N72 тергеу изоляторындағы аштық: Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жауап берді

Комитет наразылардың қандай талап қойғанын айтпады


26/07/2023
12:46 16041 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Алматы қаласындағы N72 тергеу изоляторындағы «әйелдердің аштық жариялауы» туралы ақпаратқа байланысты түсініктеме берді. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алды» деп 4 жылға сотталған журналист, белсенді Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдархан өзі қорғап отырған белсендінің сөзіне сүйеніп, изоляторда әйелдердің аштық жариялағанын Facebook парақшасына жазған. 

 

– Алматы қаласының тергеу изоляторында қамалғандардың бірі мекемеге аштық жариялайтыны жөнінде арыз тапсырды. Бірақ ауруы асқынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – делінген комитеттің Азаттық радиосына берген жауабында.

 

Бірақ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «аштық жариялағандар қандай талап қойып отыр?» деген сұраққа жауап бермеген. 

 

25 шілдеде адвокат Айнара Айдархан Facebook парақшасында изоляторда аштық жариялаған әйелдер қамау орнындағы жағдайға наразы, әділ тергеу мен сот шешімін талап етуде деп жазған. Наразылардың бірі былтыр қарашада «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, билікті басып алуды жоспарлады» деп күдікпен ұсталған Бағдагүл Андреева (Қалиасқарова).

 

– Әйелдер жетекшілікке арыз жазған, себебі оларды басқалардан бөлек ұстауы керек. Бірақ 72 әйел ортақ камерада отыр, олардың құқығы бұзылып жатыр. Әйгеріммен бір камерада отырған әйелдердің ішінде біреуінің астмасы асқынған, екіншісінде эпилепсия бар. Әйгерім айғайлап көмек шақырмағанда олардың жағдайы қиын болар еді. Белгілі бір ауруы бар адамдарды арнайы камерада дәрігердің бақылауында ұстау керек деп жазғанадвокат.

 

Әйгерім Тілеужан 1шілдеде Қаңтар оқиғасы кезінде «Алматы әуежайын басып алмақ болды» деп айыпталып, 4жылға сотталған. Одан өзге іс бойынша 4 адам 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сотталушылардың ешқайсысы өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Соңғы сөзінде Әйгерім Тілеужан істің саяси тапсырыс екенін айтқан. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Айыпталушылар апелляциялық сотқа шағым түсірген. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

26/07/2023 12:46
16041 0

Уведомление