Популярные тэги

Нағыз Америка жайлы рилстардың авторымен сұхбат

Ербол Молдажан Қазақстанда журналист болып жұмыс істеген. Қазір Нью-Йорк қаласында тұрады.


21/02/2025
11:20 227 0

Masamedia.kz коллажы


 

Бірер жыл бұрын Америкаға ата-анасын да көшіріп алды. Соңғы кездері Instagram желісінде белсенді. Аккаунты: yerbol_moldazhan. Онда АҚШ-тағы өмірді боямасыз көрсетуге тырысады. Жүк тасымалымен айналысады. Бір сөзбен айтқанда «трак» жүргізеді. Одан бөлек, Ербол – марафоншы. Марат Жыланбаевты қолдап, күнделікті жүгіреді.

 


 

- Ербол, Қазақстанда журналист болып жүріп, Америкаға қалай тап болдың? Өзің ғана емес, әулетіңді көшіріп алдың...

 

- 2019 жылы отбасыммен Нью Йоркта 4-5 ай өмір сүрдім.  Оның алдында университет бітіріп, «Massaget» порталында 5 жыл жұмыс істедім. Контент менеджер, бас редактор болдым. Студент  кезде Түркияда жарты жыл оқып, Ресейде бір жыл магистратурада оқығаным бар. 2019 жылы 10 жылға туристік виза алып, Америкаға  келдім. Сол жолы ұзақ мерзімге қалғым келген, бірақ құжатты реттеудің ыңғайы келмеді. Саяси баспана сұрау арқылы қалатындай жолдары болды,  бірақ мен оны тапсырмадым. Елге қайтып кеттім. Елде журналист ретінде жұмысымды жалғастырдым.  

 

Кейін 2021 жылы қайта келдім. Бұл жолы қысқа мерзімге келгем, бірақ, бір күні Америка нарығында өзімді маман ретінде ұсынуға болатын, сол арқылы жұмысқа рұқсат алып, грин карта, біздегі ЖСН сияқты жергілікті адамға керекті күллі құжаттарды алуға болатын бағдарлама таптым. Содан кейін балам мен әйелімді көшіріп алдым. Біз бір жарым жыл өмір сүргеннен кейін ата-анамыз келді. Ол кісілер ауылда тұрды. Өзің Америкада жүріп, ата-анаң ауылда болғанда уайымдап тұрасың. Ауылда жұмыс көп, білесіз ғой. Оған қоса ата-анама әлемді аралатам деген арманым болатын. Ол кісілер грин картаға тапсырды, анама, әкеме, екі кәмелет жасқа толмаған қарындастарыма бірден берілді.

 

- Үлкен кісілер үйреніп кетті ме, неден қиналады?

 

- Ата-анам қазір үйреніп кетті. Бір жарым жыл болды. Негізі басында көнгілері келмеген. Оған тұңғыш немерелері Мағжан біздің қасымызда, немерелерін сағынып, ақыры келді ғой. Екінші жағынан, қарындастарым жоғары мектепті жақсы аяқтаса, Америка университеттеріне түсуге жол ашылатынын түсіндіріп, көндірдім. Басында тілден қиналды. Достарын сағынып жүрді. Әкем лезде куәлік алып, көлік жүргізіп, табыс таба бастады. Ал анам өзінің мамандығы бойынша, тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа тұрып, әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді.

 

- Елден кетуге түрткі болған не еді?

 

- Өзіміздің жеке шешіміміз, ешкім елден кет деген жоқ. Мәселе қаражатқа тіреледі. Сол кезде нарықтағы өлшеммен жап-жақсы жалақы алатын едім. Ол күнделікті өмірге жеткенімен, болашақта үй, көлік алам дегенді жоспарлау қиынға соқты. Балам өсіп келе жатқан соң, оларды да ойлайсың. Ал Америкада ерінбей жұмыс істесең, отыз жыл төлеп алатын ипотеканың ақшасын екі жылда табасың деген ақпарат тарады. Соған ұмтылдым. Көзім жетті де. Бірақ төзім керек.

 

- Соңғы кезде рилс түсіруді жиілеттің. Ол не үшін керек? Уақыт алады, басқа да  ресурс кетеді. Әлде блогер болуды көздейсің бе?

 

- Негізі блогер болсам деген ой жоқ. Бұрыннан журналистикада жұмыс істеген соң, ақпаратты бөлісіп, видео, фото түсіру қызық. Бірақ соңғы кездері жүйелі түрде қолға алуға кей нәрселер түрткі болды. Американы біз не қатты мақтап, не қатты даттап  кетеміз. Ортасы жоқ. Америкада ақша деген шашылып жатыр деген түсінік қалыптасқан. Бірақ ақша оңайлықпен келмейді.

