Оралда заңгер Аслан Өтепов тергеу изоляторында аштық жариялады

Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді


22/05/2023
10:48 17779 0

Фото: Азаттық радиосы

21 мамырдан бастап «Халық жемқорлыққа қарсы» бірлестігінің жетекшісі, заңгер Аслан Өтепов «құрғақ» аштық жариялайтынын мәлімдеді. Ол өзіне қозғалған қылмыстық іске қарсы ас-судан бас тартқан. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

Заңгердің тергеу изоляторында отырып аштық жариялайтынын қоғамдық қорғаушысы болып жүрген жұбайы айтты. 

«Ресми түрде үш күн аштық жариялаймын. Бұл арызды өз еркіммен, өз қолымен жаздым, ешкім қысым жасаған жоқ. Аталған мекеме әкімшілігіне шағымым жоқ. Егер аштық нәтижесінде маған бірдеңе болса, мына адамдарды айыптауды сұраймын» деп заңгер бірнеше лауазымды тұлғаның аты-жөнін атайды. Арасында Батыс Қазақстан облысының прокуроры, облыстық сот судьясының аты-жөні бар. Өтепов сонымен бірге «трамодол королі» деген атпен танымал болған Николай Карповтың да аты-жөнін атады. 

– [Аштық жариялау туралы] шешімді өзім қабылдадым, себебі сот жүйесіне, сотқа сенбеймін. Маған қатысты әділ шешім шығаратынына сенбеймін, сол себепті аштық жариялауға мәжбүрмін, – деді Аслан Өтепов мәлімдемеде. 

Заңгер бас прокурорға қайырылып, істі жеке бақылауына алуды өтінген. Өтепов істің «бұрмаланғанын» да айтты. 

– Қазір бұл қоғамда резонанс туғызды. Оралда болып жатқан шындықты айтпас үшін мені тықсырғысы келеді, жағдай ушықпай тұрып мәселеге араласуыңызды сұраймын, –деді Өтепов. 

Аслан Өтепов – заңгер әрі «Халық жемқорлыққа қарсы» ұйымының жетекшісі. Ол «Трамадол» дәрісін рецептісіз сатуға қарсы шығып жүрген.

Былтыр 30 желтоқсанда Өтеповті жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған. Заңгер алғашқы сот отырысында «тергеу изоляторында жеке басыма қауіп төніп тұр» деп мәлімдеген. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Өтеповтің сөзін растамаған. Тергеу органдары оны «алаяқтық» және «пара беруге оқталу» баптары бойынша айыптап отыр. Өтепов тағылған айыптарға үзілді-кесілді қарсы және істің бұрмаланғанын айтады. 

17 мамыр күнгі жарыссөзде прокурор Өтеповті 7,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.  

Поделиться

Нет комментариев.

22/05/2023 10:48
17779 0

Уведомление