерге процестің басын ғана фото-видеоға түсіруге рұқсат берді. 

 

Сот процесінің басында жәбірленуші тараптың адвокаты Қадір Бересалған Марк Злуняевті қамауға алуды сұрады. Прокурор Данияр Естеуов «Злуняевтің тергеу кезінде ешқандай заң бұзбағанын, қарсылық білдірмегенін» алға тартып, Злуняевтің кепілдікпен бостандықта жүру бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Оны күдіктінің қорғаушысы Гүлнар Валимова қолдады. Осыдан кейін судья Абдуллин Злуняевті қамауға алу өтінішін қанағаттандырмады. 

 

Адвокат Қадір Бересалған заң бойынша күдікті қамауда отыруы керек дейді. 

 

– 147 бапты қолданып, мен (Марк Злуняевті -ред) қамауға алу туралы өтініш білдірдім. Бірақ сот оны өкінішке орай қамауға алмады. Негізі заң бойынша қамауға алынуы тиіс, – дейді Бересалған. 

 

Қорғаушының сөзінше, сотта азаматтық талап-арыз түсіріп, жәбірленушіге әскери бөлім тарапынан моральдық-материалдық шығын өтеуді сұраған. 

 

– Азаматтық талап-арыз деген бар. Ол – жәбірленушінің моральдық-материалдық шығындарын төлету. Сот барысында сол талап-арызды бердік. Сол арыз бойынша төлем төленеді. Қаза тапқан жігіттің айлық жалақысы, моральдық шығыны есептеледі. Қанша дегенмен бес бала жетім, әйелі жесір қалды. Бұл азаматтық кодекстің 921 бапта қарастырылған. Заң бойынша күдікті Злуняевтің жұмыс орыны, яғни әскери бөлім шығындарды төлеуге міндетті, – деді Бересалған. 

 

 

Қадір Бересалған сот медсараптама Ерназар Қырықбаевқа оқтың сол жақ тұсынан тигенін дәлелдеген. Оның сөзінше, бұл Қырықбаевтың әскери бөлім аумағына қатысы жоқ жолмен кетіп бара жатқанын айқындайды.

 

– Ол атпен мал іздеп шыққан. Оны (Марк Злуняев-ред) көре салып, атқанға ұқсайды. Себебі оқтың барлығы сол жақтан тиген. Егер әскери бөлімге қарама-қарсы келе жатқан болса оқ маңдайынан тимей ме? Бұның барлығы медициналық сараптама қорытындысымен анықталып отыр. Сондықтан бұл жерде мойындамау, жалған сөлеу негізсіз, – дейді адвокат.

 

 

Бастапқыда Ерназар Қырықбаевтың қазасына байланысты іс ҚР ҚК 99 бабы (адам өлтіру) бойынша қозғалған. Кейіннен ол 451 бапқа (қызметін асыра пайдалану) ауыстырылған. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе ол бұл бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

 

Бұл Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан адамдардың өліміне байланысты өтіп жатқан алғашқы сот. Көктемде Бас прокуратура көз жұмған 238 адамның барлығының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Әзірге ол істердің қай деңгейде екені белгісіз.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

20/10/2022 18:44
5469 0

Уведомление