СИ-18 ТҮРМЕСІНДЕГІ АЗАПТАУ: «ОҚ ТИГЕН ЖЕРДЕГІ ШЛАНГАНЫ, ТІГІЛГЕН ЖІПТЕРДІ ЖҰЛЫП ҚИНАДЫ»

Қаңтар оқиғасы кезінде аяғына оқ тиіп жараланған Ақылжан Қисымбаев CИ-18 түрмесінде азапталғанын айтады


28/02/2022
14:49 5559 0

«ҚАРУДЫ ӘСКЕРИЛЕР АТЫП БАСТАДЫ»

 

Ақылжан Қисымбаев қаңтар оқиғасы кезінде ешқандай митингке қатыспадым дейді. Оның сөзінше, 5 қаңтар күні ол жұмыста болған. Аяғына оқ Сейфуллин мен Гоголь көшелерінің қиылысында тиген. 

 

— Алматыға 29 желтоқсанда келдім. Сейфуллин-Гоголь адресінде орналасқан құрылысқа сваршик болып орналастым. Қаңтардың 5-і күні Алматыда көтеріліс болып жатқанын смс арқылы білдік. Біздің бригаданың балалары үйлеріне қайтып кетті. Жұмыс орнында күзетші ретінде қалдым. Бір жағынан жұмысымды істедім. Түстен кейін адамдар Сейфуллин көшесімен төмен түсе бастады. Сол кезде дүкен терезесі сынды. Қорқып далаға шықтым да Сейфуллин көшесімен жоғары қарай қаштым. Сол уақытта аяғыма оқ тиіп, есімді жоғалттым. Кейіннен №12 ауруханада ем қабылдап, аяғыма ота жасалды. Оқ оң аяғымның балтырынан өткен екен... Мен жұмыстың алдына шыққан кезде бір топ адам есіктің алдынан өтіп бара жатты. Олардың артынан әскерилер өтті. Сол жерде атыс басталды. Кім атқанын көре алмадым. Бірақ қаруды әскерилер атып бастады. Маған тиген оқ автоматтың оғы деп айтты. Біледі екен. Оқ тиген жер кішкентай да, тесіп шыққан жері жалбырап кеткен болды, — дейді Қисымбаев.

 

«СЕНДЕРДІ ӨЛТІРЕМІЗ, ҚҰДАЙЛАРЫҢА СЫЙЫНА БЕРІҢДЕР ДЕДІ»

 

Қисымбаевтың айтуынша, автоматпен қаруланған маскадағы адамдар оқ тиіп ауруханада жатқан 30-дан астам адамды күштеп СИ-18 түрмесіне алып барған. Әскерилер жаралы науқастардың басына автомат төсеп, өлтіретіндерін айтқан. 

 

— Қаңтардың 8-і күні сағат сегіздер шамасында автомат, тапаншамен қаруланған, қара киінген, маскадағы 7-8 адам біз жатқан палатаға кіріп, шашымыздан жұлып жерге жатқызды. Мен сол уақытта капельницада жатқанмын. Сол жерден жұлып алды. Басымызға автомат төсеп, сөйлемей, қимылдамай жат деді. Бір палатада үш адам жаттық. Біреуінің екі аяғы атылған. Екіншісінің бір аяғы атылған, екінші аяғы гранатаға түскен. Сосын мен болдым. Үшеумізді де ұрып-соғып дәлізге алып шығарды. Шықсақ ол жерде жаралғанған 15 адамдай жиналған екен. Арасында ішіне, аяғын оқ тигендер, көзі көрмейтін адамдар да болды. Барлығымызды төмен түсірді. Біз төртінші қабатта болдық. Травмотологияда орын болмағандықтан бізді родильный отделениеге жатқызған. Мені баспалдақтан ұрып, домалатып түсірді. Өздігімнен жүре алмадым. Далада 30-35 адам тұрды. Барлығы тыржалаңаш, шлангаларымен, қансыраған болды. Далада жатқызып қойып, ұрып-соғып, 15 минуттай ұстады. Сосын бізді екі автозакқа бөліп салды. Біздің машинаға 17 адамды отырғызды. Жолда «сендер вахабиссіңдер, адам атқансыңдар, сендерді қазір өлтіріп тастаймыз, құдайларыңа сыйына беріңдер» деді. Шамамен бір жарым сағаттан кейін СИ-18 түрмесіне алып келіп түсірді. Біз ол кезде оның түрме екенін білген жоқпыз, — дейді Қисымбаев. 