 

Арнайы құжаттар керек, ағылшын білу маңызды. Бұл жақтың қиындығына төтеп бере алмаған адамдар бар. Келем деушілер шынайы ақпарат алса, ақ-қараны ажырата алса деген ой болды. Сол үшін мұндағы тіршілікті көрсетіп, қиындығын да айтып отырғым келеді.  Өйткені, байқайғанымдай кейбір адамдар бір жыл ішінде алған жақсы айлығын айтады, бірақ барлық айда дәл олай болмауы мүмкін. 

 

- Америка мүмкіндіктер елі деген рас па?

 

- Иа, рас. Әлемдегі бірінші экономика.  Бұл жерде орташа жалақы жоғары, демек, өмір сүру де қымбат, бірақ аянбай жұмыс істесең, кәсіптің көзің тапсаң, онда бүкіл шығындарды  жапқаннан кейін де, қалған ақшаға жақсы өмір сүре аласың. Мысалы, жылына 2-3 рет саяхаттап, қалаған киіміңді киіп, инвестиция жасап, басыңа баспана алып, кішкене кеңірек тыныстап өмір сүруге болады. Бірден көп ақша тауып кетпесең де, Американың білімін алуға ұмтылып, осы қоғамдағы білікті маманға айналғаннан кейін,  карьера жасап, қажетті қаражатқа қол жеткізуге болады.

 

Енді мүмкіндіктер көп, әртүрлі кейстерді көресіз. 200-500 доллармен келіп, миллион долларлық компания құрған адамдар да бар. Басқалар емес, өзіміздің қазақтар. Ол адамның қабілетіне, білім деңгейіне, ағылшын тілін қаншалықты білетініне, пысықтығына, жалпы бэграундына байланысты деп ойлаймын.

 

- Өзіңе ақыл сұрап хабарласатындар көп шығар. Гайд әлде бір ақпараттарды жинақтап, сатқың келмей ме?

 

- Әзірге ешқандай гайд жасап, сататын ойым жоқ. Иә, дайректке көп жазады. Жеке-жеке жауап беруге тырысамын. Кейде бір сұрақ жиі-жиі қайталанып жатса, рилс немесе пост арқылы жауап берем. Шамам келгенше көбірек ақпарат бергім келеді.  Бір байқағаным қаңтар оқиғасынан кейін хабарласатындар көбейді. Америкаға келгісі келетіндер толқыны күрт артты. Соңғы жылдары да көбейіп жатыр. Әсіресе, мені таңқалдырғаны әскери жігіттер көп жазатын болды. Біз уақытша жұмыс істеп, баспана алу үшін ғана келеді деп ойлаймыз ғой. Бірақ, үйі бар кісілер де жазып жүр. «Мен шаршадым, үйімді сатып, сол жаққа барып жұмыс істегім келеді. Балалардың болашағына алаңдаймын» деген секілді әңгімелер көп айтылады.

 

- Америкаға бет алған адам білуі керек ең басты нәрселерді атасаң?

 

- Америкаға бет алған адам білуі керек басты пункттер ретінде ойыма не келіп тұр, соны айтып көрейін.

Біріншіден, өзіңе не керегін анық білу. Мұны 1-2 айда түсінбеуің мүмкін. Бірақ неғұрлым ойыңды, бағытыңды ерте анықтасаң соғұрым жақсы. Мысалы, 1-2 жылда Қазақстанға қайтам десең, онда тіршілігің басқа бағытта жүреді. Немесе, 4-5 жылда қайтам, 1-2 пәтер алам, көлік алам дейтіндер бар. Жалақыға жұмыс істегім келмейді, бизнес жасаймын деп келетіндер бөлек. Америкадағы университеттерден білім алып, халықаралық стандартқа сай маман болам деген сияқты жоспар құрып алған жақсы. Өйткені, менің бірнеше ай басым қатып жүрді. Елге қайтам ба, қалам ба, не істеймін деген секілді. Екі ойлы, бір аяғың Қазақстанда, бір аяғың Америкада жүрген кезде ми дұрыс жұмыс істемейді. Фокус жоқ, энергияң ойлануға, артық-тыртық нәрселерге кетеді. Мен алдағы 5-10 жыл Америкадан еш жерге қозғалмаймын, осы шаруаларды бітірмей ешқайда бармаймын деген сияқты нақты жоспар құрғаннан кейін ғана жаным тынышталды.

 

Екіншіден, ағылшын тілі.  Мүмкін мұны бірінші деп айтуға да болатын шығар. Тіл білмей, келіп үйренем деген бос сөз. Ағылшын тілі міндетті түрде керек. Егер ешқандай фундамент болмаса, үйрене алмайсың. Бір ауыз сөз түсінбесең, амарикалықтармен жұмыс істеу мүмкін емес. Содан қазақтар мен орыстардың арасына барасың. Ол жерде жалақың аз болады.  Күнде жұмыс істегендіктен сабақ оқитын мүмкіндігің болмайды. Сондықтан,  ағылшын тілін кемінде Intermediate, Upper-Intermediate  деңгейінде біліп алғаныңыз жөн болады.

