«Шаршамайтын» депутат, ақын, журналист һәм спортшы. Су жаңа мәжіліс жұмысын қалай бастады?


29/03/2023
19:55 19586 0

Бүгін Астанада парламент мәжілісінің су жаңа депутаттары қызметіне кірісті. Парламенттің алғашқы жалпы отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі, кейіннен «халық қалаулылары» «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошановты мәжіліс спикері етіп бір ауыздан сайлады. 

 

Парламент кулуарында журналистер депутаттарға өзекті мәселелер бойынша сұрақ қойып, жауаптарын алды. Біз солардың бір сыпырасын сіздерге ұсынуды жөн көрдік. 

 

Мәжіліс спикері, «Аманат» партиясының төрағасы – Ерлан Қошанов: 

 

– Сайлау әділ өтті ме? 

– Сіздерге «Аманаттың» несі ұнамайды? Халыққа ұнайды, дауыс берді. Мен әділ, ашық сайлау өтті деп ойлаймын. «Аманаттың» 54,9% дауыс жинауын – лайықты жеңіс деп есептеймін. 

– Билік партиясы өзі ұсынатын үкімет пен премьер-министрдің жұмысына жауап беруге дайын ба? 

– Иә, билік партиясы, мәжілісте басым орын алған партиясы жауап беруге дайын. Заң бойынша жауап береміз. 

– Оның механизмдері қандай? 

– Келесі сұрақ. 

– Сіздер кетесіздер ме, не істейсіздер?

– Біз қайда кетеміз? Сіздер президенттің айтқанын бүгін ғана естідіңіздер. Механизімдерін мен қазір сіздерге бірден айтып бере алмаймын. 

 

 «Аманат » партиясының мүшесі, депутат – Ардақ Назаров:

 

- Қаңтарда оқ атуға бұйрық берген және оқ атқан адамдардың анықталуын, жазалануын талап етесіз бе? 

- Аман болыңыз. 

- Сайлау әділ өтті ме? 

- Әділ өткен шығар. 

- Учаскелерде заң бұзылғанын көрдіңіз бе?

- Көрмедім. Интернетті ақтарып бас ауыртпаймын. 

- Депутаттық орынға лайықпын деп ойлайсыз ба? 

- Алланың бұйрығы ғой. Әкеммен ақылдастым. Батасын берді. 

- Депутаттық арманыңыз ба еді?

- Арманым емес, халыққа қызмет ету – міндетім. 

- Парламентте нақты қандай мәселені көтересіз? Жоспарыңыз бар ма? 

- Жастарды тәрбиелейміз. 

- Қалайша? 

- Бұрынғыдай.

 

Депутат, «Аманат» партиясының мүшесі – Нартай Аралбайұлы: 

 

– Сіз парламентке адал келдім деп ойлайсыз ба? 

– Менің адал келген-келмегеніме алдағы уақытта халық өзі бағасын береді. 

– Қандай жұмысыңыз үшін депутат болдым деп ойлайсыз? 

– Мен енді, елдің ақ батасын алдым. Сосын, халықтың алдында әлеуметтік мәселелерді көтергенім үшін деп ойлаймын. Сіздермен бірге тізе қосып, жұмыс істегенім үшін деп ойлаймын. 

– Депутат болуға лайықпын деп ойлайсыз ба? 

– Оны халық шешеді, мен шеше алмаймын. 

– Халық оған қалай баға береді? 

– Әр депутат мен лайықпын, мен әділ өттім деп айта алмайды. Сол үшінде бұл қызметтің бейресми атауы – «халық қалаулысы» деп аталады.

 

Депутат, «Аманат» партиясының мүшесі – Ринат Зайытов:

 

– Сайлау әділ өтті ме? 

– Мен сайлауда агитациялық сапарда жүргендіктен толық бақылай алмадым. Әлеуметтік желіде түрлі-түрлі бейнежазбалар бар. Оны өтірік деп айтуға еш негіз жоқ. Ол фальсификациялар болды. Наразы адамдар шағымданып, соңына дейін жеткізсе екен деймін.

– Сіз билікке қарсы сын айтып жүрдіңіз. Қазір билік партиясының өкілі болып келдіңіз. Бұл қалай? 

– Сіздер билікті үстіндегі адамдармен емес, кресломен өлшейсіздер. Мен қарсы болған биліктің жартысы жоқ қазір. Онымен келісетін шығарсыз? Қазіргі билікпен енді жұмыс істейін деп жатырмыз. Оның нәтижесі қалай болатынын бір құдай біледі. 

– Сіз қазіргі президенттің саясатын қолдайсыз ба? 

– Әр мәселе әр түрлі шешіледі. Оған келісетін, келіспейтін жағы бар. Бұл жерде президенттің саясаты деген мәселе жоқ. Мен Қазақстанның дамуын һәм өркендауін қолдайтын адаммын. Депутаттар арасында «мен президентті қолдаймын», «мен министрді қолдаймын» деген болмау керек. 

 

Депутат, «Ақ жол» партиясының төрағасы – Азат Перуашев:

 

– Әлеуметтік желіде сізді «депутат болудан шаршаған жоқ па?» деген пікірлер көптеп жүр. Сіз бұған не дейсіз? 

– Мен депутат ретінде жұмыс істеп келемін. Депутат болу деген үлкен жұмыс, үлкен жауапкершілік. Біз бұл жұмысты алда тағы жалғастыруға дайынбыз. Үлкен бағдарламамыз бар. Сайлаушылар үлкен сенім көрсеткеннен кейін біз оны ақтауымыз керек. 

– Жеке өзіңіз депутат болудан шаршаған жоқсыз ба? 

– Өзіңіз қараңызшы, мен орта жастағы еркекпін. Спортпен айналысамын. Өте жақсы формадамын. Сол үшін шаршауға еш негіз жоқ. 

 

Депутат – Ермұрат Бапи:

 

– Бұл сайлау әділ өтті деп ойлайсыз ба?

– Мен осы жерде тұрмын. Бұл сіздің сұрағыңызға жауап беретін жағдай деп ойлаймын. 

– Сіздің өтуіңізге де күмән келтіргендер бар ғой?

– Сайлау болғаннан кейін, сайыс болғаннан кейін ондай күмән әр кімде, әр жерде болады. Әркімнің өзінің амбициясы бар. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

29/03/2023 19:55
19586 0

Уведомление