Қорғаныс министрлігі Қазақстанның бітімгер күштері Голан жотасына баруға дайын екенін мәлімдеді


20/02/2024
14:11 8400 0

Фото: Ашық дереккөзден

20 ақпанда қорғаныс министрлігі Қазақстан бітімгерлік күштері Голан жотасына баруға дайын екенін мәлімдеді.  

– Жуырда Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Голан жоталарында бөлінген жерлерді «БҰҰ бақылау күштері»(SONNR) миссиясына бітімгерлік контингентті жіберу үшін Қазақстан үкіметі мен БҰҰ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, – деп жазылған қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде. 

Жарияланған ақпаратқа қарағанда, Қазақстан контингентінің құрамында 139 жауынгер бар. Олардың міндеті – «БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес, қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау міндеттерін орындау».

Миссияны орындау үшін Қазақстан жауынгерлері БҰҰ талаптары мен стандарттарына сәйкес іріктеуден өткен. Алты айлық дайындық қорғаныс министрлігінің бітімгерлік операциялар орталығында ұйымдастырылған. Жауынгерлерді оқытуға бітімгерлік операциялар, минадан тазарту және әскери медицина орталықтарының нұсқаушылары қатысқан. 

Әскери қызметшілер ағылшын тілін, күш қолдану ережелерін, халықаралық және гуманитарлық құқық нормаларын оқыған. Бітімгерлік базаны қорғау, тосқауыл бекеттерін ұйымдастыру, патрульдеу, жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру, көмек көрсету және эвакуациялау бойынша міндеттер пысықталған.

– Контингентте жауынгерлік модульдермен жабдықталған брондалған доңғалақты машиналар, күнделікті тіршілікке қажетті жабдықтар бар. Оларды қамтамасыз етуге КамАЗ-дар, жол талғамайтын автомобильдер және инженерлік мүлік қосылған. Жаралыларды эвакуациялайтын мәшинелердің бірі оттегі аппаратымен, дефибриллятормен, дәрі-дәрмектермен және басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған, – дейді қорғаныс министрлігі. 

Бұған дейін Қазақстан билігі Голан жотасындағы бөліністі бақылайтын БҰҰ күштерінің миссиясына 430 жауынгер жіберетінін мәлімдеген. 

Голан жотасы - Израиль мен Сирия арасында жатқан жер. Ол жер 1967 жылы алты күндік соғыстан кейін Израиль бақылауына өткен. Даулы жердің басым көпшілігін Израиль ұстап отыр. Әлемнің көптеген елдері Израильдің Голан жотасын меншіктегенін мойындамайды. 2019 жылы АҚШ мойындаған.

Кейінгі 16 жылда Қазақстанның 600-ден астам жауынгері БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысқан. Қазір Қазақстанның 19 жауынгері БҰҰ-ның Ливан республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго демократиялық республикасындағы және Орталық Африка республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүр.

 

Поделиться

Нет комментариев.

20/02/2024 14:11
8400 0

Уведомление