Шаңырақ оқиғасы: Арон Атабек деген кім?

Не үшін түрмеде отыр


15/07/2021
12:02 74507 0

Фото: odfoundation.kz

 

Арон Атабек — ақын, публицист, саяси және қоғам қайраткері, саяси тұтқын.

 

2006 жылдан бері Алматының Шаңырақ ықшам ауданындағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша түрмеде отыр. Оған адамды кепілге алды, полицейді өлтірді және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылды. 

 

Атабектің бұл іске қатысы бары дәлелденбеді, өзі тағылған айыптарды терістеді. Қазақстандағы және халықаралық құқық қорғаушылар Аронды саяси тұтқын деп біледі. 

 

Шаңырақта не болды өзі?

 

Шаңырақ — Алматының шет жағындағы тұрғын үй ауданы. 2006 жылы қала әкімдігі тұрғындар ол жерге заңсыз қоныстанған деп сотқа шағым түсірген еді. Сот ондағы үйлер бұзылсын деген шешім шығарды. 

 

Сол жылғы 14 шілдеде сот шешімін орындау үшін Шаңыраққа полицейлер келді. Тұрғындар үйімізді тастап кетпейміз деп қарсылық білдірді. Содан жаппай тәртіпсіздік басталды. Қақтығыс барысында біреу полицейдің үстіне бензин құйып, өртеп жіберді. 

 

Арон Атабек пен бірнеше жергілікті тұрғынға полицейді өлтірді деген айып тағылды. Атабек 18 жыл, Құрманғы Өтегенов 16 жыл, Ерғанат Тараншиев 15 жыл, Рүстем Тұяқов 14 жылға түрмеге қамалды. 

 

Тараншиев пен Тұяқов 2018 жылы мерзімі бітпей шықты. 2013 жылы «түрме талаптарына бағынбаған» Өтегеновтің мерзімі 2,5 жылға ұзартылды. 

 

Атабекті саяси тұтқын деуге не себеп? 

 

Шаңырақ оқиғасына дейін Арон Атабек саясат пен қоғамдағы белсенділікпен айналысты: Желтоқсан оқиғасына қатысты, басқа қатысқандардың босатылуын талап етті. 

 

Тіркелмеген «Алаш» (1990 жылы) партиясының төрағасы болды, «Алаш» және «Хақ» газеттерін шығарды. Алматының шетіндегі Әйгерім, Шаңырақ, Бақай, Ұлжан шағын аудандарында тұратын азаматтар мен қаладағы жатақханадан қуылған адамдардың құқығын қорғайтын қозғалыс бастады. Сол себептен де 2006 жылғы 14 шілдеде Шаңыраққа барды. 

 

Атабек түрмеде отырса да елде болып жатқандарға пікір айтуын тоқтатқан жоқ. Алайда оның жақындары мен құқық қорғаушылар Аронның хаттары кідіріп келетінін айтады. 

 

Фото: datnews.info

 

Арон Атабек отырған түрмелер Алматыдан жырақта орналасқан. Оның отбасы қазір сол қалада тұрады. 2014 жылдан бері саяси тұтқын Павлодар тергеу изоляторында отыр. 

 

2010 жылы Атабек Freedom to Create халықаралық сыйлығының «Қамаудағы жасампаз» номинациясын алды. 

 

2019 жылы оның қызы Айдана Айдархан әкесі босатылсын деп бір адам пикетіне шықты. 

 

2020 жылы белсенді түрмеге қамалған әкесімен бірінші рет телефон арқылы сөйлескен. 

 

— Қатты ауырып жүрген жоқпын, бірақ қолым сыр береді, көтере алмаймын. Жаза, тамақ жей аламын. Қалам, қасық ұстаймын, басқа ештеңе көтере алмаймын. Сендерден сұраймын, бастыққа да айтқанмын, маған мүгедек мәртебесін берсін.  Құқық қорғаушыларға жеткіз, — деген Атабек қызына. 

 

Фото: tirek.info

 

Атабек мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш жазудан бас тартты. «Бұлай істетесем, кінәні мойындаған болам» дейді. Тұтқын түрмеден 2024 жылы шығады. 

 

— Түрмеде отырса да Арон өзгелерге қадір-қасиетін таптатпайды. Бұл оның жігерлі екенін, сағы сынбағанын аңғартады. Түрме рентген сияқты, кім неден жасалғанын бірден көрсетеді. 

 

Биліктегілерге бір Арон Атабекті шығарғаннан гөрі министр мен шенеуніктерді босатқан тиімдірек, — дейді құқық қорғаушы Евгений Жовтис «Азаттық радиосына».

 

Дереккөздер: Арон Атабектің сайты, «Азаттық радиосы» 

Поделиться

Нет комментариев.

15/07/2021 12:02
74507 0

Уведомление