Министр Балаева қамаудағы журналист Мұхаммедкәрімді «саяси тұтқын» деп есептемейді


21/02/2024
12:09 8433 0

Фото: Азаттық радиосы

 

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Думан Мұхаммедкәрімді саяси тұтқын деп танып, Қазақстан билігінен оны босатуды талап еткен халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының мәлімдемесімен келіспейді. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

 

20 ақпанда сенат отырысынан кейін Азаттық радиосының тілшісі Аида Балаеваға қамауда отырған тәуелсіз журналист Думан Мұхаммедкәрімге байланысты Human Rights Watch ұйымының мәлімдемесі жөнінде сұрақ қойған. Оған министрі «Қазір соты болып жатыр. Оған араласа алмаймыз» деп жауап берген. 

 

«Халықаралық құқық қорғау ұйымы Думан Мұхаммедкәрімді саяси тұтқын деп есептеп, бостандыққа шығаруға шақырды» деген тілші сұрағына«Мен ол пікірмен келіспеймін» деп жауап берген. 

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «БҰЛ СОТ – ЦИРК»: ЖУРНАЛИСТ МҰХАММЕДКӘРІМНІҢ СОТЫ ДАУМЕН БАСТАЛДЫ

 

Өткен аптада халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімге "экстремизм" бабы бойынша негізсіз айып тағылып отыр деп, Қазақстан билігін журналисті бостандыққа шығаруға шақырған.

 

«Не дейді» YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Журналист 2023 жылдың маусым айынан бері қамауда отыр. 

 

8 ақпанда халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Думан Мұхаммедкәрімге «экстремизм» бойынша негізсіз айып тағылып отырғанын алға тартып, Қазақстан билігін журналистке тағылған айыптарды алып тастап, өзін босатуға үндеді.

 

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» қатарына қосқан.

 

 

1ақпанда Қонаев қаласында Думан Мұхаммедкәрімнің алғашқы сот процесі даумен басталған. Алдын ала сот тыңдауына барған БАҚ өкілдері мен журналистің жақтастары сот залына кіргізбеген. Журналистер сотты өзге залдан, монитор арқылы бақылаған. Айыптаушы прокурор «қауіпсіздігіне алаңдаған» куәнің өтініші бойынша істі жабық өткізуді сұрап, сот оны қанағаттандырған. Қорғау тарапы оған қарсы шығып, Думанның өзі сотты циркке теңеген. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

21/02/2024 12:09
8433 0

Уведомление