 

Үшіншіден,  ментальды, психологиялық төзімділік. Өзіңді әбден шынықтырып келуің керек деп ойлаймын. Егер жұбайыңыз болса, әңгімені пісіріп, бір-біріңді тануға тырысу. Тіпті, психологқа баруға болады. Өйткені, әр адамның табиғаты әртүрлі. Әйелі мен күйеуі екі түрлі ойлауы мүмкін. Сен жаңа елге үйрене алмай жатқанда, бір біріңді түсіне алмай жүрсең ол да, жүктің үстіне жүк болады. Оны не үшін айтып отырмын, себебі, маған көп қыздар әйелдер жазады. «Менің де барғым келеді, бірақ күйеуімнің барғысы келмейді. Соған мотивация бере аласыз ба, бірдеңе айта аласыз ба» деген секілді месседжбен. Мен ешкімнің отбасына кіріскім келмейді. Өздеріңіз шешіңіздер деймін. Араларында келіспеушілік болса, отбасын Америкаға сүйреп әкелсе, оның мойынындағы жауапкершілік жүгі ауырлайды. Қит етсе, кінәлі болады. Сол себепті, отбасы мүшелері әңгіменің басын ашып, бұл болашағымыз үшін, білім үшін, ақша үшін тағасын тағы деген сияқты қадамдарды анықтап алғаны дұрыс. Өйткені, Америкаға келіп, жақынымен ренжісіп, екі жаққа кетіп қалып жатса ауыр болады.

 

Төртіншіден, ол - уақыт. Төзімділік. Мысалы, бизнес ашқан, үлкен жетістікке жеткен адамдардың өміріне қарасаң  барлығы уақыт өте келеді. Құжат жасап, айналаңа қарап, үйленем, үйренем деп қалыптасқанша, ақша көзін тапқанша, 1-1,5 жыл өтіп кетеді. Алғашқы тапқан ақшаны құжаттарды реттеуге адвокатқа бересің, баспанаға бересің. Тіл үйренесің, жаңа ортаға түсесің, әртүрлі салада жұмыс істеп, тәжірибе жинап, нарықты зерттейсің. Өзіңді тауып, үлкен бір кәсіп ашқанша немесе халықаралық стандартқа сай, кәсіби маманға айналғанша уақыт керек болады. Соны о бастан түсініп, бұл «long term game» дейді ғой, сол сияқты ұзақ уақытты талап ететін ойын екенін түсіну.

 

- Өзің марафоншысың, иә? Марат Жыланбаевты қолдап жүгіріп жүргеніңе қанша уақыт болды? Ол кісіні жақын танушы ме едің?

- Ол кісі өткен жылы екі бірдей марафон жүгірді. Чикаго және  Нью Йорк марафондарында  42 км жүгірген. Оны қолдап жүргеніме 447 күн (19 ақпан-ред.) болды. Марат Жыланбаевқа туыстық қатынасым жоқ. Жиырмасыншы жылдың аяғында жүгіруге қызығып, енді бастағанда, о кісі Алматыға келіп, 12 сабақтан тұратын бір айлық дәріс берді. 0 км-ден 10 км-ге дейін жүгіруді және жалпы техникасын үйретті. Сөйтіп, бір топ адам жазылды, мен де соның ішінде болдым. Аптасына үш рет жүгіріп, өзінен тәлім-тәжірибе алдық. Ол кезде біз кәдімгі шәкірт пен ұстаз ретінде араластық. Өзінің орнатқан рекордтары, тағы да басқа қиындықтар, бүкіл  өмірін сөзбе-сөз өз аузынан естіген қызық болды. Үлкен мотивация алдым. Жаттығуды таңғы беске қоятын, кешікпей тұрып, жүгіріп жүретінбіз. Сондай бір тәртіпке, ерік-жігерімізге әсер етті деп ойлаймын. Кей жігіттер таңертең тұра алмай жатса, «жүгіргім келеді бірақ таңғы бесте тұра алмаймын» десе, ол кісі «бұл бос сөз, жалқаулығыңды ондай сылтаумен бүркемелеме» деп айтатын. Не үшін қолдадым деген сұраққа келсек, журналист болғаннан кейін, елдегі жағдайды бақылап отырамыз.

