Сайлауға қатысу мен бақылаудың маңызы неде?

Журналист және тәуелсіз бақылаушы Бэлла Орынбеттің пікірі


27/10/2020
11:17 8152 0

Алдағы парламент сайлауға азаматтардың көзқарасы әртүрлі. Біреулер бойкот жариялау керек десе, басқалары, керісінше, белсенді қатысып, бақылаудың маңызын алға тартады. Солардың бірі — журналист және тәуелсіз бақылаушыларды дайындайтын Baqylau жобасын ұйымдастырушы әрі тренері Бэлла Орынбет. 

masa.media-ға жазған бағанасында Бэлла сайлауда дауыс беру мен бақылаушы болудың маңызын айтып берді. 

 

Дисклеймер: Редакция пікірі бағана авторының пікірімен бірдей болмауы мүмкін. 

 


 

Конституциямызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық» деп көрсетілген. Мемлекеттік билікті халық қалай жүзеге асырады? Әрине, сайлау арқылы. Дәл сол Конституцияның 33-бабында «Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға құқығы бар» делінген. Демек мемлекеттік басқаруға араласқың келсе, осы құқықты пайдаланған жөн. Немқұрайлықтың пайдасынан зияны көп. Сайлаушылардың самарқаулығы сауатсыз депутаттардың «Мені сайлаған сен бе едің» деуіне негіз болмауы тиіс.  

 

ҚАЗАҚСТАНДА САЙЛАНУ ҚҰҚЫ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

 

33-бапта «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар» деген тармақтары да бар. Шындығында әр азамат сайлануға құқылы деген тармақтың қазір жартылай ғана күші бар. 2018 жылы «Сайлау туралы» заңына енгізілген өзгертулерге сәйкес енді тіпті жергілікті мәслихатқа сайлану тек партия тізімі бойынша ғана жүргізіледі, яғни сіз ешқандай партияға мүше болмасаңыз, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлану құқығыңыз жоқ. Ал тәуелсіз партия құру, өз тәжірибеме сүйенсем, оңай емес. Тіпті біздің жүйеде мүмкін емес пе деген күмән жоқ емес. Сондықтан алдағы уақытта сайлаудың мажоритар жүйесін қайтаруды талап етіп, сайлау заңнамасына өзгертулерді ұсынған жөн болар.

 

ДАУЫСЫМ ЕШТЕҢЕГЕ ЫҚПАЛ ЕТПЕЙДІ, ОНДА САЙЛАУҒА БАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ НЕ? 

Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес сайлаушылардың қатысу белсенділігінің төменгі шегіне қатысты талап жоқ,  яғни Қазақстанда дауыс беруге құқылы 11 миллион азаматтың мыңы ғана дауыс берсе де, сайлау заңды саналып, қорытындысы шығарыла береді. Елімізде саяси науқандарда көп пайдаланатын бюджет қызметкерлері баршылық. Бірақ «менің дауысымның сайлау нәтижесіне ықпалы жоқ» деген ой мүлдем болмауы тиіс. Әдеттегі сценарий бойынша манипуляциялауға бейім электораттың кімге дауыс беретінін қазірдің өзінде түрлі «сарапшылар» болжап жатыр. Бұл қашанғы жалғаспақ? Мүмкін бұл сайлауда барлығы алдын ала бекітілген сценарий бойынша болмайтын шығар? Сіздің ешбір партияға көңіліңіз толмайтын шығар. Оның себебін жақсы түсінемін. Біздің сайлауларда бюллетеньдерде «бәріне қарсы» тармағы жоқ. Бірақ бірнеше тармақты белгілеп қойсаңыз, бюллетень жарамсыз болады. Есесіне сіздің бюллетеніңізді басқа біреудің пайдалану ықтималдығы төмендейді. Тағы бір атап кететін жағдай, неліктен біздің билік, сайлау комиссиялары сайлаушылардың қатысу белсенділігін асыра көрсеткенді жақсы көреді? Әрине, оның бір себебі — пропаганда. Екінші себеп — әр партияны қолдап дауыс берушілер санына қарай бюджеттен бөлінетін қаражат та ұлғаяды. Сайлауға қатысып, дауыс беруге шақыратын тағы бір аргумент ретінде өзге партиялардың амбициясының туындау мүмкіндігін айтар едім. Ықтималдық төмен,  бірақ билік не істетпейді. Осыған дейін тіркелген алты партияның үшеуі ғана 7 % межеден (парламентке өту үшін дауыстардың кемінде 7 %-ын жинау қажет — ред.) өтіп, парламентке өткен. Мүмкін партиялар мандатқа қол жеткізіп саяси амбициялары оянар? 

 

БАҚЫЛАУШЫЛАР ДЕГЕН КІМДЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ КІМ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ? 

 

Бізде саяси аренада бір тұлға пайда болса, барлық жауапкершілік, функцияны соған іліп қойғанды жөн көретіндер бар. Алайда бір тұлғаның әмірі емес, заңдар ықпалды болатын мемлекет құру үшін азаматтық қоғамның әр институты белсенді болуы тиіс. Бақылаушылар әділет орнататын супермендер емес. Олар бір партияны тұқыртып, бір партияны сүйреп шығаратын әскер де емес. Бақылаушылар үшін бір партияның жеңіп, жеңілгені емес, сайлаудың әділ, ашық әрі жария өтуі маңызды. Олар ешбір партияның сойылын соқпайды, олар сайлаушылардың дауысын қорғайды. Сондықтан да тәуелсіз бақылаушылар бір партияның мүддесі үшін я болмаса ақша үшін жұмыс істемейді. Сайлау учаскесіне барып, күні бойы тапжылмай бақылау үшін ешкімнен ақы алмайды. Бақылаушының басты қағидаттарының бірі — бейтарап болу, өз жұмысы үшін ешкімнен материалдық сый алмау, принципшіл болу.

 


 

Текст: Бэлла Орынбет. Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

27/10/2020 11:17
8152 0

Уведомление