Маңғыстауда мұнайшылар мен белсенділер Әмин Елеусіновті босатуды талап етті


09/11/2023
16:31 12319 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Маңғыстауда мұнайшылар мен белсенділер 15 тәулікке қамалған тәуелсіз кәсіподақ көшбасшысы Әмин Елеусіновті босатуды талап етті. Ол 7 қарашада «заңсыз митинг ұйымдастырмақ болды» деп ұсталып, 15 тәулікке қамалған. Оған «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша айып тағылған. 

 

Наразылыққа шыққан жаңаөзендік белсенділер Елексіновті кінәсіз деп есептейді. Олардың сөзінше, тәуелсіз кәсіподақ лидері халықтың мұң-мұқтажын айтқаны үшін жазықсыз қамалған. 

 

– Отын-энергетика салалық кешендік кәсіподақ кеңесшісі Әмин ағамыз халықтың мұң- мұқтажын жергілікті билікке жеткізгені үшін 15 тәулікке қамалған болатын. Бұл жасалған әрекет Конституцияның 32-бабына қайшы. Осыған байланысты өз наразылығымызды білдіріп, үндеу жолдап отырмыз. Тез арада заңсыз әрекет тоқтатылып, Әмин ағамыз босатылып, әділдік орнатуды талап етеміз. Елеусіновті босатпаса, заңда көрсетілген барлық мүмкіндікті пайдаланып, әрекет етеміз, – деді үндеуді оқыған білсенділердің бірі.

 

Белсенділер билікке талаптарын алдағы уақытта жазбаша түрде тапсырмақ. Әзірге жергілікті билік наразылыққа ешқандай реакция танытқан жоқ. 

 

Ақпарат бойынша, 7 қарашада Ақтау қаласының әкімдігіне тұрғындар жұмыссыздық мәселесіне байланысты бармақ болған. Ол жаққа Әмин Елеусінов те бару керек болған. Бірақ оны полиция ұстап, кейіннен сот 15 тәулікке қамауға шешім шығарған. 

 

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 7 қарашада Ақтаудағы 12- ықшам ауданға алаңға 15-ке жуық адам жиналған. Олардың кейбірі полицияға жеткізіліп, «профилактикалық әңгіме» жүргізілген. 

 

Әмин Елеусінов Қазақстанда сот шешімімен жабылған тәуелсіз кәсіподақ көшбасшыларының бірі ретінде танылған. 

 

2022 жылдың қаңтар айының басында Жаңаөзен мен Ақтауда сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы өткен бейбіт наразылық кезінде 62 жастағы Әмин Елеусінов наразылықтың бейресми жетекшісі ретінде көзге түскен. Куәгерлердің айтуынша, 6 қаңтарда депутаттар Еділ Жаңбыршин және Самат Мұсабаевпен кездесуден қайтып келе жатқанда белгісіз біреулер оны көлікке күштеп отырғызып, басына дорба кигізіп алып кеткен. Бір күннен кейін ғана босатылған. Кейін мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елге қатер төнгенін айтып, бейбіт митингіге қатысушыларды тарауға шақырды.

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

09/11/2023 16:31
12319 0

Уведомление