«Саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз жоқ елде» белсенділерді қамау жалғасуда

«Жаңа Қазақстанның» жаңа жылы қамаудан басталды


04/01/2024
14:38 10194 0

Фото: Айдар Елькеев/Masa Media

 

Бүгін, 4 қаңтарда Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері Ақмарал Жәкібаева, Темірлан Еңсебеков және Айсұлтан Құдайберген сот шешімімен 15 тәулікке қамалды. Олар 3 қаңтарда Oyan, Qazaqstan қозғалысының өзге белсенділері Жанель Шахан, Равкат Мұхтаров, Бота Шәріпжанды қолдап, Алматының Республика алаңында пикет өткізген. 

 

Жанель Шахан, Равкат Мұхтаров, Бота Шәріпжан 16 желтоқсанда Республика алаңында Желтоқсан, Жаңаөзен, Қаңтар оқиғаларының құрбандарын еске алып, әділ тергеу өткізуді талап етіп акция өткізген. 

 

Равкат Мұхтаров пен Бота Шәріпжан 2023 жылы 25 желтоқсанда «бейбіт митинг тәртібін бұзды» деген желеумен 15 тәулікке қамалған. Ол уақытта Жанель Шахан денсаулығына байланысты полицияға бара алмаған. Бірақ 3 қаңтарда тағы да шақырту алып, сот шешімімен 15 күнге қамалған. 

 

– Қаңтар оқиғасының екі жылдығы келе жатыр. Сол себепті олар белсенділерді қамамақ. Бірақ мен түсінбеймін, не себепті біз Конституцияның 32-бабын қолдана алмаймыз. Заң бойынша біз бейбіт жиын өткізуге құқылымыз, – деген Жанель полиция алдында журналистерге берген сұхбатында. 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, елде саяси тұтқын жоғын айтқан. Ол азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалайтын ешқандай механизм жоғын алға тартқан. 

 

Құқық қорғаушылар Қазақстанда 23 адамды «саяси тұтқын» деп таныған. Олардың ішінде 7 жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаев, 4 жылға бас бостандығынан айырылған саяси белсенді Әйгерім Тілеужан, тергеу изоляторында қамауда отырған тәуелсіз журналист Думан Мұхамметкәрім және т. б бар. 

Поделиться

Нет комментариев.

04/01/2024 14:38
10194 0

Уведомление