«Oyan, Qazaqstan» қозғалысы репрессияны тоқтатуды талап етті

Белсенділерге 2019 жылдан бері қысым тоқтамай келеді


12/05/2023
11:34 18672 0

 

«Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсенділері шынайы саяси реформа жүргізу мен репрессияны тоқтатуды талап етіп баспасөз мәслихатын өткізді. 

 

12 мамырда Адам құқықтарын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатына  белсенді, журналист Әсем Жапишева, белсенді, суретші Жанель Шахан, кәсіпкер, белсенді Бейбарыс Толымбек, экономист, белсенді Равкат Мұхтаров және құқық қорғаушы, белсенді Инга Иманбай қатысты. 

 

Әсем Жапишева «Oyan, Qazaqstan» қозғалысы 2019 жылы құрылған сәттен бастап ұйым мүшелеріне билік тарапынан түрлі қысымдар жасалғанын және оның осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқанын айтты. 

 

– Бұрын біздің дауысымызды Назарбаев пен «НұрОтан» ұрласа, қазір Тоқаев пен «Аманат» ұрлауда. Дархан мен Влада өтірік айтқан жоқ. Қазақстан тарихында бірде-бір рет ашық, әділ сайлау өткен жоқ. Біз саяси белсенділерді қудалауды, Дархан Шарипов пен Влада Ермольчеваны босатуды талап етеміз, – деді Жапишева. 

Бұдан бөлек, Әсем Жапишева күштік құрылым тарапынан бопсалау болатын айтты. Оның сөзінше, құзырлы органдар белсенділердің барлығының үстінен алдын ала іс қозғап қойған. Олар осыны көрсету арқылы белсенділерді қорқытқысы келеді. 

 

– Біздің әрқайсымыздың үстімізден іс қозғалған. Ол істер өз уақытын күтіп жатыр. Уақыты келгенде біздің үстімізден іс қозғай салады, – деді ол. 

 

Әсем Жапишеваның сөзін Жанель Шахан да растады. Оның сөзінше, полиция бөлімшесінде полицейлер камераларды аралап көрсетіп, "осында отырғың келе ме?" деп психологиялық қысым көрсеткен.  

 

– Арон Атабекке арналған акцияда мен өлең оқыдым. Осыдан кейін менің үйіме хат келді. Онда "отбасы мүшелеріңнің бірі құбыжық болады" деп жазылған. Бұл тікелей қоқан-лоқы деп есептеймін..., – деді Шахан.

 

Бұған дейін қозғалыс мүшелері Дархан Шарипов пен Влада Ермольчева «бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу заңын бұзу» бабы бойынша 15 тәулікке қамалған. Кеше, 11 мамырда Ермольчеваның қамауда аштық жариялағаны жөнінде ақпарат тарады. Ол өзіне тағылған айыппен және сот шешімімен келіспейді. 

 

Равкат Мұхтаров Дархан Шарипов пен Влада Ермольчеваның ұсталуының саяси астары бар дейді. Оның сөзінше, белсенділер сайлауға қарсы пикет өткізгенде ешқандай заң бұзбаған. 

 

– Дархан да, Влада да ешқандай заң бұзған жоқ. Олар өздерінің Конституцияда жазылған құқығын пайдаланды. Белсенділерді ұстаудың саяси астары бар деп есептеймін, – деді ол. 

 

Жиын барысында белсенді Бейбарыс Толымбек «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының құрылған сәттен бастап талап етіп келе жатқан бастамаларын қысқаша тоқталды. 

 

Біз шынайы демократиялық өзгерістерге төмендегі принциптерге сүйене отырып жетеміз:

 

1. Біз, барлық қазақстандықтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді, сондай-ақ барлық саяси қуғын-сүргіндерді тоқтатуды талап етеміз. Әр адам сөз бостандығына және өзінің жеке көзқарасын білдіруге, кез-келген ақпаратқа қол жеткізуге және оны таратуға, сондай-ақ бейбіт жиналыстарды өткізуге және бірлесу бостандығына құқылы. Бұл үшін ешбір азамат қудаланбауы, тұтқындалмауы немесе сотталмауы керек.

 

2. Конституцияны қоса алғандағы азаматтардың құқығы мен бостандығын қазіргі таңда шектейтін барлық заңдар адам құқықтарының халықаралық стандарттарына, заң үстемдігі қағидасына сәйкестендірілуі тиіс.

 

3. Биліктің бөлінуі қағидасын ұстана отырыппарламенттік республикаға өту қажет. Бұл ашық және барлық билік тармақтарының тепе-теңдігі сақталған жүйе құрудың айырылмас бөлігі. Қуатты парламент атқарушы билікті құрады және  тікелей, бір мандатты округтер арқылы сайлау өткізу арқылы жасақталады. Шексіз билікке ие президент институты жойылуы тиіс. Шамадан тыс күштің бір қолда шоғырлануы зорлық-зомбылық пен авторитаризмге алып келетіні анық.

 

4. Біз, жергілікті халықтың мүдделерін құрметтеуді қамтамасыз етуді талап етеміз. Бізге жергілікті өзін-өзі басқарудың толыққанды жүйесі қажет. Мәслихаттар мажоритарлық жүйе арқылы сайлануы тиіс және олардың өкілеттігін кеңейту керек. Барлық деңгейдегі әкімдер тікелей дауыс беру арқылы сайлануы тиіс.

 

5. Біз, бүкіл сайлау жүйесін реформалауды талап етеміз. Бұл жүйе шынайы және әділ сайлау өткізу жөніндегі халықаралық стандарттарға және демократиялық қоғамдағы міндеттемелерге сәйкес болуы керек.

 

6. Біз, сот билігінің тәуелсіздігі мен заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесін түгелдей реформалауды және президенттің судьяларды тағайындаудан бас тартуын талап етеміз. Қазылар алқасының классикалық үлгісін енгізу керек.

 

7. Полиция қоғам (бұқара) мен парламентке есеп беруі тиіс. Оның бар міндеті - заң мен тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес. Полиция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу үшін пайдаланылмауы керек.

 

8. Біз, мемлекетіміздің барлық институттары үшін тиімді басқару принциптерін енгізуді талап етеміз. Барлық билік органдарының қызметі ашық болуы қажет және қоғамға есеп беруі керек. Бұл - жемқорлықты жеңудің жалғыз жолы.

 

9. Саяси жүйені реформалау үшін, биліктің барлық тармақтарына өкілеттіліктің теңдей бөлінуі мен тәуелсіз бақылау жүйесін енгізу үшін мемлекеттің саяси құрылымының реформасы негізінде тәуелсіз комиссия құрылуы тиіс.

 

«Oyan, Qazaqstan» қозғалысы 2019 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін құрылған. Соңғы төрт жылда қозғалыс ондаған наразылық акциясын ұйымдастырды. Оның ішінде президент және парламент сайлауына қарсылық, Ресейдің Украинаға басып кіруіне наразылық бар. Ұйым белсенділері бірнеше рет ұсталып, күштік құрылым тарапынан түрлі қысымдар мен қорқытуларға ұшырады. 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/05/2023 11:34
18672 0

Уведомление