Назарбаев заң бойынша қандай статусқа ие?

Экс - президент Нұрсұлтан Назарбаевтың статусын Конституцияға енгізбек


26/04/2022
13:55 6314 0

Ата Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс тобы экс – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың статусын Конституцияға енгізуді ұсынды. 

 

— Жұмыс тобы бұл статусты заңдарға жүгінбей ақ, Конституцияның өзінде айқындау қажет деген ұйғарымға келді. Яғни, тұңғыш президент – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы. Осы статус айқындалады,  — деді топ мүшесі Ермек Әбдірасылов кеше өткен брифингте. 

 

Конституция мен заңда тұңғыш президент туралы не жазылған? Қарап көрейік.

 

Конституция бойынша елбасы мәртебесі өзгермейді

 

ҚР Конституциясының 91 бабының 2 бөлігі тұңғыш президентке арналған. Онда Назарбаевқа берілген елбасы мәртебесі өзгермейтіндігі жазылған. 

 

Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді, — делінген Ата заңда. 

 

Қызметінен кеткеннен кейін тұңғыш президентке және оның отбасына ешкім тисе алмайды

 

—Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды. Оны ұстауға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, жауап алуға немесе жеке басын тексеруге болмайды, — делінген «тұңғыш президент туралы» заңның 3 бабында. 

 

Елбасын мемлекет өмір бойы күзетеді

 

— Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Елбасын күзету ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің тиісті бөліміне жүктеледі. ҚР Тұңғыш Президентіне - Елбасына ол үнемі тұратын немесе уақытша болатын жерлерінде өмір бойы мемлекеттік күзет беріледі. Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасымен бірге тұратын немесе онымен бірге еріп жүретін отбасы мүшелеріне де мемлекеттік күзет беріледі, — делінген заңның 6 бабында.

 

Тұңғыш президент өмір бойы тегін медициналық қызмет алады және демалады

 

— Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің - Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындауды тоқтатқан күнге дейін оларға көрсетіліп келген көлемі мен түрлеріндегі тегін медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу құқығы өмір бойы сақталады, — делінген заңның 10 бабында.

 

Елбасы өмір бойы мемлекет есебінен өмір сүреді

 

Осы Конституциялық заңда көзделген шығыстарды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының қорын толықтыру мен ұстауға және оның үй-жайларын күзетуге, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын сақтауға көзделген шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тұрғын үй, медициналық, санаторий-курорттық, көліктік және өзге де қызмет көрсетуді уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді, делінген заңның 12 бабында.

 

«ҚР тұңғыш президенті – елбасы туралы» конституциялық заң 2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

26/04/2022 13:55
6314 0

Уведомление