 

«ТҮРМЕГЕ ТЫРЖАЛАҢАШ КІРДІМ. ЖАРАЛАНҒАН АДАМДАРДЫҢ ҚАНЫ СОРҒАЛАП ЖҮРДІ»

 

СИ-18 түрмесіне тыржалаңаш кірдім. Іші суық болды. 8 қаңтардан 18 қаңтарға дейін солай жүрдім дейді Ақылжан Қисымбаев. 

 

— Түрмеге алып келген балалардың жағдайы өте қиын болды. Екі аяғымен жүре алмайтындар болды. Оларды екі аяғынан ұстап сүйреп жүрді. Барлығы тыржалаңаш, қандары ағып бара жатты. Екі көзі көрмей қалған баланы бір аптадай өзім қарап жүрдім. Ол кісімен сөйлескенімде «көзімнің алдында граната жарылды» деп айтты. Бірінші күні бір әйел, төрт ер адам тергеді. Тыржалаңаш болдым. Ешқандай киім жоқ. Түрменің іші өте суық болды. Мен 8-і күнінен бастап 17-18-іне дейін солай тыржалаңаш жүрдім. 14-і күні сот болды, сотқа да тыржалаңаш кірдім. Сот соның барлығын көріп тұрды... Ешкім бізді тыңдаған жоқ. Тергеуде барлығы «6-7-8 күндері не істедің? Сендер жардыңдар, көшеде жүрдіңдер» деді. Біз бесі күні ауруханаға түстік десем тыңдамады, — дейді Қисымбаев. 

 

АЯҒЫМДАҒЫ ШЛАНГТАРДЫ, ТІГІЛГЕН ЖІПТЕРДІ ЖҰЛДЫ»

 

Ақылжан Қисымбаев СИ-18 түрмесінде 8 қаңтардан бастап, 20 қаңтарға дейін соққыға жығылғанан айтады. Оны тергеу кезінде аяғындағы жарасына қойылған трубкалар мен тігілген жіптерді жұлып азапталған. 

 

— Мені сегізінен жиырмасына дейін күнде-күнде ұрды. Бірінші күні алғашқы болып тергеген бір әйел мен төрт еркек ұрған жоқ. Олардан кейінгі екінші бөлмеде қай жерде атылғаныңды сұрайтын екі адам қатты ұрды. Аяғымда қан таматын шлангтар тұрған, соны жұлды, тігілген тігістерін жұлды. «Сен өтірік айтпа» деп басымнан дубинкамен ұрды. Содан кейін басқа бөлмеге алып барып таңға дейін тепкіледі. Тоғызы күні таңертең бізді камераларға бөлді. Біз отырған 268 камерада 11 адам болды. Күніне 3-4 рет тергеу алады. Сол тергеулердің барлығында ұрды. Мені 10- ы күні қатты ұрды. Сол күні бір тергеуші мен автомат асынған маскадағы екі адам келіп тергеуге алып кетті. Басыңды көтертпейді. Қайда әкетіп бара жатқанын білмеймін. Дәлізде біреу «мынаны КНБ-ның 14-ші прадолына алып барыңдар» деді. Содан бір жерге апарды да, бөлмеге кіргізіп жіберді. Кішкентай ғана терезе болды. Іші қараңғы. Столда қайшы, пышақ, ара жатты. Бір жағында адамды асып байлайтын жіптер тұрды. Он минуттан кейін мені байлап, екі сағаттай ұрды. 4-5 рет есімді жоғалттым. Су шашып оятып алады да қайтадан ұрды... Ұрған адамдардың аты, түрі есімде қалған жоқ. Барлығы маскада болды, — дейді Қисымбаев. 

