42 жыл бұрын Қазақстанда неміс аутономиясы құрыла жаздады. Бұл жоспар неге іске аспай қалды?

Жүзеге аспаған «Неміс аутономиясы» жоспарының тарихы


18/06/2021
13:39 9408 0

Фото: edq.kz

 

1979 жылы Кеңес үкіметі Қазақстанда неміс аутономиясын құрмақ болды. Аумағы белгіленіп, астанасы Ерейментау (бұрынғы Ерментау) болады деп шешілді. 

 

Бірақ 16–19 маусымда Целиноградта (қазіргі Астана) болған жастар қарсылығынан кейін билік бұл ойынан бас тартты. 

 

masa.media осы наразылықтың тарихын айтып берді.  

 


 

Аутономия (автономия)мемлекет ішіндегі мемлекет, корпорация, ұйым мен басқа да топтарға өз-өзін басқару құқығын беру. Бірақ бұл құқық шектеулі болады. Мысалы, мемлекет ішіндегі мемлекет аутоном болса, ол ішкі саясатта тәуелсіз болады да, сыртқы саясатта басқа бір елге тәуелді болады.

 


 

Неміс аутономиясын құру туралы шешімге не түрткі болды?  

 

Елге немістер XVIII ғасырдың аяғында келе бастады. Патшайым II Екатерина барлық шетелдікке Ресей аумағында еркін жүріп-тұруға рұқсат берген еді. 

 

1939 жылы Қазақстанда 92 мың этникалық неміс тұрып жатты. Бірнеше неміс ауылы құрылды: Келлеровка, Петерфельд, Мариенбург, Пруггерово. 

 

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еділ жағасындағы 1941 жылы тарқатылған неміс аутономиясынан Қазақстанға мыңдаған неміс көшірілді. 

 

60–70-жылдары саны 1 миллионға жуықтаған Қазақстан немістері Еділде бұрынғы аутономиясын қайта құрмақ болып Мәскеуге ұсыныс айтып жүрді. 

 

Одан бөлек, қазақ немістері Германия Демокартиялық Республикасына жаппай қоныс аудара бастаған еді. Көшті тоқтату үшін КСРО билігі Қазақстанда неміс аутономиясын құрамыз деп шешті. 

 

1979 жылы аутономия аумағы 46 мың шақырым метр, оған Қарағанды, Көкшетау мен Целиноград облыстарының бір-екі ауданы кіреді, ал халқы 202 мың, астанасы Ерейментау болады деп шешілді. 

 

— Бәрі әдеттігідей жүзеге асты: құпия, қалай болса солай, сол жерде тұратын халықтың пікірін, қазақ үшін Ерейментаудың үлкен тарихи маңызы барын ескерместен. Бұл жер жоңғарлармен соғыста көш бастаған Бөгенбай батыр туған жер ғой,дейді неміс аутономиясының басшысы болып тағайындалған Андрей Браун. 

 

Оның сөзінше, Қазақстан немістері бұл жоспарға қарсы болған, аутономиясын Ерментауда емес, Еділ жағасында, яғни Ресейде құрғысы келген екен. 

 

Целиноградтағы халық наразылығы  

 

Жоспар құпия түрде іске асуы керек болса да, аутономия құрылғалы жатыр деген сыбыс халыққа бірден тарады. 1979 жылғы 16 маусымда Целиноградта Ленин алаңында аутономияға қарсылық өтті. Тарихшылар оған қатысқандар саны 500 бен 5 мың арасы дейді. Наразылыққа көбіне студенттер келген.  

 

Бірақ наразылықта көшті әйелдер мен Екінші дүниежүзі соғысы ардагерлері бастады,дейді акцияға қатысқан бұрынғы парламент депутаты Алдан Смайыл «Азаттық радиосына». 

 

Наразылар қазақша және орысша «Қазақстан бөлінбейді», «Неміс аутономиясына жол жоқ», «Келген жеріңізге қайтыңыз» деп ұрандатқан. Біреулер Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатқанын алға тартып, үндеу оқыған. 

 

Акция бір сағатқа созылды. Жиналғандар билік ойынан қайтпаса, 19 маусымда тағы бір митиң өткізетінін айтып тарады. 

 

19 маусымда халық тағы да жиналып еді, олардың алдына облыс комитетінің басшысы шығып, ешқандай аутономия құрылмайтынын айтып сендірді. 

 

Қазақ КСР басшысы Дінмұхамед Қонаевпен сөйлестім, ешқандай аутономия құрылмайды, — деген Николай Морозов жиналғандарға.

 

Компартия 1980 жылғы ақпанда аутономия құру туралы жоспарынан бас тартты. 

 

Наразылықтан кейін 

 

Бір қызығы, әлі күнге дейін сол наразылықты кім ұйымдастырғанын ешкім білмейді. КГБ 5-басқару бөлімінің басшысы Филипп Бобков аутономия құрылатынын кім айтып қойғанын, акцияға адамдарды кім жинағанын білмек болып тергеу жүргізді. Бірақ ештеңе біле алмады. Ешбір шенеунік жауапқа тартылмады. 

 

Ұзақ уақыт бойы халық наразылықты бастаған Дінмұхаммед Қонаев деп келді. Бірақ саясаткер өз естелігінде бұған еш қатысы жоғын айтты.

 

Есесіне наразылыққа жиналған ондаған адам қудаланды.

 

— Таныс, туыстарымыздың көбі қудаланды: жұмыстан қуылды, ЖОО-дан шығарылды. Шыны керек, ешкім бұл туралы ештеңе білмейтін. Бәрі құпия, жүйелі түрде өтті ғой,дейді наразылыққа шыққан Сайран Құсайынова. 

 

Целиноград наразылығы «қайта құру» кезеңіне дейін ашық айтылмай келді, тыйым салынған еді.  1990-жылдары осы оқиғаға қатысты бірнеше тарихи еңбек шықты. Тарихшылар Мұқан Омаров пен Амантай Кәкен «Познание себя. К вопро­су о несостоявшейся немецкой автономии в Казахстане» кітабында Целиноград оқиғасы, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі сияқты, қазақтардың ұлттық сана-сезімі артуына көп әсер етті дейді.

Поделиться

Нет комментариев.

18/06/2021 13:39
9408 0

Уведомление