Рақымшылық туралы заң: Амнистия – саяси тығырықтан заңды жолмен шығудың тәсілі

Көзбояушылық, Тоқаев қорқып отыр


19/10/2022
17:12 43243 0

Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасына байланысты жарияланған амнистия халыққа оқ атқан құзырлы орган қызметкерлеріне де қолданылады деп алаңдауда. 

 

Амнистия туралы заң жобасында рақымшылыққа ҚР ҚК 102 «қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған адам өлтіру», 103 «қылмыс жасаған адамды ұстау барысында қажетті шаралар шегінен шығу кезінде жасалған адам өлтіру» және 104 «абайсызда адам өлтіру» баптары енген. 

 

Халыққа оқ атқандар жазадан құтылып кетуі мүмкін

 

«Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина ҚР ҚК 99 бабы «адам өлтіру» 102, 103, 104 баптарға ауыстырылып, халыққа оқ атқан құзырлы орган қызметкерлері жазадан құтылып кетеме деп күдіктенеді.

 

– Бұны бассыздық деп атау, ешнәрсе деп айтпаумен тең! Себебі Қаңтар-2022 бойынша 99 баппен қозғалған істің барлығы 102, 103, 104 баптарға ауыстырылады. Халыққа оқ атқан әскерилер мен күштік құрылым қызметкерлері амнистияға ілігіп, жауапкершіліктен құтылады. 238 адамның өліміне ешкім жауап бермейді, – деп жазды Төреғожина Facebook парақшасына. 

 

Бұдан бөлек, құқық қорғаушы 99 баппен қозғалған істердің барлығын биліктің созып жатқанын, қаза тапқан адамдардың үстінен бірнеше бап бойынша іс жүргізіп жатқанын айтты.  

 

– 238 іс қозғалды. Олардың барлығы 99 бап бойынша екені түсінікті. Билік бұл істерді созып қана қоймай, қаза тапқан адамдардың үстінен 269 «ғимаратты басып алу» және 272 «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» баптар бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұдан да өзге баптар бар. Бірақ бұл екі бап ең танымалдары. 10 айдан бері Талдықорғанда оққа ұшқан малшы Ерназар Қырықбаевтың ісі 451 бап «өкілеттігін асыра пайдалану» бойынша жақында ғана сотқа жетті..., – деді Төреғожина. 

 

Амнистия – саяси тығырықтан заңды жолмен шығудың тәсілі 

 

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы амнистия саяси тығырықтан заңды жолмен шығудың амалы дейді. Оның сөзінше, рақымшылық полиция қызметкерлерінің жазасын жеңілдету үшін жасалған. 

 

– Бұл заңның парламентте қаралуы саяси тығырықтан заңды жолмен шығудың тәсілі деп есептеймін. Саяси тығырық, саяси дағдарыс дейтінім, Қаңтардағы қырғын – саяси оқиға. Бұл жерде билік озбырлық жасады, күш көрсетті. Алаңға барған бірде-бір азаматтың жазығы жоқ... Погон таққандардың, мемлекеттік қызметкерлердің жазасын жеңілдетіп отыр. Соларға рақымшылық көбірек жасалып жатыр. Оларға рақымшылық жасаудың түкке керегі жоқ. Олар өз қызметтерін дұрыс атқара алмады. Қызметін асыра пайдаланды. Оқ атты. Күш қолданды. Сол үшін жауап берсін, – дейді Сәрсенбайұлы. 

 

Саясаткер Қаңтарда қылмыс жасаған биліктің өзі деп есептейді. Оның сөзінше, президент Тоқаев қорыққаннан осындай әрекетке барып отыр. 

 

– Бұл жерде ең басты қылмыс жасаған, тәртіп бұзған биліктің өзі. Адамдарды заңсыз жауапкершілікке тартқан, қылмыстық іс қозғаған тергеуші, прокурор, соттарды жауапкершілікке тарту керек. Оларды соттамаған күннің өзінде, қызметінен алып, бұл саладан аластау қажет. Сонда ғана әділдік болады. Ал мынау көзбояушылық. Тоқаев қорқып отыр. Аңғал халық ертең Тоқаевтың осы ісі үшін дауыс береді дегенге өз басым сенбеймін, – дейді Сәрсенбайұлы. 

 

Рақымшылық пен процесуалдық келісімнің айырмашылығы жоқ

 

Адвокат Жалғас Сапарханова амнистия мен процесуалдық келісімнің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ деген пікірде. Оның сөзінше, рақымшылықпен босатылған адамның биографиясында «істі болған» деген статус өмір бойына жазылып қалады. 

 

– Қазір үстінен қылмыстық іс жүріп жатқан азаматтар сотқа рақымшылық жасауды сұрап арыз түсіретін болады. Содан кейін амнистияға байланысты ісі қысқартылады. Бірақ егерде іс тергеу кезінде рақымшылыққа іліксе ол өмір бойы деректер базасында қалады. Ертең азамат соттылығы туралы анықтама алатын болса, онда «рақымшылық ақтісі бойынша қылмыстық ісі қысқартылған» деп тұрады. Рақымшылық актісін қолдануды сұраудың арты кінәсін мойындап, өкінгендігіне алып келеді. Бұның прокурормен жасалатын процесуалдық келісімшартпен пара-пар, бірдей деуге болады, – дейді Сапарханова. 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте жасаған жолдауында Қаңтар оқиғасына байланысты бір реттік рақымшылық жариялайтынын мәлімдеген. Амнистияға терроризм, экстремизм, мемлекетке сатқындық жасау, азаптау, жемқорлық, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру баптарымен айыпталғандар ілікпейді. 

 

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам көз жұмған, оның ішінде 6 адам тергеу изоляторында өлген. Көктемде Бас прокуратура әрбір қазаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Әзірге ол істердің қалай жүріп жатқаны белгісіз. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

19/10/2022 17:12
43243 0

Уведомление