 

«ЕКІ КӨЗІ КӨРМЕЙТІН ЖІГІТТІ СУЫҚ БӨЛМЕГЕ КІРГІЗІП, СУ ШАШЫП ҚИНАДЫ»

 

Ақылжан Қисымбаев түрмеде бір апта қасында болған екі көзі көрмейтін жігітті суық бөлмеде су шашып қинағанын айтады. 

 

— Екі көзі көрмей қалған жігітті тыржалаңаш шешіндіріп, суық бөлмеге кіргізіп, суық су шашып қинады. Оны ұрған жоқ. Солай екі күн қинады. Ол кісі қасымда «мыналар неге ұрып жатыр, мен қай жақта жүрмін?» деп жылап жүрді. Жүре алмайтын бір бала жатты. Оған «екі аяғыңмен тұр» дейді. Ол тұра алмайды. Тұра алмағаны үшін сол ауыру аяғынан ұрды. 17-18-і күндері бізді ІІМ адамдары түрменің адамдарына тапсырды. Сол кезде ұру азайды. Рысбек Мамыров деген аға болды. Оны да №12 ауруханадан алып кеткен. Сол кісінің аяғын омондар автоматтың дүмімен көзімше сындырды. Ол кісі жүре алмай қалды. Рысбек аға әлі шыққан жоқ, отыр. Сарыөзекте имам болған екен. Намаз оқығаны үшін «сен вахабиссің» деп ұрды, — дейді Қисымбаев. 

 

«СОТ МЫНАЛАР САСЫҚ ҚОЙ, ЖУЫНДЫРМАЙСЫҢДАРМА ДЕП КҮЛДІ»

 

Ақылжан Қисымбаев бұндай сотты бұрын соңды көрмегенін айтады. Оның сөзінше, сотқа екі адамнан кіргізген және процесс 2-3 минут болған. 

 

— Сотқа тыржалаңаш кірдім. Аяғым қан-қан болды. Ешкім ешнәрсе деген жоқ. Сот «мыналар сасық қой, жуындырмайсыңдарма» деп күлді. Ешкім, ешнәрсе қараған жоқ. Мен бұндай сотты өмірімде бірінші рет көрдім. Соттың алдында бір тергеуші маған «сендерге айып тағып жатыр, бұйырық бар, екі ай отырасыңдар» деді... Балаларды сотқа насилкамен кіргізді. Барлығы соны көріп отырды. Прокуратурадан подполковник Құрманов деген кісі болды. Ол да көріп отырды. Күнде ұрғандарын да көріп отырды. Ешкім ешнәрсе деген жоқ, — дейді Қисымбаев. 

 

«ҚАЗІР АУРУХАНАЛАР ҚАРАМАЙДЫ, КЕЛМЕЙ-АҚ ҚОЙЫҢДАР ДЕЙДІ»

 

Ақылжан Қисымбаевтың сөзінше, қазір қаладағы бірде-бір мемлекеттік аурухана қабылдамайды. Барлығы «келмей-ақ қойыңдар» деп шығарып салған. Ал жекеменшік ауруханаға қаралуға қаражат тапшы. 

 

— Қазір ауруханалар қарамайды, қорқады. Бүкіліне бардым. Облыстық ауруханаларға да бардым. «Сендер келмей-ақ қойыңдаршы» дейді. Өйткені бізді қалай алып кеткенін біледі. «Мені аурухана қарамай жатыр» деп прокурарға да звондадым. Жекеменшік ауруханаға баруға қалтам көтермейді. Қазір бір апаға массаж жасатып жатырмын, болды. Екінші айға өтіп бара жатыр, аяғым ашылмайды, жабылмайды. Қай жерден ем алатынын білмеймін. Күнде ДВД, антикорға тергеуге шақырады. Күнде жаңадан сұрақ қояды. Кейде массажға да бара алмаймын. Себебі тез-тез жүре алмаймын. Үлгермеймін, — дейді Қисымбаев. 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

28/02/2022 14:49
5559 0

Уведомление