Рәзия Нұтышева ағасы Арон Атабек жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады

Оның сөзіне сенсек, ақынның жағдайы қазір біраз жақсарған


20/10/2021
12:36 39222 0

Фото: stan.kz

 

Жуырда түрмеден шыққан, саяси тұтқын танылған Арон Атабек ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Мұны ақынның қарындасы Рәзия Нұтышева хабарлады дейді «Азаттық радиосы». 

 

— Қазір жағдайы онша емес. Тамақ іше алмайды. Ауруы асқынып жатыр. Әлгінде ауруханадан шыққаннан кейін он күндей үйде емдедік қой. Ол кісі ауруханаға жатудан бас тартқан. Үйде емделгеннен кейін жағдайы тіпті нашарлап кетті. Ол әдетте бірдеңеге бола шағымданбайтын. Өткен жұмада тынысы тарылып жатқанын айтты. Қорқып кеттім. Түрі де онша емес болып тұрды. «Жеке клиникамен келісім жасастым, ауруханаға жатасың ба» деп едім. Ауруы жанына батса керек, «иә» деді. Сүйтіп, жедел жәрдем көлігін шақырдым. Ауруханаға жатқызды, — дейді Рәзия Нұтышева. 

 

Оның сөзіне сенсек, Атабек жасанды тыныс аппаратынан дем алады, ақынның жағдайы қазір біраз да болсын тұрақталған, өзі үйге қайтқысы келеді. 

 

Нұтышева ағасы нақты қай ауруханада екенін айтпады. Журналистер де ақынның жағдайын өзге дереккөздерден біле алмай отыр. 

 

19 қазанда ақынның қызы  Айдана Айдархан әкесімен көрісе алмай жүргенін, оған тәтесі кедергі болып отырғанын айтқан еді. Белсенді бұл іске бөтен адамдардың қатысы болуы мүмкін деп топшылайды. 

 

1 қазанда Павлодар соты Атабекке бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, түрмеден шығарды. Оған ақынның айықпас дертке шалдыққаны түрткі болған

Атабек 2006 жылы Шаңырақ оқиғасында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп 18 жылға сотталған еді.  Құқық қорғаушылар оны кінәсіз, саяси тұтқын дейді.

Поделиться

Нет комментариев.

20/10/2021 12:36
39222 0

Уведомление