Шымкент прокуратурасы Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған 21 адамның ісін тоқтатты


26/07/2022
16:13 30648 0

Шымкент қалалық прокуратурасы Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздік» бабымен күдікке іліккен 21адамның ісін тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады. 

 

Қаулыда Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған 68 адамның 58-іне сот үкімі шыққаны, 9 адамның ісі сот тергеуінде, бір адамның ісі қала прокуратурасында екені, тағы да 27 адам күдікті ретінде тергеуде отырғаны айтылған.

 

Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабының "жаппай тәртіпсіздікке шақыру" бөлігі бойынша (272-баптың 3-бөлігі) күдікке ілінген 21 адамның ісі "жәбірленуші" деп танылған "Көрме" орталығы мен қала әкімдігімен келісімге келуіне, келтірген залалды өтеуіне, айыпты мойындауы мен жасаған ісіне өкінетініне байланысты тоқтатылған.

 

Қылмыстық жауаптан босатылғандардың үлкені – 46 жаста, кішісі – 20 жаста. Олардың ішінде қоғам белсенділері Нұрлыбай Татаев пен Кәрима Хайдарқұлова да бар.

- Істің тоқтатылғанымен толық келісемін. Қазіргі кезде сотталмағанның өзі – жеңіс, - дейді белсенді Нұрлыбай Татаев.

 

4-6 қаңтар аралығында Шымкентте болған Қаңтар оқиғасы бейбіт шерумен басталып, соңы жаппай дүрбелеңге ұласқан. Оқиға кезінде 20 адам қайтыс болған. Олардың үлкені – 37 жаста, кішісі – 17 жаста.

 

Қаңтар айында қалалық денсаулық сақтау басқармасы оқиға кезінде 125 адам жаралағанын мәлімдеген. Шымкент қалалық прокуратура мәліметіне қарағанда, екі жүзден астам адам жараланған, оның 72-сіне оқ тиген.

 

Поделиться

Нет комментариев.

26/07/2022 16:13
30648 0

Уведомление