 

Саяси белсенділер бірінен кейін бірі тұтқындалып жатқан кезде, жаным ашыса да, ол менен бір алыста болып жатқа дүние секілді көрінетін. Ал Марат Жыланбаевтың жағдайына келгенде, алғашқы тренерімді бас бостандығынан жеті жылға айырып тастады. Оның жағдайы жабық сотта, анық-қанығы белгісіз жағдайда өтті. Әділетсіз көрінді. Бұл «науқан» маған да жақындаған секілді бір сезім болды, бұл жолы айтпағанда қашан айтамыз деп ойладым. Ертең туысың не тағы да біреу осындай жағдайға тап болса, біз ештеңе істей алмайды екенбіз ғой деген ой келді.  Көшеге шығуға, басқа да әрекеттерге шақырып жүргенім жоқ. Мақсатым, бейбіт түрде бұл оқиғаға назар аудару, мұнымен келіспейтінімді, азаматтық ұстанымымды білдірудің жолы. «Бостандық» деп жазып алып, жеті жыл түрмеде отырса, жеті жыл жүгіремін деп айтқанмын. Бір жағынан қолдау, бір жағынан әділетсіздікке келіспейтіндігім. Американың небір әдемі жерлерінде жүгіріп, суретке түсіріп, күнделікке жазып отырамын. Не үшін десеңіз, адамды бостандығынан айырған кезде біз оны қандай ғажап мүмкіндіктерден қағатынымызды жеткізу. Ол кісі еркіндікте болса, күнде жүгіруші еді. 

 

- Америкада орташа өмір сүру үшін айлық табыс қанша доллар болуы керек?

 

- Бұл шығынға байланысты. Сіз 10 000 доллар тауып, 8000 жұмсап,  2000 қалдыруыңыз мүмкін. Немесе, 6000 доллар тауып, 2000 доллар жұмсап,  4000 доллар қорға аударуыңыз мүмкін. Мұндай адам ұтады деген сөз. Отбасының шығынына тікелей байланысты. Тұрып жатқан қаласына да. Орташа алсақ, менің ойымша, 10 000 доллар бір отбасыға жаман емес. Екі баласы бар отбасына осының жартысы кетсе, жартысы жинаққа қалады. Ал ондай ақшаны табу үшін ерік-жігер керек. Тіл дамытып, жаңа бір кәсіп меңгеріп жатса, ол адамның өзі 8000 таба алады. Компанияға кірсе, кәсіп бастап кетсе, одан да көп таба алады. Енді Америкада орташа жалақы шамамен 60 000 доллар. Егер бір үйде екі адам жылына 70 000-80 000 доллар тапса, ол жаман емес.

 

- Трамптың заңсыз мигранттарды қудалауына біздің қазақтар ілігіп кетпей ме? Заңсыз жүрген қазақтар көп пе?

 

- Мен енді оны нақты өзім көрмедім, естімедім. Трамп сайлау алды насихатында айтқанын жүзеге асып жатыр. Әсіресе, қылмыс жасағандарды, заңсыз өткендерді көбірек шығарды. Қазақтарды нақты естімедім. Бірақ қырғыз жігіттерді, қыздарды иммиграция департаментіне шақырып жатыр дегенді құлағым шалды. Немесе үйлеріне келіп, есік қаққандарын айтады. Ол жерде қазақ, қырғыз, мексикалық деп бөлмейді. Өзі заңды түрде ұшақпен ұшып келіп, виза арқылы өткен адам ба? Әлде, Мексика арқылы шекараны бұзып өткен бе? Оның барлығы анкетада тұрады ғой. Соған қарайды деп ойлаймын. Егер заңсыз жүрсе, онда олар кім екеніне қарамай қайтарады. Біраз адам Мексика шекарасын бұзып өтті. Оның статистикасын жасап жатқан ешкім жоқ. Жаңалықтарға, айналаға, басқаға қарағанда, біршама қазақ осы жол арқылы өтті. Бұл тақырыпқа 2-3 рилс арнап, Мексика арқылы келмеу туралы айтып бақтым. Мексика арқылы келем деп, жолда қаза болған адамдар көп. Олардың ішінде қазақтар да бар. Қазір енді ол жолды Трамп жауып тастады.

 

- Қазақстанға қайтқың келмей ме? Соңғы рет елде қашан болдың?

 

- Қазақстанға достар мен туыстарды көруге қыдырып барғым келеді. Бірақ біржола көшіп бармаймын әзірге. Осы Америкамен байланысты құрған жоспарым бар. Құдай қаласа соны жүзеге асырғаннан кейін бірақ оралғым келеді. Елде бір жыл бұрын болдым. Ата-анам грин карта ұтқаннан кейін, әңгімелесуден өткен кезде жандарында болып, қолдағаным бар. Биыл да елге барып, туған жерде аунап- қунып қайтсам деймін...

Поделиться

Нет комментариев.

21/02/2025 11:20
227 0

Уведомление