«Махаббат, қызық мол жылдар»: Әйелді өз автономиясы жоқ объект ретінде қарастырудан арылуымыз керек

Сексистік сөйлемі мен моралы көп роман не себепті өтімді?


04/05/2023
18:04 4838 0

Танымал кітап дүкендерінің сөрелеріне көз салған сәтте «Махаббат, қызық мол жылдар» романының өтімді екенін байқаймыз. Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасында екі жастың махаббаты туралы баяндалады. 

Соғыстан аман оралған жас солдаттың өзгеше өмірі мен оқшау ойлары шығарма желісі арқылы дамып отырады. Бұл романның жазылғанына жарты ғасырға жуықтаса да жастар арасында танымалдығы мен өтімділігі өзгерген жоқ. 

Осы шығармада «Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды» деген секілді сексизмге толы сөйлемдер бар. 

Романда «Қыздарға кеңес» деген жеке тармақ бар. Осындай сексистік сөйлемдері мен моралы көп романның осы уақытта да өтімді болуының басты себебі не? Бүгін біз романды әртүрлі призма арқылы қарастырамыз. 

Шығармадағы «Қыздарға кеңес» деген жеке тармақта қыздарға осындай ақыл-кеңестер айтылады; 

1.    Ешқашан ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.

2.    Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағыңды жоясың.

3.    Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.

4.    Қызға қатты күлудің қажеті жоқ. Жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.

5.    Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.

6.    Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.

Осы тармақ туралы продюсер, сценарист Перизат Мырзахмет: «Бұл құндылықтардың барлығы да жалпы адамзаттық құндылықтар емес пе?», – деген пікір білдірді.

– «Махаббат, қызық мол жылдар» романы алғаш оқығаннан-ақ ұнамады. Басты себеп – Меңтайдың ағамның аманаты деп тұрмысқа шығуы, Ерболдан осы үшін кешірім сұрауы, ақылдың тек қана қызға айтылуы. «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббатты эталон көретін жастар бар. Бұл – махаббат емес, бұл травмасы көп адамдардың махаббат туралы әңгімесі ғана. Романда Меңтай «Сені ағаң соғыста жүрген сәтте аманат етіп тапсырған» деген ер адамға тұрмысқа шығады. Бұл дұрыс па? «Махаббат, қызық мол жылдар» романы әдеби шығарма ретінде, тіл ретінде, стиль ретінде жақсы роман шығар, бірақ бұл шығарманыңқозғағанпроблемасы ұнамайды. Ал жалпы жастар осындай шығармаларға құмар, өйткені альтернатива аз, тіпті жоқ, – дейді продюсер.

Романдағы «Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды» деген сөйлем туралы фембике Әйгерім Құсайынқызы: 

– Біз ең біріншіден «Бұл шығарма қашан жазылды?», «Бұл шығарманы кім жазды?» және «Шығарманың негізгі мақсаты қандай?» деген сұрақтарға көңіл аударуымыз керек. Біріншіден, Әзілхан Нұршайықов соғысқа қатысқан майдангер жазушы. Екіншіден, бұл шығарма 1970 жылы жазылды. Бұл роман Эрнест Хемингуэй, Фрэнсис Скотт Фицджеральд деген секілді «Жоғалған ұрпақ» өкілдерінің кезеңімен сәйкес келген романдардың бірі деп айтуға болады. Яғни, бұл романдарға қазіргі феминистік призмамен қарайтын болсақ, картина сәл өзгеше болады, – деген ой айтады.

– Бұл шығарманың басты мақсаты соғыстан кейінгі ұрпақты өз дәстүріне қайта оралту, отбасы құндылықтарын еске түсіру. Себебі, 1960-1970 жылдары қазақ қаласындағы, қазақ тіліндегі қауымдастықтың арасында дағдарыс болғандықтан бұл шығармадағы Әзілхан Нұршайықовтың да негізгі мақсаты – қазақ әдебиеті арқылы, қазақ отбасыларының құндылығы арқылы, махаббатты романтизациялау арқылы сол сәттегі жігіттердің стандарттарына сай келетін, қазіргі көзқараспен қарағанда құрбан болып көрінетін Меңтай бейнесін қалыптастыру. Әйелдердің сексуализациясы, денесін заттандыру, «әйелдің негізгі мақсаты – ана болу», «әйелдің негізгі мақсаты – еркекке муза болу», «әйелдің негізгі мақсаты – еркектің ләззатын қандыру» деген сияқты призма тек қана Әзілхан Нұршайықовқа ғана емес, сол уақыттағы жалпы әдебиетке тән құбылыс екенін ескеруіміз керек. Біз бұл шығарманы сынаған сәтте не өзгереді? Мысалы, қазіргі феминистік көзқараспен бүкіл музейдегі Джаконданың картиналарын алып тастай алмаймыз. Біз сынау арқылы қазіргілерге ескертеміз. XXI ғасырдағы қазақ прозасын  жазатын авторлар да әйел тәнін заттандырмау керек, әйелді еркекті толықтырушы құрал қылмау керек, әйелді еркекке қызмет етуші, қазаққа бала тууға арналған қосымша, толық емес, өз автономиясы жоқ, өзі шешім шығара алмайтын объект ретінде қараудан арылуымыз керек, – дейді Құсайынқызы.

 

Автор: Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

Поделиться

Нет комментариев.

04/05/2023 18:04
4838 0

Уведомление