Олжас Сүлейменов және қайта тірілген «Қазақстан халық конгресі» партиясының тарихы

Ақын Олжас Сүлейменов жақында Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, тарих қойнауына кеткен «Қазақстан халық конгресі» партиясын қайта тірілтетінін мәлімдеді


26/05/2022
15:04 15117 0

Осыған байланысты бүгін біз ақынның биографиясы мен партияның тарихына қысқаша тоқталуды жөн көрдік. 

 

Олжас Сүлейменовтың саяси мансабы мен биографиясы

 

Олжас Сүлейменов 1936 жылы Алматыда дүниеге келген. Қоғам қайраткері, ақын, жазушы, дипломат, Қазақстанның халық жазушысы. 1954–1959 жж. Қазақ мемлекеттік университетін геолог – инженер мамандығы бойынша тәмәмдаған. 1980–1989 жж. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің президиум мүшесі, 1984–1989, 1989–1991 жж. Жоғары Кеңес депутаты болды. 

 

1989 жылы «Невада – Семей» ядролық жарылыстарға қарысы халықаралық қозғалысын құрды. 1991–1995 жж. аралығында ақын Мұхтар Шахановпен бірге «Қазақстан халық конгресі» партиясының тең төрағасы, 1994–1995 жж. ҚР Жоғары Кеңесінің депутаты, 1995–2001 жж. Қазақстанның Италиядағы елшісі қызметтерін атқарды. 

 

«Қазақстан халық конгресі» партиясының құрылу тарихы

 

Партия 1991 жылы 5 қазанда құрылды. Ақындар Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов басқарған партия өздерін либерал-демократиялық ұстанымдағы саяси күш ретінде сипаттады. Бірақ партия ұзақ жұмыс істеген жоқ. Әуелі 1993 жылы Мұхтар Шаханов тең төраға қызметінен кетіп, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметіне ауысты. 

 

Кейіннен 1994 жылы Олжас Сүлейменов билікке конструктивті оппозиция болатынын айтып, сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, 1996 жылы өтуі тиіс болған президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. Бірақ 1995 жылы партиядағы жұмысын тастап, Италияға елші болып кетті. Осыдан кейін «Қазақстан халық конгресі» партиясы саясат сахнасынан жойылды. 

 

Сүлейменов пен Шаханов партиядан неге кетті? 

 

Ақын Мұхтар Шаханов 2016 жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Қазақстан халық конгресі» партиясынан кетуін өзара келіспеушілік және Олжас Сүлейменов пен «Невада – Семей» қозғалысының қаржы мәселесіне байланысты қозғалған іспен байланыстырды. 

 

Олжас Сүлейменов партия қатарына қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғамайтын азаматтарды тарта бастағаннан кейін арамызда реніш пайда болды. Содан соң партиядан шығып кеттім. Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Олжас Сүлейменов оппозициялық райынан қайтып, билік ұсынған елшілік қызметке мойынұсынды, — дейді Шаханов.  

 

Дәл осы сұхбатта Шаханов партияның құрылтайына Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысып, баяндама жасағанын есіне алады. 

 

«Қазақстан халық конгресі» партиясы мен «Азат» қозғалысы 

 

Саясаткер Дос Көшім «Қазақстан халық конгресі» партиясы әу бастан тәуелсіз құрылым болды дегенге күмәнмен қарайды. Ол партия сол уақытта күш алып келе жатқан «Азат» қозғалысын әлсірету үшін құрылған деп есептейді. 

 

— Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі боп отырған Олжас Сүлейменовтің бірден басқа платформадағы партия құруының өзі күлкілі еді. Билік бұл ойынға Мұхтар Шахановты сәтімен пайдаланған сияқты. Оны Шахановтың өзі де аңғармауы мүмкін.

 

Халық конгресі партиясының құрылтай съезі «Азат» қозғалысының съезімен бір күнде өткізілген. «Азат» қозғалысының үлкен съезіне келгендердің біразы белгілі қос ақын құрған партия съезіне кеткен. Сөйтіп билік күшейіп келе жатқан «Азат» қозғалысын осындай әдіспен екіге бөлген, дейді Көшім.

 

Соңғы уақыттары Қазақстанда партия құрамын деушілердің қарасы көбейді. Бірақ әлі күнге дейін бірде-бір партия ресми тіркеуден өткен жоқ. Партиялардың саны көбеюдің орнына керісінше азайып жатыр. Бұған дейін елде тіркелген «Аманат», «Ақжол», «ЖСДП», «Ауыл», «Адал» және «Қазақстан халық партиясы» болса. Жақында «Адал» партиясы «Аманатқа» қосылып, саясат сахнасынан кетті. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

26/05/2022 15:04
15117 0

Уведомление