Прокуратура Қанды Қаңтарда жанарынан айырылған Әбдірешовтен кешірім сұрады

«Кешірім көз жанарымды қайтара алмайды»


02/06/2023
10:35 17590 0

Фото: Ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғасы кезінде жараланып әрі азаптауға ұшырап, екі жанарынан айрылған 37 жастағы Ермек Әбдірешовтен Алматы прокуратурасы негізсіз қылмыстық қудалағаны үшін кешірім сұрады. Бұл жөніндеАзаттық радиосы құқық қорғаушы Маржан Аспандияроваға сілтеме жасап хабарлады. 

Оның сөзінше, арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Қанат Күнғожинов ресми кешірім сұрап, хабарлама жазған.

Құқық қорғаушы Аспандиярованың айтуынша, мемлекеттік орган қылмыстық іс тоқтағаннан кейін бес күннен кешіктірмей кешірім сұрауы қажет. Алайда прокуратураның ресми кешірім хаты құқық қорғаушылардың бірнеше рет сұрауынан кейін ғана мамырдың аяғында жеткен.

– Сіздің (Ермек Әбдірешовтің) үстіңізден қозғалған қылмыстық қудалау дәлелденбеуіне байланысты 2022 жылдың 8 қыркүйегінде тоқтатылды. Келтірілген материалдық, моральдық шығынның өтеуін сұрауға құқығыңыз бар. Қылмыстық процесті жүргізген органның атынан сізге келтірілген зиян үшін ресми түрде кешірім сұраймын, – делінген прокуратура хабарламасында.

Ермек Әбдірешов кешірім хаты келгенде ешқандай қуанбағанын айтады. Кешірім көз жанарымды қайтарып бере алмайды дейді. 

– Билік кінәсін мойындаса да, кешірім сұрауға асықпады. Ресми кешірім сұрады дегенде қатты қуандым дей алмаймын. Дегенмен де ақиқаттың ашылғаны көңіліңе жағады. Әрине, қанша жерден кешірім сұрап, қанша өтемақы берсе де, көрген азабым мен қазіргі жағдайымның өтеуін бере алмайды, көз жанарымды қайтара алмайды, – деді Ермек Әбдірешов.

Аспандиярова мен Әбдірешов қылмыстық қудалау кесірінен келтірілген моральдық, материалдық шығынды өндіру үшін Астанадағы ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотқа арыз жазған. Іс өндіріске қабылданған.

37 жастағы Ермек Әбдірешов былтыр 5 қаңтарда Алматыдағы дүрбелең кезінде жараланды. Дәрігерлер оң көзін алып тастаған, сол көзі тергеу изоляторында азаптаудан кейін мүлде көрмей қалған. Әбдірешовті тергеу изоляторына ауруханада жатқан жерінен арнайы жасақ күштеп алып кеткен. Оған «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылған. Ол Азаттыққа изоляторда азапталғанын айтты.

Әбдірешов тоғыз ай тергелген. Кінәсі дәлелденбеген соң, іс тоқтатылған.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, қаңтарда жазықсыз қамалып, кінәсі дәлелденбеген төрт адамнан прокуратура кешірім сұраған. Тағы төрт адамға сот өтемақы тағайындаған.

Солардың бірі семейлік Фарит Ишмухаметов өтемақы ретінде 20 миллион теңге сұраған. Сот шағымын орынды деп тапқан, бірақ 4 миллион теңге өтемақы тағайындаған.

Өскемен тұрғыны Тілеужан Сайлауұлы да Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғаны үшін мемлекет есебінен 1 миллион теңге моральдық өтемақы алды. 20 миллион теңге өтемақы талап еткен Тілеужан Сайлауұлы сот шешімімен келіспейді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

02/06/2023 10:35
17590 0

Уведомление