Роскомнадзор қазақстандық сайттан Украинадағы соғыс туралы материалды жоюды талап етті

Қазақстан билігі Роскомнадзор талабына байланысты ресми реакция білдірген жоқ


13/12/2022
12:51 23758 0

Роскомнадзор қазақстандық «Власть» порталынан Ресейдің Украинаға басып кіруі туралы жазылған материалды алып тастауды талап етіп, хат жолдады. 

 

Ресейдің коммуникация және байланыс саласын бақылау қызметі «Власть» порталына Ресейдің Украинаға басып кіргені туралы жаңалығын алып тастауды талап еткен. Материал алынып тасталмаса сайт Ресей аумағында бұғатталатынын ескерткен. «Власть» редакциясы Роскомнадзордың талабын орындамайтынын мәлімдеді. 

 

Роскомнадзор жоюды талап еткен материалдың бірінде Украинаның Винница қаласын Ресей ракетамен атқылап, ондаған адам өлгені, тағы бір материалда бірнеше айдан бері Ресей әскерінің қоршауында тұрған Украинаның Мариуполь қаласында бейбіт адамдар өліп жатқаны сөз болған.

 

Роскомнадзор Қазақстан баспасөзіне бұған дейін де осыған ұқсас талаптар қойып келген. 14 қарашада Аrbat.media ақпарат порталы, тамызда Ratel.kz Роскомнадзордың талабын жариялаған. Екі сайт та Украинадағы соғыс туралы материалдарын жоюдан бас тартқан.

Қазақстанның Newтtimes.kz сайты ғана Роскомнадзор талабын орындаған, онысын "Ресейдегі аудиториясынан айырылғысы келмегенімен" түсіндірген.

Қазақстан билігі Роскомнадзор талабына байланысты ресми реакция білдірген жоқ. Қазақстан құқық қорғаушылары Роскомнадзор талабын цензура санайды, және Ресей ішіндегі ақпарат соғысының әсері деп есептейді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/12/2022 12:51
23758 0

Уведомление