Сексизм деген не? Одан төнетін қауіп қандай?

«Дискриминация, зорлық пен кемсітуді сақтауға ықпал етеді»


24/10/2023
16:50 13407 0

 

Сексизм – әйел мен ерді жынысына қарай алалау, күші мен құқығын тең көрмеу. Сексизм гендерлік теңсіздікпен тікелей байланысты. Адамды жынысына байланысты бөлу ғасырлар бойы жалғасып келеді. Осы мақалада «Сексизм деген не?», «Сексизмнің қанша түрі бар?» деген сұрақтарға тоқталып, университетте дискриминацияға тап болған студенттермен сөйлесеміз. 

Сексизм – қастық сарындағы сексизм, тілектес сарындағы сексизм және ішкі сексизм болып бөлінеді.

·      Қастық сарындағы сексизм – адамды жынысына байланысты агрессивті алалау, ашық кемсіту. «Еркек – бас, әйел – мойын. Мойында ақыл жоқ» деген сөйлем – қастық сарындағы сексизмге тән.

 

·      Тілектес сарындағы сексизм – әйелдерді ерлерге қарағанда кәсібилігі төмен деп есептеу және осы әрекетті позитивті жеткізу. «Мұндай әдемі әйел үшін сіз өте ақылдысыз» деген сөйлем – тілектес сарындағы сексизмге тән.

 

·      Ішкі сексизм – әйелдің өзіне бағытталған сексизм. Сексизмнің бұл түрінде әйел патриархалды қоғам орнатқан түсініктер мен таптаурындарды қолдайды. «Неге үйленбейсің? Мансап қуу біз үшін емес» деген сөйлем – ішкі сексизмге тән.

 

Сексизм мектепте де, жұмыста да, қоғамдық орында да, университетте де орын алады. Университетте сексистік сөздерді студенттер де, мұғалімдер де, университет басшылығы да айтуы мүмкін. Осы орайда біз студенттерге «Университетте сексизмнің қандай белгілерін байқадыңыз?», «Қыз болғаныңыз үшін мүмкіндіктен шектелген сәт болды ма?»  деген сұрақтарды қойып көрдік.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті Карима Жұмағали «Әйел мұғалімдердің тарапынан оларға (жігіттерге – ред) басқаша «подходты» байқайсың» дейді. Ол университеттегі өзі байқаған сексизм белгілерін тізіп шықты.

1.     Бағалау кезінде ер балаларды көтермелеп бағалайды. «Оның қайта оқығанын айтсаңшы. Қатысып тұр ғой.» деген сынды сөздер айтылады. 

2.     Қыздардың сабаққа қатысуын қадағалау жоғары деңгейде. Ер балалардың қатыспағанына көз жұмып қарайтын кез көп кездеседі.

3.     Ашып айтатын мұғалімдер де бар, мысалы: «мен Жамбыл мен Әлиге ұрыса алмаймын».

4.     Қыз бен ер бала бірдей кешіксе немесе тапсырманы орындамаса қыздың еститін ұрысы мен жазасы «похлеще» болады. Ер балаларды еркелетіп, ситуациядан шығарып жіберу көп.

5.     Іс-шараларды ұйымдастыру барысында қыздарға тапсырма әлдеқайда көп жүктеледі, жауапкершілік қыздардың мойнында болады. Ал жігіттер басы қасында төбе көрсетіп жүрсе болды.

 

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің студенті Жанеля Кемелбай сексизмнің мектеп қабырғасынан басталатынын айтты. «Мектеп қабырғасында шығармашылық жарыста ұлдар 1-орынды көбірек алатын еді. Қарым-қабілеті жетпесе де ұл болғаны үшін «әділ» қазы алқасы көп нәрсеге көз жұматын» дейді ол.

Жанеля «Факультетте ұстаздар тарапынан дискриминация байқадыңыз ба?» деген сұраққа:

– Журналистика факультеті дискриминацияның қайнаған отаны. «Ұл бастаса – береке» деп ұл десе ұлықтауға дайын ұстаздарымыз баршылық. «Журналистика қыз баласы үшін ыңғайсыз мамандық», «Қыз болған соң отбасы бірінші орынға шығып кетеді», «Қыздарға қарағанда ұлдар карьера жасай алады ғой» деп санайтындары да бар. Студентті ұл/қыз деп бөлетін мұғалім объективті көзқарас жайлы не түсіндіруі мүмкін? Неге екені белгісіз, сексист ұстаздардың басым бөлігі – әйел, – дейді Жанеля.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының гендерлік стереотиптердің зияны туралы мақаласында сексизмнің «өте қауіпті» екені айтылады. «Мәдени ұстанымдар мен гендерлік идеологиялар көбіне әйелді ерлерге бағынады я ерлер әйелді бақылайды деп қарастырады. Мұндай қатынас қоғам санасына терең сіңіп кеткені сонша, ол байқалмайды да, ал оның салдары көрінеді, себебі олар дискриминация, зорлық пен кемсітуді сақтауға ықпал етеді» деп жазылған мақалада. Біріккен Ұлттар Ұйымы дерегінше, жыл сайын Қазақстанда тұрмыстық зорлық салдарынан 400-дей әйел қаза табады. 

 

Автор: Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

Поделиться

Нет комментариев.

24/10/2023 16:50
13407 0

Уведомление