Шахмардан Есенов туралы не білеміз?

Қазақстан мұнай саласына үлкен үлес қосқан ғалымның өмірі мен Маңғыстау үшін күресі


09/08/2021
12:14 9145 0

5 тамызда геолог, академик, Қазақстанның ғылым мен мұнай саласына елеулі үлес қосқан Шахмардан Есеновтің туғанына 94 жыл толды. 

 

Осы орайда masa.media ғалым әрі саясаткердің өмірі мен Маңғышлақ үшін күресін еске алады. 


 

1. Шахмардан Есенов 1927 жылы Қызылорда облысында дүниеге келді. 1949 жылы қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетті тәмәмдады.

2. Геолог, академик, ғалым Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болған.

3. 1949—1960 жылдары түрлі экспедицияда геолог боп, Жезқазған ауданы мәслихаты мен елдегі Жоғарғы кеңестің (парламент — ред.) депутаты болып қызмет етті.
 

4. Шахмардан елде мыс, мырыш, қорғасын пен мұнай, талшықтас, марганец, никель, кобальт, темір кен орындарын ашып, ауыз су көзін табуға үлес қосқан. Соның арқасында елден талшықтастың жаңа түрі табылып, ғалымдар оған Жезқазған талшықтасы деген ат берген. Жезқазғанда тұратын халыққа үздіксіз келіп тұратын ауыз су тартылған.

Экспедицияда істеген геологтардың сөзінше, 1950-жылдары Шахмардан жер қойнауындағы мыс қоры болжағаннан да көп деп бұрғылау жұмыстарын көбейтіп, біраз уақыттан кейін Жезқазғандағы мыс қоры 2,5 есе артқан.

Әріптестері геолог пайдалы қазбаларды іздерде министрлік бекіткен нормалар мен нұсқаулықтарға сүйенбей, өз бетімен әрекет еткен дейді. Кейін оның әдістерін одақтағы басқа экспедиция мүшелері қолдана бастаған. 

5. 1961 жылы 33 жастағы Есенов Қазақстанның геология министрі болып тағайындалды. Осылай Шахмардан Кеңес тарихындағы ең жас министр болды.

6. Министрліктегі Шахмардан бастаған экспедиция барысында Маңғыстаудан мұнай табылып, Өзен, Қаражамбас, Жетібай, Қаламқас, Бозащы кен орындары ашылды. Қазір олар Қазақстанның ең ірі кәсіпорындары саналады. 1966 жылы осы жаңалығы үшін Есенов Ленин сыйлығын алды.

7. 1960-жылдары КСРО басшысы Никита Хрущев Қазақстанда әкімшілік реформасын жасады. Елді үш өңірге бөліп, солтүстіктегі облыстарды Ресейге, Маңғыстауды Әзербайжан не Түрікменстанға бермек болады. Солтүстік өңірлерді беруге болмайды деп Жұмабек Тәшенов қарсы шықса, Маңғыстау жеріне Есенов араша болды.



ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІ ҮШІН ХРУЩЕВҚА ҚАРСЫ ТҰРҒАН ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ



Маңғыстаудың тағдыры шешілмек болған жиынға ҚазКСР басшысы Дінмұхаммед Қонаев жерді бермеуге көндір деп Шахмарданды жолдайды. 37 жастағы геолог басшылыққа Қазақстан мұнай саласын игере алатынын дәлелдеп, жерді сақтап қалды.

8. 1967 жылы 39 жастағы Есенов ҚазКСР-дің Ғылым академиясының басшысы болып сайланды.

9. 1978 жылы екі рет (1961–1965,  1974–1978) елдің геология министрі болған академик саясаттан кетіп, өзі оқыған университеттің кафедрасын 16 жыл басқарды.

10. 1994 жылы Есенов 67-ке келген шағында дүниеден озды. 1995 жылы Маңғыстаудың басты университетіне Шахмардан Есеновтің аты берілді.

 


 

Фото: imperiya.by

Поделиться

Нет комментариев.

09/08/2021 12:14
9145 0

Уведомление