Мойындау, кешірім, келісім: Талдықорғандағы «үтікпен азаптау» ісінің жай-жапсары
Мына жерде мен таныған басқа қызметкерлер жоқ
Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды «азаптады» деп айыпталған бес полицейдің соты жалғасуда.
13 қаңтарда өткен сот отырысында жәбірленушілер Ұлықбек Сапарғали, Елнұр Тұрахметов, Дәурен Аитов, Арман Теңізбаев және Жансерік Тұралықов (адамдарды «үтік басып азаптады» деп айыпталған) күдікті Айдын Кенжебаевқа кешірім беретіндерін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрап, судья Бекмұрат Дүйсенбековке өтініш хатты түсірді.
– Құрметті суья! Мен Ұлықбек Сапарғали Айдын Кенжебаевты кешіремін. Оған қояр талабым жоқ. Оны бас бостандығынан айырмауды сұраймын, – деді Cапарғали сот залында.
Дәурен Аитовтан басқа жәбірленушілердің барлығы өтініш хаттарын өздері тапсырды. Оның хатын судьяға Айдын Кенжебаевтың әйелі ұсынды. Аитов оны онлайн режимде растады.
Кенжебаевқа кешірім берген жәбірленуші Жансерік Тұралықов Masa Media тілшісіне не үшін кешірім бергенін былай деп түсіндірді:
– Менің тілеуім ондай адамдар полицияда қызмет істемеуі тиіс. Ол кінәсін мойындап, кешірім сұрап тұр. Өздері денсаулығымды барлығын қалпына келтіріп, реттеп жатыр. Мен нақты Айдын Кенжебаевқа кешірім бердім. Кінәсін мойындады, болды. Біз бұл жерде ешқандай өтірік айтпадық. Қалғандары өздері қырсығып, ерегесіп жүр, – деді ол.
Ол сот ісінде өзін азаптаған басқа полицейлердің жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, тісін жұлған адамды да, оған куә адамды да өзі іздеп тапқан. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай іс қозғалмаған.
– Мына жерде мен таныған басқа қызметкерлер жоқ. Менің дәлелім барлығы бар. Бірақ оларды мына жерге алып келмейді. Не үшін екенін білмеймін. Тісімді жұлған адамды, оған куәні тауып алдым. Тісімді жұлған СОБР қызметкері. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне барлығын жазып бердім. Іс қозғап жатырмыз дейді, бірақ мен оны білмеймін. Алдыма ешкім келген жоқ, – деді Тұралықов.
Сот барысында күдікті Алмас Боқанов судьяға процесуалдық келісімге келу туралы өтініш хатын тапсырды.Прокурор Ажар Нұрланова өтінішті ашық қалдыруды сұрады.
Бұған дейінгі сот процесінде күдікті Айдын Кенжебаев та өзіне тағылған айыптардың барлығын мойындап, тергеумен процесуалдық келісімге келуге өтініш білдірген. Бірақ бүгінгі сотта прокурор Ажар Нұрланова оның өтініші қанағаттандырылмағанын айтты.
Талдықорғанда «азаптау» ісі бойынша бес полиция қызметкері күдікті, 23 адам жәбірленуші деп танылған.
Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Қазір олардың өліміне қатысты бірқатар іс «күдіктілер анықталмады», «дәлел жеткіліксіз» деген желеумен тоқтатылған.
Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Қаңтар оқиғасы кезінде 10 мыңнан астам адам ұсталып, оның 70 пайызы азапталған. Бұл істердің де басым көпшілігі тоқтатылған.
.
Нет комментариев.