Референдум қалай өтті?

Референдумда ел назарын аудартқан оқиғаларға шолу


06/06/2022
12:11 13359 0

Маусымның 5-і күні Қазақстан бойынша Конституцияға өзгертулер енгізуге байланысты жалпы халықтың референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, алдын ала қорытынды бойынша, дауыс беруге құқылы 11 734 642 адамның 7 986 293-і референдумға қатысқан. Олардың 77, 18% «иә» деп, 18,66% «жоқ» деп дауыс берген. Референдумға халықтың келу бойынша 80, 66%-бен Түркістан облысы көш бастап тұр. Ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді. Ол небәрі 33, 30%. 

 

Жалпы, бұл жолғы дауыс беру науқаны өткен жылдарда болған сайлаулардағыдай  даусыз өткен жоқ. Жәшікке топтап бюллетень тастау, бір адамның бірнеше рет дауыс беруі, тәуелсіз бақылаушыларға қысым көрсету, журналистер жұмысына кедергі жасау сияқты оқиғалар көптеп кездесті. Біз соның бірсыпырасына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

 

Референдумға қарсылық

 

Алматыда тіркелмеген «Демократиялық партия» белсенділері Инга Иманбай мен Аружан Дүйсебаева Қ.Сәтбаев университетінде орналасқан №257 сайлау учаскесіне барып, наразылық акциясын өткізді. Олар бюллетеньге «Тоқаев, Жанболат Мамайды босат!», «Тоқаев, Қаңтар үшін жауап бер!», «Жанболатқа бостандық, Назарбаевқа түрме!»деп жазып, ұрандатты. Қарсылық акциясы кезінде сайлау комиссиясының мүшелері журналистер жұмысына кедергі жасап, ғимарат сыртында шығарып жіберуге тырысты. 

 

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов референдум өткен күні сағат 14:00-де митингке шығуға шақырған. Бірақ митинг өтеді деп белгіленген аймақтардың барлығы полиция мен арнайы жасақ бақылауында болды.Masa.Media журналисі барған Алматы қаласындағы «Астана» алаңы маңында жол жиегінде автозактар мен полиция көліктерін көрді. 

 

Маусымның 5-і күні «Оян Қазақстан» қозғалысының белсендісі Дархан Шәріпов Алматының Арбатында референдумға қарсы жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол «Қанды Қаңтар 2022 Ұмытылмас», «Реконституция» деген жазуы бар плакат алып шығып, журналистерге «саяси емес, жартыкеш реформаға дауыс бергім келмейді» деп айтты. Белсендіні полиция ұстап алып кетті. Кейіннен босатты. 

 

Журналистер мен тәуелсіз бақылаушыларға жасалған кедергі

 

Астанада «Азаттық» редиосының журналистерін президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесіне кіргізбей қойды. Басылымның елордадағы тілшісі Нұргүл Тапаева бұны «журналистерді алалау, кәсіби міндетімді атқаруға кедергі келтіру» деп бағалады. 

 

Астанада «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры ұйым үйлестірушісі Ақжол Маликов шабуыл жасалғанын хабарлады. Ол елордадағы №155 сайлау учаскесінде заңсыздықты анықтаған. Комиссия төрағасы заң бұзушылық актісіне қол қоюдан бас тартқан. Осыдан кейін учаскеде жүрген ер адам оны ғимараттан шығармақ болып, күш қолданған. 

 

Астанада референдумды бақылаған «Еркіндік қанаты» ұйымының тағы бір бақылаушысы Серік Бейсембаевты комиссия мүшелеріне ескерту жасағаны үшін сайлау учаскесінен шығарып жіберген

 

Өмірде жоқ партия бақылаушылары мен есеп үшін келген дауыс берушілер

 

Алматы қаласында өздерін тәуелсіз бақылаушымыз деп атаған кейбір азаматтар журналистерге өздерінің қай ұйымнан келгенін айта алмады. Кейбірі өмірде жоқ партия мен ұйымның атын айтты

 

Республика бойынша референдумға дауыс беруге келген кейбір азаматтар журналистер мен тәуелсіз бақылаушыларға «дауыс беруге жұмыс орнынан жібергенін, келгенін растау үшін фотоға түсіп есеп бергендерін» айтты. 

 

Бұдан бөлек, Шымкент, Алматы қалаларында сайлау жәшігіне бюллетеньді топтап тастау фактілері тіркеліп, оның видеолары әлеуметтік желіге жарияланды.

 

Тәуелсіз Қазақстанда бұған дейін «президенттің өкілеттігін ұзарту» және «Конституцияны өзгертуге» байланысты екі рет жалпы халықтық референдум өткен. Маусымның 5-і күні өткен референдум ел тарихындағы үшінші референдум. 

Поделиться

Нет комментариев.

06/06/2022 12:11
13359 0

Уведомление